Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сот жүйесіндегі заманауи технологиялар

Сот жүйесіндегі заманауи технологиялар

Заманауи технологияларды пайдалану — заман талабы. ХХІ ғасыр дамыған технологиялар уақыты, осы қарқынды дамып келе жатқан уақытта барлық сала заман ағымына сай жаңа технологияларды қолданып келеді.
Сот саласы да бұл жаңашылдықтан қалыс қалған жоқ. Жаңа технологияларды пайдалану сот жүйесінің жұмысын жеделдетіп, қағазбастылықтан арылтып, оның ашықтығы мен қолжетімділігін арттырды. Сонымен қатар, осы уақытта қоғамымызға терең таралған жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге де заманауи технологиялардың тигізетін әсері мол.
Қазіргі таңда сот жүйесіндегі заманауи технология туралы айтқанда, ең алдымен көбімізге белгілі «Сот кабинеті» сервисі еске түседі. «Сот кабинеті» - бұл сот органдарының онлайн сервистері мен қызметтеріне рұқсат алуға арналған бірыңғай терезе. Сотқа жүгінгісі келген азаматтар өзіне қолайлы кез-келген уақытта үйінен шықпастан интернет желісі арқылы арыз, өтініш, шағым және наразылықтарын осы сервис арқылы электронды түрде сотқа жолдай алады. Сонымен қатар процессуалдық мерзімдерді қадағалауға, істің статусын көруге, мемлекеттік бажды онлайн режимде төлеуге, сот актісінің көшірмесін шығарып алуға және іс құжаттарымен танысуға мүмкіндіктері бар.
Сонымен қатар сот жүйесінде «Төрелік» бағдарламасы кеңінен пайдаланылады.
«Төрелік» - бұл судьялармен сот қызметкерлерінің жұмысын жеңілдететін заманауи ақпараттық жүйе, күнделікті жүргізілетін жұмыстар осы жүйе арқылы өтеді. Бұл жүйеде азаматтық, қылмыстық, әкімшілік және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді, өзге де материалдарды, арыздарды автоматты түрде бөлу функциясы және кіріс, шығыс хат-хабарларды, ішкі құжаттарды тіркеу функциялары көзделген. Басқа мемлекеттік органдармен ақпарат алмасуға қолайлы, жүйені пайдаланушыларға тіркеу рәсімі жеңілдетілген және ақпарат алу жүйесі жеделдетілген.
Осы секілді салаға тың жаңашылдық әкелген технологияның бірі - сот процесінде аудио-бейнежазба құралының қолданылуы. Бұл тетік - сот ісін жүргізу реформасының институционалды жүйесінің жетілген қадамының бірі. Кез-келген сотта қаралатын іс аудио-бейнежазба құралының қосылуымен жүргізіледі.
Маңызды жиналыстармен конференциялар біршама шақырым жол жүрместен бейнеконференцбайланыс құрылғылары арқылы қашықтықтан ұйымдастырылады. Сот жүйесіндегі басқада пайдаланып жатқан технология түрі ол «Электронды шақыру қағаз» сервисі. Сотқа талап қоюмен жүгінген азамат оның тіркелгені жөнінде ұялы телефонына немесе электрондық поштасына оның арызы бойынша сот құжатының шыққаны және онымен сайт арқылы таныса алатындығы жөнінде логин мен құпия сөз көрсетілген SMS-хабарлама жіберіледі. Бұл ретте азаматтар сот құжатын алуға сотқа барып уақытын жоғалтпайды.
Заманауи технологияларды сот жүйесінде пайдалану бағытындағы жұмыстар тоқталмайды. Яғни, уақыт талабына сай, сот жүйесі өз қызметін жетілдіріп, тиімділігін арттыра түсуді әлі де жалғастыра береді деген сөз.
Д.Нағашыбай,
Арал аудандық сотының
жетекші маманы.

Сурет: tolqyn.kz
22 тамыз 2024 ж. 135 0