Кенттің көптен күткен қуанышы
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әркез денсаулық сақтау саласының жұмысы жайлы баса тоқталып, жиі айтып келеді. Биыл Қазақстан халқына жасаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында да "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізді. Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді" деп мұнан бөлек те түрлі бастамалды қозғап, тиісті тапсырмалар жүктегені соның айқын дәлелі.
Иә, бастамалрдың нәтижесі ауданда да жыл сайын жемісін беріп келеді. Мәселен Сексеуіл кентінің тұрғындарына осы уақытқа дейін аурухана мәселесі бас ауруы болып келген еді. Жылдар жігінде жаңа ауруханаға қол жеткізген кенттіктер шаттыққа бөленді.
Сексеуілдегі 40 төсектік аурухананың ашылуына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы қатысып халықтың қуанышын көзбен көрді. Елдегі жұртшылықтың қуанышына ортақтасқан жандардың қатарында Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбенов және зиялы қауым өкілдері де болды.
Баршамызға белгілі. Осы кент аудан бойынша халық санынан Арал қаласынан кейінгі орында тұр. Осынша халықтың мұқтажына айналған аурухананың ашылуында аймақ басшысы да жоғарыдағы сөзімізді салмақтап:
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл халқын сапалы алғашқы медициналық көмекпен қамтамасыз етуді тапсырып,денсаулық сақтау саласы айрықша маңызға ие екенін ерекше атап өтті. Өткен жылы салабюджеті 146 млрд. 200 млн теңгеге жетті. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 10 млрд 200 млн теңгеге 27 медициналық нысан салынды. 2023 жылы екі дәрігерлік амбулатория Арал ауданының «Қызылжар», «Бөген» ауылдарында ашылып, қазіргі таңда емделушілерге қызмет көрсетуде. Осы игі істің жалғасы ретінде бүгін Сексеуіл кентіндегі 40 төсек-орынға арналған ауылдық аурухананы пайдалануға береміз. Аймағымыздың денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жылына 10 мың адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар жаңа «Қан орталығы», ана мен бала өмірін қорғау үшін көпбейінді облыстық аурухана базасында 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды, жаңа МРТ аппараты іске қосылды. Облыс орталығында емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүруде. Бүгін іске қосылатын жаңа амбулатория ем іздеп келген әрбір адамға сапалы қызмет көрсететін үздік мекемеге айналсын! Білікті дәрігерлеріміз елге адал қызмет етіп, алғысқа бөлене берсін! – деп ізгі тілегін білдірген болатын.
Айта кетейік, ұлттық жоба аясында 4 көпбейінді аудандық орталық аурухана жанынан қосымша құрылыс салынады. Өткен жылы 8 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізілді, 4 млрд 600 млн теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынып, саланың жабдықталу деңгейі 87,1 пайызға көтерілді.
Халықтың сұранысына сәйкес 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100 пайыз қамтамасыз етілді. Соңғы 2 жылда барлық елдімекендегі денсаулық сақтау мекемелеріне 225 жаңа санитарлық автокөлік табысталса, оның 22-сі Арал ауданына берілді.
Міне, осыдан-ақ елдегі қуанышты жаңалықтар әлі де жалғаса беретінін анық байқаймыз.
КӨГІЛДІР ОТЫН КӨҢІЛГЕ МЕДЕТ
Бүгінде көгілдір отын игілігі елдегі жұрттың басты сұрауына айналған. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың "Өнеркәсіп өндірістерін газға көшіретін жаңа жобалар іске қосылуда. Көгілдір отын жағатын тұрғындар саны көбейіп келеді. Сондықтан газға деген сұраныс арта түседі. Осы сұранысқа сай әрдайым ұсыныс болуға тиіс" деген сөзінен-ақ осыны аңғара аламыз. Осы бақытқа жеткен ауданға қарасты ауылдардың қатары артты.
Осыдан 10 жыл бұрын Арал қаласы көгілдір отынға қосылғалы бері тоғыз жолдың торабына айналған сексеуілдіктердің сұранысындағы басты дүние осы табиғи газдың игілігін көру еді. Міне, сол мәселе шешімін тауып, ауыл газ желісіне қосылды.
Отын жағып, күл шығару бейнетінен біржола құтылған кенттіктердің қуанышы тек қана бұл емес. Аймақ басшысы сақалды құрылысқа айналған тағы бір маңызды мәселенің бірі аурухананың ашылу салтанатына қатысты.
Тағы бір көгілдір отынның рахатына кенеліп отырған ауыл – Шижаға. Аққұм ауылдық округінің орталығы саналатын бұл ауылда осыған дейін де талай жағымды жаңалықтар жаңғырық берген. Енді міне, табиғи газдың игілігін көрген халықтың қуанышында шек жоқ. Арнайы келіп, тарихи сәтте тұрғындармен бірге болған аймақ басшысына батасын беріп, алғысын жаудырды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен газға қосылған Шижаға ауылы мен Сексеуіл кенті тұрғындарының тарихи сәтін Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбенов және зиялы қауым өкілдері бөлісті.
– Жаңа жыл – жаңа үміттердің, асқақ армандар мен жарқын мақсаттардың бастауы. Өткен жыл аймағымыз үшін бірлік пен берекенің, тұрақтылық пен татулықтың, жасампаздық пен жарқын жетістіктердің кезеңі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда «Үкімет газ тартылған елді мекендердің санын барынша арттыруға және 1700 шақырым газ желісін жаңғыртуға тиіс. Бұл 300 мыңнан астам адамды «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,– деп атап өткен болатын.
Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында аймағымыздағы байыпты бастамалар мен жасампаз жобалардың нәтижесін халық көре бастады. Газдандыру жобаларына 30 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды, 330 шақырым газ желілері салынды. Осылайша халықты газбен жабдықтау көрсеткіші 78 пайызға өсті. Бүгін – көптен күткен қуанышты күн, «Шижаға» елді мекені мен «Сексеуіл» кентін газдандыру толық аяқталды. Тұрғындар күнделікті тұрмыста «көгілдір отын» тұтына бастады. Баршаңызды игілікке қол жеткізулеріңізбен құттықтаймын. Жаңа жылда барлық бастамаларыңыз сәтті болсын!, – деп аймақ басшысы Н.Нәлібаев тілектестігін жеткізіп, жасалған жұмыстарды атап өтті.
Оңталап ЖОЛДАСОВ