Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сот жүйесіндегі ақпараттық технологиялардың тиімділігі

Сот жүйесіндегі ақпараттық технологиялардың тиімділігі

 Бүгінгі таңда еліміздің сот саласында енгізіліп жатқан ақпараттық технологиялар соттардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, халықпен кері байланыс орнатуда жоғары көрсеткіштер көрсетіп, жұмыс сапасының артуына септігін тигізді.
Электронды сот төрелігін іске асыру халықтың сотқа деген сенімін, сот төрелігіне қолжетімділігін, оның ашықтығын және жариялылығын арттыру ретінде танылады. Сот жүйесін жаңартуға бағытталған жаңашылдықтар жүйелі жүзеге асып, соттар заманауи технологиялармен жұмыс жасауды кеңінен қолға алды.
Соңғы жылдары сот жүйесі заманауи ақпараттық технологиялар арқылы электронды іс қағаздарын жүргізуге және сот ісін жүргізуге ауысу бойынша үлкен жұмыстар атқарып келеді. Қазір күнделікті сот тәжірибесінде соттар IТ-технологиялар мен ғаламтор ресурстарының мүмкіндіктерін көбірек пайдалана бастады. Себебі ол сот төрелігін жүзеге асыру процесін жеңілдетіп, оңтайландырады және автоматтандырады, ең бастысы, халықтың қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Бүгінгі таңда, Қазақстан Республикасының барлық соттарына «Төрелік» ақпараттық жүйесі, «Сот кабинеті» сервисі, «Электронды шақыру қағазы», «Сот құжаттарымен танысу» сервисі, «SMS–хабарлама» сервисі, «Талдау» форумы, сот органдарымен байланысу CALL-орталығы, сенім телефоны, дыбыс-бейне жазатын құрылғылар, бейнеконференция арқылы сот төрелігін жүзеге асыру секілді жаңа ақпараттық технологиялар қызметі енгізіліп, сұранысқа сай қызмет етуде.
«Сот кабинеті» электрондық ақпараттық сервистік қызметі – сот органдарындағы жүйелі ақпарат берудің кеңейтілген тәсілі десек қателеспейміз. «Сот кабинеті» арқылы сотқа талап арыз беру, сот отырысының хаттамасына ескерту келтіру, өтініш, арыз, шағым және электрондық түрдегі өтінімдерді әзірлеу және беру, мемлекеттік алымдарды онлайн түрінде төлеу, деректерді сақтау мен біріктірудің қауіпсіздігі секілді әрекеттерді жүзеге асыруға болады.
Электрондық цифрлық қолтаңбасы бар республиканың кез келген азаматына үйден шықпай-ақ «Сот кабинеті» электронды ақпараттық сервисі арқылыелдің кез келген сотына талап арыз беріп, кейіннен оның қаралу динамикасын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы және осыған байланысты қоғам сұранысының артуы оны сот жүйесінің қызметінде пайдалануды ұдайы жетілдіруді қажет етеді. Міне бүгінде аталмыш сервис 50-ден астам электронды қызмет көрсету мүмкіндігіне ие.
Осы қызметтердің ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға, бюрократтық кедергілерді жоюға, соттардың ашықтығының бірден-бір дәлелі болып танылатын сот отырыстарын аудио-бейне жазба құралдарымен түсіріп алу жүйесі қарқынды қызмет көрсетуде. Халық үшін тиімділік танытқан, әрі сот отырысының хаттамаларын алмастыра білген осы жүйе қолайлы сервистердің бірі.
Айта кететіні, қауіпті індеттің таралуына байланысты сот  жүйесі толықтай онлайн форматқа көшті. Іс құжаттары, талап арыздар мен өтініштер «Сот кабинеті» электронды сервисі арқылы қабылданады. Ал, сот отырыстары «WhatsApp», «TrueConf»  және «Zoom» мобильді қосымшаларының көмегімен өткізілуде.
Қорыта айтқанда, уақыттың талабы электронды түрде жұмыс жасауға алып келді. Бұл ретте еліміздің сот жүйесі де заманның ағымына ілесіп, қызмет барысына ақпараттық технологияларды енгізді. Соның көмегімен соттардың жұмысын бірізділендіріп, азаматтардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік туды.
  
М.Жиенбаев
Арал аудандық сотының жетекші маманы
06 қазан 2020 ж. 868 0