"Пятыйға" алғаш жарық берген
Жақында аудандық мешіт жанындағы асханада былтыр күзде марқұм болған Елеусіз (құжат бойынша) Махановтың жылдық асы берілді. Бұған шақырылған ағайын, туған-туыстары, құда-құдағилары, жұмыстас жолдастары мен достары қатысты.
Ас дастарқанының мәзіріне жұбайы Балшекерден бастап келіндері жақсы дайындалған екен. Асаба үлкен ақсақалдан батасын алып, дұға бағыштатқаннан кейін, ішінара адамдарға сөз беріп отырды. Сөз ағайындардың ішінде жас кезінде Елеумен бірге ойнап, өскен достары атынан бізде де-аудандық электр жүйесі мекемесінің ардагері, энергетик Тайман (Кішкене) Садықов және осы жолдардың авторына маған кезек берілді.
Марқұмның қарапайымдылығы мен адамгершілігі, сыйластығымен қатар, өз ісінің маманы ретінде 40 жылдан астам «Приарал» кеңшарында шофер болып еңбек еткені тілге тиек болды. Қайсыбіреулері одан жақсылық көргенін айтып, марқұмның рухын көтеріп тастады.
Елеу Маханов 1946 жылы қарапайым жанұяда өмірге келген. Қашаннан бері «Пятыйдың» тұрғыны. Жас кезінде шешесі марқұм болып, жетімдіктің ащы зардабын тартты. Мүгедек әкесіне қарайлап, шүкіршілік деп жүргенінде ол да өткен ғасырдың 60 жылдарының ортасында қайтыс болып кетті.
Міне, осындай өмір тауқыметін басынан өткізген Елеу қалай болса да еңбекке араласып, нан табуды ойлайды. Ең болмағанда шофер болсам деген арманы да болды. Өйткені, сол бір жылдары шофер мамандығы өте қат әрі қадірлі еді.
Шынында да Елеудің мектептің 7-сыныбынан кейін әрі қарай оқуын жалғастыруына тұрмыстық жағдайы көтермеді. Содан не керек, мектептен екібастан, оның үстіне шоферлық курсқа жасы жетпей қалғанына өкініп, бірнеше ай бос жүріп қалды. Көп ұзамай Сульфаттың №169 селолық кәсіптік-техникалық училищесіне оқуға түсіп, тракторист мамандығын алады...
Ары қарай мен Елеу Махановтың армандаған шоферлық мамандығына қалай қол жеткізгені жөнінде аудандық «Толқын» газетінде 1977 жылдың 18 қазанында жарияланған «Арман алдамайды» атты мақаламмен сабақтастыра баяндауыммен оқушы қауым ренжімес:
«Бірде ертеңгілік жолымыз түсіп «Приарал» кеңшары гаражының диспетчер бөлмесіне енгенімізде бір топ шоферлардың арасынан:
–Елеу, бүгіннен бастап №3 фермадан орталықтағы мал бордақылау алаңына шөп тасуға жүресіз. Мынау жол қағазыңыз, машинаңды механикке көрсетіп, қол қойдырып аларсың, – деді диспетчер толтырылған жол қағазын Е.Маханов жолдасқа ұсынып жатып.
–Менен басқа кімдер жүреді?..
Әлбетте әр мамандықтың өзіне тән ерекшелігі болады емес пе? Сондықтан болар, кім-кімнің болса да сүйіп таңдаған мамандығы ыстық, сүйкімді көрінеді ғой. Жас кезінен мамандықты таңдай білген Елеудің де арманы шофер болу еді. Шофер.
Иә, шофер! Осынау сөз қызықты мамандықтың иесін білдіреді. Үнемі жол үстінде. Яғни, ол машина баранкасының маманы. Қай уақытта көрсең де рейстемін немесе рейске шығып бара жатырмын дейді. Оның әрбір күні, әрбір сағаты шытырман оқиғаларға толы.
Қаншама жол жүріп халық дәулетін, ырысын тасиды десеңізші! Тіпті, алып зауыттар мен фабрикалардың, аспанмен тілдескен зәулім үйлердің сап түзеуіне, колхоз-совхоз шаруашылықтарының толағай табыстарын ел игілігіне айналдыруға жұмсаған күш-қайратын Елеу ауызбен айтып жеткізгісіз екенін жақсы біледі. Оның үстіне халық құрметіне бөленбей ме? Әттең мен де шофер болсам екен...
1960 жыл. Елеу шоферлық курсқа жасы толмай қалғанына өкінеді. Көп ұзамай Сульфаттағы №169 селолық кәсіптік-техникалық училищесіне оқуға түсіп, тракторист мамандығын алып шыққаннан кейін бірден кеңшарға моторист болып орналасады. Арада бір-екі жылдай уақыт өтеді. Ақыры, армандаған арманына жасы толып, арнаулы шоферлық курсті де тәмамдап алады.
Жол. Ұшы-қиыры жоқ жолдар. Үнемі жол үсті, рульде. Иә, бұл күндері, сол кезде армандаған арманы, сүйікті мамандығына қол жеткен. Елеу Маханов жолдас совхоз өндірісінде он бес жылға жуық уақыттан бері осы мамандықты меңгеріп келеді. Осы уақыт ішінде ол қандайда болмасын совхоз шаруашылығының сан-салалы жұмыстарының басы-қасында жүріп түрлі науқандық істерге қосқан үлесі мол. Бірде, малшылар үйін көшірсе, енді бірде қоғамдық мал азығын шабындықтан қора басына тасиды.
–Өз мамандығына ұқыпты, ыждағатты, берілген тапсырманы сергек қарайтын шоферлардың бірі Елеу Маханов жолдас, – дейді гараж меңгерушісі А.Елубаев бізбен әңгімесінде,–ол сонымен қатар, жылдық тапсырмасын мерзімінен бұрын орындағандардың қатарында.
Е.Маханов жолдас оныншы бесжылдықтың сапа және тиімділік бесжылдығы аталып отырған екінші жылының басында, алдымызда тойлағалы отырған ұлы Октябрь социалистік революциясының 60 жылдығын лайықты табыстармен қарсы алуға социалистік міндеттеме қабылдаған болатын. Міндеттеме үдесінен шыға білді.
Оның жылдық ждоспары 45288 тонна-километр болса, ол сегіз айдың өзінде 57318 тонна-километр жол жүріп, жылдық тапсырмасын 126 процент орындады.
Сондай-ақ өз ісіне маман Елеу Маханов бекітіліп берілген автомашинасын ұқыпты ұстап, тоқтаусыз жүргізіп келеді.
Иә, арман алдамайды.
"Сапарың сәтті бола берсін" деп жазыппын.
Бұрынғылар болмаса, қазіргі жастар біле бермейді. Қалада кеме жөндеу зауыты, порт, балық комбинаты сияқты іргелі мекемелер болды. Міне, олардың өз алдына жеке-жеке электр стансалары мекеменің өндіріс орындарын электр жарығымен қамтамасыз етіп қоймай, сол маң-аумақтарындағы тұрғын үйлерді электр тоғымен жарақтандырып тұрған. Бұған қолы жетпеген тұрғындар керосин майымен жанатын білтелі шаммен ғана тұрмыс кешкен-ді. Сол сияқты біздің «Пятый» деп аталып кеткен микро ауданның жанынан іргесін көтерген «Приарал» кеңшарының да электр стансасы болды. Ол мекеменің кеңсесін, гаражын, онда (машина-трактор стансасы (жөндеу шеберханасы), цехтары, пилорам (бөрене ағаштарды тілетін) және тілінген ағаштан неше түрлі рейкалар, жұмысшы-қызметкерлердің, малшылардың тұрған үйлеріне қажетті есік-терезелер дайындайтын ағаш өңдеу цехы, ұстахана (кузнец), қоймаларын ғана электр тогымен қамтамасыз ететін. Яғни, айтқанда электр стансасында бір ғана «ХТЗ» маркалы тракторының ток беретін дизелі еді. Басқа аймаққа күш-қуаты жетпейтін.
Міне, осы электр стансасына Сульфаттағы кәсіптік-техникалық училищені бітіріп келген Елеу моторист болып жұмысқа орналасады. Сол кезде стансада дизелист, соғыс ардагері Жұбанбай Сауытбаев еді. Жаңадан келген жас маманға тәжірибесін, білгенін үйретіп, жанына серік етті. Сөйтіп, алғашқы жылдардан-ақ, жас Елеу ісіне, жұмысына мығым, ұсынақты екенін таныта білді. Сондықтан болса керек, кейде соғыс ардагері дизельист Жұбанбай жұмысы болып, бір жаққа баратын болса, жас мотористке сенім артып, тапсырмасын беріп, кете баратын-ды. Соған қарағанда, сенгендік қой. Сол бір жылдары кеңшар электр стансасына тағы бір «ЧТЗ» маркалы су жаңа трактор моторын (дизелін) алдыртты. Бұл бұрынғыға қарағанда (алдыңғысы Харьков, кейінгі Чельебі зауытынан шыққан) қуатты. Сонымен кеңшардың электр стансасында екі дизель болды. Бірін күндіз жұмысқа, екіншісін аймақ тұрғындарының игілігіне пайдаланды. Аймақ тұрғындары демекші, «Пятый» мөлтек ауданын айтып отырмын. Мұнда 200-ден астам тұрғын үй болатын. Бәрі де электр жарығымен қамтамасыз етілді.
Тек бір ерекшелігі түнге қарай мезгілде. Яғни, жазды күні кешкі сағат жетіден, ал қысты күні кешкі сағат бестен бастап, түнгі сағат он екіге дейін электр жарығы беріледі. Соның өзіне тұрғындар қатты риза болды. Сол жылдары баламыз ғой, қызықты көрмек үшін демекші, Тайман да, мен де досымыздың жұмыс істейтін электр стансасына әлденеше рет барғанбыз. Сонда байқағанымыз, ол дизельдің май-суын алдымен қарап, сонан соң әлде бір тұтқаларды қозғап, тексереді. Ең аяғы дизельдің сүртетінін сүртіп, тазалап болғаннан кейін бірнеше құлаш арқау сияқты жіпті мотордың шығыршығына орап, бар күшін салып тартады. От алса алды, алмаса қайтадан орап тартады. Осылайша дизельді от алдырады. Бұдан кейін гүрілдеген мотордың дауысын ырғаққа келтіру үшін әлденелерді бұрай ма қалай-қалай? Түсінбейміз. Әйтеуір білетініміз, тұрғын үйлерге беретін жарықтың жардағы пультінің тұтқасын секундқа әкеткізбей үш рет, жоғары-төмен түсіреді. Бұл халыққа берген «жағамын, абай болыңдар» деген қауіпсіздік белгісі екен. Түнде де сөндірер кезде он-он бес минут бұрын электр жарығын үш рет сөндіріп, жағады. Бұл «дайындалыңыздар, сөндіремін деген ескертуі еді.
Бұл жұмысты моторист Елеу Маханов 1965 жылы Арал қаласына 4 мың киловат-сағат күші бар «Энергопоезы» келгенге дейін абыроймен атқарды. Кейін өзі армандаған шоферлық мамандыққа ауысты. Онда да осы еңбек жолын бастаған «Приарал» кеңшарына. Әне, сөйтіп, «Пятыйдың» тұрғындарына электр жарығын алғаш сыйлаған досымыз Елеу еді.
Аманкелді Өткелбаев,
еңбек ардагері, журналист