Магистратураға құжат қабылдау басталды
Магистратураға білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау басталды. Осы аптаның басы, яғни 12 тамыз күні басталған құжат қабылдау 15 тамызға дейін (қоса алғанда) жалғасады. Үміткерлер өз құжаттарын жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары, оның ішінде виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы тапсыра алады.
Магистратураға түсу үшін 39 мыңнан аса адам емтихан тапсырған. Сол үміткерлердің тек 43%-ы шекті балл жинады. Міне, сол шекті балл жинай алғандар ғана грант конкурсына қатысады. Жоғарыда жазылғандай, талапкерлерге құжаттарын дәстүрлі және онлайн форматта тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр.
Конкурсқа қатысу үшін: жеке куәліктің көшірмесі, жоғары білімі туралы құжат (диплом және қосымшасы); кешенді тестілеу сертификаты және шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттарды (бар болған жағдайда) тапсыру қажет. Ал жоғары оқу орнына түскен жағдайда 075/у нысанындағы медициналық анықтаманы тапсырады. Құжаттарды тапсыру кезінде оқуға түсуші білім беру бағдарламаларының бір тобын және үш жоғары оқу орнын көрсете алады.
Магистратураға түсушілер 13 мың мемлекеттік білім грантына үміткер болады. Осыған дейінгі материалымызда жазғанымыздай, магистратурада оқуға ең көп грант «Инженерлік, өңдеу және құрылыс» салалары бойынша мамандықтарға (3 227) бөлінген. Одан кейінгі ретте «Педагогика ғылымдары» бағыты бойынша мамандықтар (3 347) қарастырылған. «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» салаларындағы мамандықтарға – 1 265, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» салаларындағы мамандықтарға 1 235 грант бөлінді. Ал ең аз грант бөлінгені – «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету» (225), «Қызмет көрсету» (315) салаларындағы мамандықтар.
Магистратурада оқуға арналған білім беру гранты талапкерлер тапсырған кешенді тестілеу нәтижелері бойынша конкурстық негізде тағайындалады. Магистратурада оқуға білім грантын иеленгендердің тізімі 26 тамызға дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде жарияланады. Ал болашақ магистранттардың оқуға қабылдануы 28 тамызға дейін аяқталады.
Сурет: egemen.kz