Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықпен кері байланыс маңызды

Халықпен кері байланыс маңызды

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында әртүрлі байланыс арналары арқылы Қызылорда облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалына 1263 өтініш келіп түсті, оның 36,9 % - медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне байланысты болды, деп хабарлады ӘМСҚ облыстық филиалының директоры Жақсылық Абдусаметов.

Пациенттердің құқықтарын қорғау әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (бұдан әрі – Қор) басты міндеттерінің бірі болып табылады. Қор күн сайын, келесі ресми байланыс арналары арқылы, өтініштерді қабылдайды:
- 1414 байланыс орталығы,
- Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы,
- fms.kz ресми сайты,
- Telegram-дағы @SaqtandyrýBot.

Талдау көрсеткендей, байланыстың ең сұранысқа ие тәсілі Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы (47%), екінші орында - 1414 байланыс орталығы (46,8%), үшінші орында - Қор сайты (6,2%).
Қор филиалы директорының айтуынша, пациенттер медициналық көмектің сапасыз көрсетілуіне немесе одан бас тартылуына, тегін дәрі-дәрмектің берілмеуіне, консультациялық-диагностикалық қызметтерді ұзақ күтуіне шағымданған.
«Шағымдардың негізгі себептері - тағайындалған еммен, қойылған диагнозбен келіспеу, дәрігердің медициналық қызметтерге жолдама беруден бас тартуы, бейінді дәрігердің консультациясын немесе диагностикалық тексеруді күту, өңірде қажетті мамандардың болмауы. Қор әрбір шағым бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, шешімдер қабылдайды. Біз пациенттерді өз құқықтарын білуге және олар бұзылғанда, жағдайды сол жерде шешу үшін алдымен медициналық ұйымның өзінде Пациенттерге қолдау көрсету қызметіне жүгінуге шақырамыз. Бұл қызметтер барлық емханалар мен ауруханаларда бар. Егер мәселені сол жерде шешу мүмкін болмаса, Қорға жүгіну қажет», – деп атап өтті Жақсылық Әбілқасымұлы.
Медициналық ұйымдарда қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін Қор тұрақты түрде «Жасырын пациент» акциясын өткізетіндігі де атап өтілді. Қор қызметкерлері медициналық ұйымдарға «жасырын» қоңырау шалу арқылы тіркеу мамандары мен медицина қызметкерлерінің медициналық сақтандыру жүйесі, МӘМС пен ТМККК кіретін медициналық қызметтер, медициналық көмек көрсету стандарттары, сондай-ақ пациенттердің сақтандырылу мәртебесі мәселелері туралы біліміне мониторинг жүргізеді.

Медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеру және жүргізілген төлемдер туралы Медициналық сақтандыру қорының "Qoldau 24/7" мобильді қосымшасы мен Telegram-дағы @SaqtandyrýBot арқылы біле аласыз, немесе ҚР және egov.kz электрондық үкіметі сайтының «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну» мемлекеттік қызметіне тапсырыс бере аласыз.
12 қыркүйек 2024 ж. 193 0