Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Заманауи технологиялар сот ісін жүргізуді біршама жеңілдетті

Заманауи технологиялар сот ісін жүргізуді біршама жеңілдетті

Соңғы жылдары сот жұмысына енгізілген түрлі заманауи технологиялар халық игілігіне жарап, бүгінде бұл қызметтер сот ашықтығының, жариялылығының, жеделдігінің көзіне айналды. Сот жүйесіндегі заманауи технологияларды айтқанда, ең алдымен ауызға «Сот кабинеті» сервисі ілігеді. Себебі, осы электронды сервистің көмегімен бүгінде әрбір сотқа жүгінуші өзіне ыңғайлы кез келген уақытта, үйден, кеңседен шықпай-ақ, интернет желісі арқылы өтініш пен арызын электрондық түрде жібере алу мүмкіншілігіне ие.
Сондай-ақ, сервистің көмегімен азаматтар мемлекеттік бажды онлайн режимінде төлеп, сот құжатын, сондай-ақ істің бүкіл тарихын қарап, сот актісін басып шығара алады және аталған істің процессуалдық мерзімдерін де қарай алады.
«Сот кабинеті» сервисі халықтың сотқа қол жетімділігін қамтамасыз етумен қатар, сот ісін жүргізуді де біршама жеңілдетті. Бұрын сот отырысына азаматтарды шақыру ұзақ процесс еді. Хабарламаны конвертпен жолдап, шақыртудың жеткен-жетпегенін білмей отыратын күндер келмеске кетті.
Сот отырысының болатын уақыты мен орны туралы ақпарат тараптардың ұялы телефонына сервис арқылы смс-хабарлама ретінде, істің қаралуы туралы ақпарат «push-хабарлама» түрінде жіберіледі.
Бүгінде аталмыш сервис көптеген электронды қызмет түрлерін көрсету мүмкіндігіне ие. Жуырда электронды сот төрелігін одан әрі жандандыру мақсатында «Сот кабинеті» сервисінде тағы бір жаңа функция, яғни QR-кодтарының жаңа технологиясы енгізілді. Халыққа ыңғайлы болу үшін және бірыңғай стандартқа көшу мақсатында «Сот кабинеті» сервисінде авторизациядан өту және ұсынылатын құжаттарға қол қою тетігі өзгертілді.
Енді авторизациядан өту және құжаттарға қол қою Egov mobile мобильді қосымшасының Face ID және Touch ID (QR-кодты сканерлеу) арқылы мүмкін болады.  Сервистің жаңа нұсқасы қандай артықшылықтарға ие десек, ең алдымен азаматтар электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) еgov mobilді қосымшасы арқылы алу мүмкіндігіне ие болды.
Осы секілді салағы тың жаңашылдық әкелген технологияның бірі, сот процесінде үн-бейне жазба құралының қолданылуы.
Қазіргі таңда Республика соттарының залдары түгелдей дыбыс-бейнежазба құрылғыларымен жабдықталған. Бұл тетік - сот ісін жүргізу реформасының институционалды жүйесінің жетілген қадамының бірі. Кез-келген сотта қаралатын іс үн-бейне жазба құралының қосылуымен жүргізіледі. Оны судьяның тоқтатуға, редакциялауға мүмкіндігінің болмауы азаматтардың сот отырысындағы жауаптылығын көтеріп, төреліктің әділ шығатынына күмән туғызбайды. Олай дейтініміз, ертеңгі күні қандай да бір даулы мәселе туындаған жағдайда нақты сол іс бойынша барлық мән-жайды жазбадан анықтауға мүмкіндік мол.
Аталмыш ақпараттық жүйенің енгізілуі сот мәжілісінің хатшыларын сот отырысының хаттамаларын қолмен жүргізуден босатты. Бұрын хаттамаларды толтыру қолмен рәсімделіп, кейіннен жазу машинкасында терілетін болса, бүгінде істі талқылауды үн-бейнежазба құралдарын пайдалану арқылы түсіріп алған жағдайда, сот отырысының хатшысы жазбаша нысанда қысқаша хаттама жасаумен шектеледі.
Осылайша, жүйе жұмысына озық технологияларды дендеп ендіру сот төрелігінің ашық әрі қолжетімді болуымен қатар, сала жұмысына тың серпін береді.
Баянсұлу ҚАНЫБЕТОВА,
Арал аудандық сотының бас маманы,
сот мәжілісінің хатшысы.
---
15 қыркүйек 2022 ж. 247 0