Туберкулез ауруының эпидемиологиялық ахуалы және одан сақтану жолдары
Арал ауданында туберкулезден эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып келеді, 2023 жылдың 11 айында ауданда 27 өкпе туберкулезі тіркелсе, 2024 жылы 11 айда ауданда 20 өкпе туберкулезі тіркеліп, ауру саны 7 науқасқа азайды.
Туберкулез таяқшасы қоршаған ортаның әсерлеріне өте төзімді, ғылыми деректерге сәйкес туберкулез таяқшасы ауада 30-60 минутқа дейін тіршілік ете алады, ал қараңғы, лас, күн сәулесі аз түсетін ,желдетілмеген үйлерде 4 айға дейін, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқас адамның құрғақ қақырығында 10 айға дейін, науқас адам оқыған кітап беттерінде 3 айға дейін, топырақта 1 жылға дейін, күл-қоқыста 2 жылға дейін, жуылмаған еденде , үй заттарында 1 жылға дейін, қатырылған сары майда 10 айға дейін, ірімшікте 8 айға дейін сақталады. Туберкулез таяқшасы 75 градус ыстық суда 30 минут қайнатқанда, құрғақ қақырықты 100 градуста қайнатқанда 45 минуттан соң ғана жойылады, залалсыздандыру заттарының жоғары пайызды мөлшері ғана бұл қоздырғышты жоюға қабілетті.Тікелей түскен күн сәулесінен туберкулез таяқшасы жойылады.
Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде, қақырғанда, қатты дауыстап сөйлегенде ауа тамшылары арқылы туберкулез таяқшасы қоршаған ортаға таралып, басқа сау адамдарға жұғады, бір тамшы қақырықта мыңдаған туберкулез таяқшасы болады. Науқас адам пайдаланған ыдыс-аяқтар, заттар арқылы да ауру жұғады.
Туберкулездің басқа жұқпалы аурулардан айырмашылығы – аурудың жасырын өту мерзімі анық емес, 1 айдан 1 жылға дейін, тіпті көптеген жылдарға созылуы мүмкін, туберкулез таяқшасы адам ағзасына жасырын түрде еніп, өкпеге қоныстанып,өкпені зақымдайды. Зерттеулер барысында әлемде әрбір үшінші адамның ағзасында туберкулез таяқшалары бар екені анықталды, тек кейбір адамдарда ол « мүлгіген » жағдайда болса, кейбір адамдарда ағзасының әлсіреуінен , басқа туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқаспен араласу кезінде ауру жұқтырып, бұл адамдарда туберкулез ауруы бас көтереді.Туберкулездің тағы бір ерекшелігі - туберкулезбен бір рет ауырған адам қайталап ауыруы мүмкін, яғни бұл ауруға өмірлік иммунитет қалыптаспайды.
Туберкулезден балаларды сәби кезінен бастап қорғау керек, яғни перзентханада туылған сәтте туберкулезге қарсы алғашқы егу шарасын жасату қажет. Балаларда туберкулез ауруын ерте анықтау мақсатында Манту сынамасын қойғызу керек. Осы мәселелерге әрбір ата-ана жауапкершілікпен қарап, баласын туберкулезге қарсы уақытында тексерткені жөн. Балаларда ересектерге қарағанда туберкулез ауруы тез дамиды, әрі туберкулезді менингит секілді асқынған түріне апарып соқтыруы мүмкін. Жасөспірімдер мен ересектер жыл сайын флюорографиялық тексеруден өтіп тұруы қажет. Әрбір адам салауатты өмір салтын ұстанып, құнарлы тамақтанып, ағзаны шынықтырып, спортпен айналысқан жөн. Жеке бас тазалығын сақтап, үйді, ауланы ,жұмыс орнын таза ұстау керек, бөлмелерді жиі желдетіп, бөлмелердің терезе жапқыштарын ашып, күн сәулесінің мол түсуін қамтамасыз еткен жөн.
Туберкулез – жұқпалы ауру, бірақ жазылмайтын дерт емес. Онан сақтануға болады, ал егер ауыра қалған жағдайда тиісті емін толық алса, айығары анық.
Сондықтан әрбір адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, зиянды әдеттерден аулақ болып,туберкулез дертінен сақтанғаны жөн.
А.Сатекеева,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы
Сурет: todayinfo.kz