Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘМС: Жеке кәсіпкерлер жарнаны қалай төлейді?

МӘМС: Жеке кәсіпкерлер жарнаны қалай төлейді?

Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын тұлғалар МӘМС-ке табыс көлеміне қарамастан ең төменгі жалақының 5% мөлшерінде тіркелген жарналар төлейді. 2024 жылы жеке кәсіпкерлер үшін төлем мөлшері 5 950 теңгені құрайды.

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Астана қаласы бойынша 95 мыңнан астам жеке кәсіпкер 2,4 млрд теңге көлемінде жарна төледі. Жеке кәсіпкер басқа әлеуметтік аударымдар мен салықтармен қатар, жарналарды есепті кезеңнен кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей ай сайын төлейді.

Егер салық есептерін беруді тоқтатқан немесе Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сай әрекетсіз деп танылған жеке кәсіпкерлер МӘМС жүйесіне жарна төлемейді. Ескеретіні, жеке кәсіпкер салық есептерін беруді тоқтатпаса, оның табысының мөлшеріне қарамастан жарнаны төлейді.

Сондай-ақ, жеке кәсіпкер келесі жеңілдік санаттарының біріне кірсе, жарна төлеуден босатылады:

· Зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде ҰОС қатысушылары мен мүгедектер;

· "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен, "Батыр ана" атағын алған, "Ана даңқы" I және II дәрежелі ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар;

· Мүгедектігі бар адамдар;

· Орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары білім беру ұйымдарында, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитындар.

Есте сақтау қажет:

Біріншіден. Жарналарды уақытында төлемеген жағдайда, кешіктірілген әрбір күн үшін ҚР Ұлттық Банкі базалық ставкасының 1,25 еселенген мөлшерінде айыппұл есептеледі.

Екіншіден. Егер жеке кәсіпкер жарналарды төлеуден жалтарса, салық органдары ӘҚБтК-нің 92-1-бабына сәйкес, әкімшілік жазалау шараларын қолданады. Егер жарналар бойынша берешек өтелмесе, салық органдары банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтатуы мүмкін, яғни шоттар бұғатталады.

Қандай әкімшілік жазалау шаралары қарастырылған?

ЖК-ның ҚМСЖ-ға жарналарды төлемеуі, уақтылы төлемеуі және (немесе) толық төлемеуі ескерту жасауға әкеледі. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда төлем жасамағанға айыппұл салынады:

· Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - ҚМСЖ-ға төленбеген (аударылмаған), уақтылы төленбеген және (немесе) толық төленбеген (аударылмаған) аударымдар мен (немесе) жарналар сомасының 20% мөлшерінде;

· Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30% мөлшерінде;

· Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 50% мөлшерінде.

ҚМСЖ-ға жарналарды төлемегендіктен берешек қалыптасқан және шоттар бұғатталған жағдайда не істеу керек?

Біріншіден, салық төлеушінің кабинетінде (Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында немесе e-salyq мобильді қосымшасында) салық органы хабарламасын тауып, шоттардың бұғатталу себебін анықтау қажет немесе ЖК тіркелген жердегі салық органына жүгіну қажет.

Әрі қарай, берешекті (жарналар, айыппұлдар немесе өсімпұлдар) төлеу қажет. Мұны кез келген екінші деңгейдегі банк бөлімшесі, оның ішінде банктердің мобильді қосымшалары, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ арқылы жасауға болады.

2-3 жұмыс күні ішінде қаражаттың қайтарылуын тексеруді ұмытпаңыз. Егер ЖСН немесе ТАӘ, төлем сомасы, төлем мақсатының коды дұрыс көрсетілмесе, жарналар қайтарылуы мүмкін.

Ақпарат көзі: kaz.inform.kz
Сурет: egemen.kz
25 шілде 2024 ж. 196 0