Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Электронды сот төрелігін жаңғырту – болашақ сот жүйесінің даму бағыттарының бірі

Электронды сот төрелігін жаңғырту – болашақ сот жүйесінің даму бағыттарының бірі

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады...Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт XXI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды XXI ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы» деп толымды тұжырымдарымен бөлісті.
Бәсекелестікке қабілеттілік жолында Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының маңызы зор. Себебі дамып келе жатқан жаңа технологиялар біздің өмірімізді жеңілдетеді, дамуымызды жылдамдатады.
Соңғы жылдары сот жүйесі заманауи ақпараттық технологиялар арқылы электронды іс қағаздарын жүргізуге және сот ісін жүргізуге ауысу бойынша үлкен жұмыстар атқарды. Қазір күнделікті сот тәжірибесінде соттар IТ-технологиялар мен ғаламтор ресурстарының мүмкіндіктерін көбірек пайдалана бастады. Себебі ол сот төрелігін жүзеге асыру процесін жеңілдетіп, оңтайландырады және автоматтандырады, ең бастысы, халықтың қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Олардың бірі – 2014 жылы енгізілген электронды сот ісін жүргізуге ауысудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі. «Сот кабинеті» электрондық ақпараттық сервистік қызметі – сот органдарындағы жүйелі ақпарат берудің кеңейтілген тәсілі десек қателеспейміз. Электрондық цифрлық қолтаңбасы бар республиканың кез келген азаматына үйден шықпай-ақ «Сот кабинеті» электронды ақпараттық сервисі арқылы елдің кез келген сотына талап арыз беріп, кейіннен оның қаралу динамикасын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы және осыған байланысты қоғам сұранысының артуы оны сот жүйесінің қызметінде пайдалануды ұдайы жетілдіруді қажет етеді. Міне бүгінде аталмыш сервис 50-ден астам электронды қызмет көрсету мүмкіндігіне ие.
Аталмыш сервистің мол мүмкіндігі туралы баспасөз беттерінде аз айтылып жатқан жоқ. Оның танымалдығының айғағы тұтынушылар санының артуынан байқалады. Аудандық сотқа 2017 жылдың 11 айында «Сот кабинеті» сервисі арқылы 1222 электронды арыз және 1151 әкімшілік іс түсіп тіркелген.
Сонымен қатар сот жүйесінің тағы бір айқын жетістіктерінің бірі – ол сот отырысы залдарының 100 пайыз дыбыс-бейне тіркеу құрылғысымен жабдықталуы. Еліміздегі кез келген соттың сот залдарынан дыбыс-бейне тіркеу құрылғыларын көруге болады. Сот процестері толықтай бейне-дыбыс жазбаларына таспаланады. Сот процесінің дыбыс-бейне жазбаға тіркелуі соттың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар,
іске қатысушылардың да мәжілісте өздерін барынша заңға сай ұстап, сотты сыйлауына ықпал етеді.
Қорыта айтқанда, электронды сот төрелігін жаңғырту болашақ сот жүйесінің даму бағыттарының бірі болмақ.
З.Сермағамбетова,
Арал аудандық сотының кеңсе меңгерушісі,
Заңгерлер Одағының мүшесі.
---
29 желтоқсан 2017 ж. 1 994 0