Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Заманауи технологиялар салаға тың серпін берді

Заманауи технологиялар салаға тың серпін берді

Бұрынғы кеңестік дәуір шекпенінен шыққан елдердің арасында жаңа бастамаларды енгізуде тәуекелге барған қазақстандық соттың бүгінгі жетістігіне шетелдік соттар қызығушылықпен қарайды. Сала жұмысын жандандырудың негізгі көзі озық технологияларды кеңінен қолдану екенін Мемлекет басшысы судьялардың V съезінде айтқан болатын. Міне содан бері жүйе жұмысы жаңарып, ең бастысы соттар қағазбастылықтан арылды, электронды технологияға негізделген, заман талабына сай, оңтайлы, қолжетімді, ашық сот процестері базасы жасалды.
Ең алғаш Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық талдау жүйесі іске қосылғанда құжаттардың электрондық айлалымына сенбейтіндер аз болған жоқ. Тіпті, компьютердің көмегімен істердің судьяларға теңдей бөлінетініне де күмәнмен қарағандар болды. Алайда, бұл қызметтер келе-келе сот ашықтығының, жариялылығының, жеделдігінің көзіне айналды. Сөйтіп, қолданысқа «Сот кабинеті», «Төрелік» жобалары енді. Республика соттарының бәрі дыбыс-бейне жазба құрылғыларымен қамтылып, сот отырыстарының бәрі таспаға жазылатын болды. Іс жүзінде әрбір сот отырысы оны арнайы жабдық көмегімен түсіріп алу арқылы өтеді, бұл сот отырысының қысқаша электрондық хаттамасын енгізуге мүмкіндік берді. Электрондық хаттама судьялар мен сот отырысы хатшылары үшін жазбаша түрдегі сот талқылауы барысындағы қағазбастылықты және жүктемені азайта түсті. Сондай-ақ, таспаны судьяның тоқтатуға, редакциялауға мүмкіндігінің болмауы азаматтардың сот отырысындағы жауаптылығын көтеріп, төреліктің әділ шығатынына сенімін бекітті.
Дыбыс-бейнетаспаға түсіру жүйелерін жетілдіру сот залынан тысқары отырған процеске қатысушылардың да оны пайдалануына мүмкіндік берді. Мысалы, қазіргі таңда республика соттарында «Сот жүйесінің жеті түйіні» жобасы жүзеге асып жатыр. Оның ішінде «SMART сот» жобасының жөні бөлек. Себебі, бұл бағдарлама соттардың IT қызметін қолданудың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған. Сот жүйесін цифрландыру бағытындағы «SMART сот» бүгінде өзінің тиімділігін дәлелдеуде. Өйткені, азаматтарға сот процестеріне ғаламтор желісі арқылы онлайн түрде қатысу мүмкіндігі жасалды.
Нақтырақ айтатын болсақ, республика соттарында істер «TrueConf» мобильдік бейне-конференцбайланыс бағдарламасы арқылы қаралады. Аталған бағдарлама тараптардың смартфонындағы «TrueConf» мобильдік қосымшасы арқылы сот мәжілісіне қашықтықтан қатысуларына жағдай жасайды. Мәселен, іске қатысуы тиіс адам бір жағдайларға байланысты сот отырысына келе алмай қалуы мүмкін. Сондай кезде процестің кейінге қалмауының, сот мәжілісінің созбалаңға салынбауының алдын алады. «SMART сот» жобасы аясында азаматтар «TrueConf» мобильдік қосымшасымен әлемнің кез келген нүктесінен сот отырысына қатыса алады. Әрине ол үшін интернетке қосылған ұялы телефон немесе планшет, ноутбук болуы тиіс. Смартфонға app Store немесе Android арқылы жазылған «TrueConf» қосымшасы енгізіледі. Сотқа онлайн режимінде сот мәжілісін өткізу туралы өтініш береді және жүйеге кіру үшін логин мен құпия сөз алады. Осыдан соң шағымданушы мен жауап берушінің сот залына келуі міндетті емес, іс онлайн режимінде жүргізіледі. Бұл тәсіл сотқа қатысушылардың уақытын тиімді пайдалануымен қатар, өзге де шығындарын үнемдейді.
Қорыта айтқанда, ақпараттық технология игіліктерінің сот қызметіне кеңінен енгізілуі соттың азаматтар үшін қолжетімділігін арттырады.
Зина Сермағамбетова,
Арал аудандық сотының кеңсе меңгерушісі.
15 наурыз 2019 ж. 1 812 0