Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлт саулығын нығайту басты міндет

Ұлт саулығын нығайту басты міндет

Ата заңымызда әрбір қазақстандықтардың амандығы мен саулығы бірінші кезек тұрады деп айқын көрсетілген. Бұл тұрғыда мемлекет барлық тетіктерді қарастырып, жарқын бастамаларға даңғыл жол ашып отырғанын отандастарымыз жақсы біледі. Ақпарат көздерінен аңғарғанымыздай, республикамыздың түкпір-түкпірінен медицианлық нысандар көптеп ашылып, халыққа тиімді қызмет көрсетіп отырғанынан құлағдармыз. Әрбір аурухананың, ақ халаттылар шоғырланып, кәсіп көкжиегін кеңейткен орталықтардың саны артқаны әрине жақсылықтың нышаны.
Қоңыр күздің алғашқы айында, яғни, үстіміздегі жылдың 2 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын жариялағаны көпке мәлім. Онда Президент барша жұртшылыққа тиімді тұстарды ұсынып, күллі атқарушы билікке ең бірінші кезекте елге қолайлы жағдай жасалудың қажеттігін алға тартқан болатын.
Шынында да мемлекет әділдікті бірінші кезеке қойды. Әлеуметтік саланың өркен жаюының мүмкіндіктерін қарастырды. Ұлттық қордан балалардың есеп шотына қаржы аударуға қатысты заң қабылдады. Қысқасы, халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізетіні көптеген шаруаларды қолға алды. Соның ішінде алтыншы тарауды атап өткен ләзім.    
– Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізді.Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ.Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды.Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс.Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес. Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек.Жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медицина мекемелерінің бәріне толық бақылау жасалуын және мәліметтердің шынайы болуын қамтамасыз етуі қажет. Үкімет осы маңызды мәселені шешуге дереу кірісіп, бұл бағыттағы жұмыстың барысы жөнінде маған және депутаттық корпусқа есеп беріп отыруға тиіс. Еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетіктері арқылы ресурстарды белсенді тарту қажет. Өкінішке қарай, шетелдердің мемлекеттік-жекеменшік әріптeстікке қатысты озық тәжірибелері заңнамамызда толық көрініс тапқан жоқ. Мұның бәрі жобалардың тиімсіз болуына, бюджетке түсетін салмақтың тым артуына әкеп соқтырады. Бұл тәсілдерді қайта қарап, инвестиция тарту үшін ақылға қонымды тарифтер ұсыну қажет. Үкімет денсаулық сақтау және білім беру саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты жаңа нормативтер мен ережелер әзірлеуі керек.Білікті медицина мамандарының тапшылығы – әлі де өзекті мәселе деп денсаулық саласындағы қажеттіліктерді егжей-тегжейлі зерделеді.
Сондай-ақ, бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға серпін беретін міндеттерді де ортаға салып, депутаттар осы маңызды заң жобасы шеңберіне ерекше мән беру қажеттігін өткірлеп, жастарымыздың дені сау, мықты азамат болып қалыптасу үшін бұқаралық спорттың маңыздылығына тоқталды.
Бәрі орында. Мемлекет басшысының жыл көлеміндегі Жолдауы ел дамуының бағдаршамы екені даусыз. Қазіргі таңда әріге бармай-ақ, Алаштың анасына баланған Қызылорда облысында да осынау Президент міндеттеген игі істер басталып кеткен. Оған теңіз төскейіндегі Аралдағы серпінді істерді қосыңыз. Ұлт саулығын нығайту мақсатында ауданымызда да толымды тірлік бар. Жергілікті атқарушы билік аталған берері мол міндеттер төңірегінде жүйелі жұмыс қалыптастырып, елді мекендер мен округ орталықтарында амбулатория, медициналық бекеттер салуды ұдайы назарда ұстауда. Былтыр да, биыл да сол үрдіс жалғасқаны көңіл марқайтады. Оның айшықты көрінісі ретінде Сексеуіл кентінен аурухана салу жоспарға енгізілсе, бұдан бөлек, Жіңішкеқұм ауылдық округінің орталығы Тоқабайдан амбулаториялық нысан көпшілікке есік ашады деп күтілуде. Алдыңғы жылы Сапақ ауылдық округіне қарасты Көктем елді мекенінде жаңадан медициналық бекет ашылып, тұрғындардың қуанышқа кенелгеніне куә болғанымыз бар. Артынша, осындай бәрекелді дегізетін медициналық нысандар Қызылжар, Бөген ауылдық округтерінде де  салынып, мұндағы үлкен-кіші айрықша шаттанған еді.
Президент пәрмені аясында, әрі Жолдау шеңберінде ұлт саулығы бәрінен маңызды деп сөз сабақтадық. Тақырыптың өзі көрсетіп тұрғандай, елдің амандығы, ұлттың саулығы кезек күттірмейтін мәселе. Ендеше, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер жемісін беріп, ұлы даланы мекендеген ұлы ұлтымыздың ұтары көп болғай!

А.ЖАЙШЫЛЫҚ
12 қараша 2024 ж. 57 0