Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Электронды іс жүргізу бағытындағы келелі жаңашылдықтар

Электронды іс жүргізу бағытындағы келелі жаңашылдықтар

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады...Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт XXI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды XXI ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы» деп толымды тұжырымдарымен бөлісті.
Бәсекелестікке қабілеттілік жолында Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының маңызы зор. Себебі дамып келе жатқан жаңа технологиялар біздің өмірімізді жеңілдетеді, дамуымызды жылдамдатады.
Соңғы жылдары сот жүйесі заманауи ақпараттық технологиялар арқылы электронды іс қағаздарын жүргізуге және сот ісін жүргізуге ауысу бойынша үлкен жұмыстар атқарып келеді. Қазір күнделікті сот тәжірибесінде соттар IТ-технологиялар мен ғаламтор ресурстарының мүмкіндіктерін көбірек пайдалана бастады. Себебі ол сот төрелігін жүзеге асыру процесін жеңілдетіп, оңтайландырады және автоматтандырады, ең бастысы, халықтың қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Бүгінгі таңда, Қазақстан Республикасының барлық соттарына «Төрелік» ақпараттық жүйесі, «Сот кабинеті» сервисі, «Электронды шақыру қағазы», «Сот құжаттарымен танысу» сервисі, «SMS–хабарлама» сервисі, «Талдау» форумы, сот органдарымен байланысу CALL-орталығы, сенім телефоны, дыбыс-бейне жазатын құрылғылар, бейнеконференция арқылы сот төрелігін жүзеге асыру секілді жаңа ақпараттық технологиялар қызметі енгізіліп, сұранысқа сай қызмет етуде.
«Сот кабинеті» электрондық ақпараттық сервистік қызметі – сот органдарындағы жүйелі ақпарат берудің кеңейтілген тәсілі десек қателеспейміз. «Сот кабинеті» арқылы сотқа талап арыз беру, сот отырысының хаттамасына ескерту келтіру, өтініш, арыз, шағым және электрондық түрдегі өтінімдерді әзірлеу және беру, мемлекеттік алымдарды онлайн түрінде төлеу, деректерді сақтау мен біріктірудің қауіпсіздігі секілді әрекеттерді жүзеге асыруға болады.
Электрондық цифрлық қолтаңбасы бар республиканың кез келген азаматына үйден шықпай-ақ «Сот кабинеті» электронды ақпараттық сервисі арқылы елдің кез келген сотына талап арыз беріп, кейіннен оның қаралу динамикасын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы және осыған байланысты қоғам сұранысының артуы оны сот жүйесінің қызметінде пайдалануды ұдайы жетілдіруді қажет етеді. Міне бүгінде аталмыш сервис 50-ден астам электронды қызмет көрсету мүмкіндігіне ие.
Аталмыш сервистің мол мүмкіндігі туралы баспасөз беттерінде аз айтылып жатқан жоқ. Оның танымалдығының айғағы тұтынушылар санының
артуынан байқалады. Аудандық сотқа 2018 жылдың 8 айында «Сот кабинеті» сервисі арқылы 653 электронды арыз және 833 әкімшілік іс түсіп тіркелген.
Бұрын сот отырысына азаматтарды шақыру да ұзақ процесс еді. Хабарламаны конвертпен жолдап, шақыртудың жеткен-жетпегенін білмей отыратын күндер келмеске кетті. Бүгінде смс-хабарламаны тараптар лезде алғаны былай тұрсын, арыз-шағымының қабылданғанын, істің әрі қарайғы қозғалысын толықтай бақылай алады.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 20-шы қадамын орындау мақсатында барлық сот отырысы залдары дыбыс-бейнетаспаға түсіру жүйелерімен жабдықталды. Іс жүзінде әрбір сот отырысы оны арнайы жабдық көмегімен түсіріп алу арқылы өтеді, бұл сот отырысының қысқаша электрондық хаттамасын енгізуге мүмкіндік берді. Электрондық хаттама судьялар мен сот отырысы хатшылары үшін жазбаша түрдегі сот талқылауы барысындағы қағазбастылықты және жүктемені азайта түсті. Дыбыс-бейнетаспаға түсіру жүйелерін жетілдіру сот залынан тысқары отырған процеске қатысушылардың да оны пайдалануына мүмкіндік берді. Енді азаматтық процеске қатысу үшін іс қаралатын сот ғимаратында болу міндетті емес, сот процесіне кез келген қатысушы өзіне жақын ораласқан сотқа келіп, істің қаралуына бейнеконференц байланыс арқылы қатыса алады.
Әрине, маңызды реформалар мұнымен шектеліп қалмақ емес. Қазіргі кезде Жоғарғы Соттың бастамасымен жеті жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-сот», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже», «Сотсыз татуласу орталығы» деген атаумен таныстырылған бұл жобалардың түпкі мақсаты ортақ – ол сот құрылымының сапасын арттыру, үшінші билікті халыққа жақындату, сот жүйесіне деген сенімді нығайту. Соның ішінде тұрғындарға қолжетімді қызмет ұсынуды әрі қарай жалғастыру Е-сот жобасының аясында жүргізілмек.
Қорыта айтқанда, ақпараттық технология игіліктерінің сот қызметіне кеңінен енгізілуі соттың азаматтар үшін қолжетімділігін арттырады.
Арал аудандық сотының кеңсе меңгерушісі,
Заңгерлер Одағының мүшесі
Сермағамбетова Зина Сағитжанқызы
14 қыркүйек 2018 ж. 1 113 0