Илон Маск әлемдегі алғашқы триллионер атанды
Америкалық кәсіпкер, Tesla мен SpaceX компанияларының негізін қалаушы Elon Musk әлем тарихындағы алғашқы триллионер атанды. SpaceX компаниясының IPO нәтижесінде 75 миллиард доллар инвестиция тартуы оның байлығын 1,1 триллион доллардан асырып, жаңа қаржылық рекорд орнатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.Америкалық миллиардер әрі технологиялық кәсіпкер Elon Musk әлемдегі алғашқы триллионер ретінде тарихқа енді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, оның байлығы SpaceX компаниясының қор нарығына шығуынан кейін 1,1 триллион доллардан (535,447 триллион теңге) асты.
SpaceX алғашқы жария акция орналастыруы (IPO) барысында 75 миллиард доллар көлемінде инвестиция тартты. Бұған дейін Forbes журналы Масктың жеке капиталын шамамен 780 миллиард доллар (379,7 триллион теңге) деп бағалаған еді. IPO-дан кейін оның SpaceX-тегі үлесінің құны 866 миллиард долларға (422 триллион теңге) жетті.
Масктың байлығы тек SpaceX-пен шектелмейді. Оның активтеріне Tesla, X, Neuralink және The Boring Company кіреді.
Сарапшылар Масктың ықпалы автомобиль өндірісі, ғарыш индустриясы, жасанды интеллект және әлеуметтік медиа салаларын қамтитынын айтады. Соған қарамастан, оның компаниялары корпоративтік басқару, акционерлердің құқықтары және саяси белсенділігіне байланысты сынға да жиі ұшырап келеді.
Дегенмен инвесторлар Масктың батыл идеяларды табысты бизнеске айналдыру қабілетіне сенім білдіруде. Осы сенімнің арқасында оның компанияларының нарықтық құны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп, Маскты адамзат тарихындағы алғашқы ресми триллионерге айналдырды.
Ақпарат көзі: stan.kz
Фото: ALI HAIDER / TASS









