Дидары жарқын дәмхана
Теңізді өлкеде кәсіпкерлік қарқын алып келеді. Жақында Аралда алғаш рет 24/7 жұмыс жасайтын кафе ашылды. «GURMAN» деген атауға ие болған нысанның өз ерекшелігі бар. Нақты айтар болсақ, басты өзгешелік ол қазақы нақыштағы дизайн мен жанға тыныштық сыйлар күйлер топтамасының қосылып тұруы. Аталған нысан Марат Матаев мырза мен Мейрамгүл Матаева ханымның отбасылық бизнесі. Дәмхананың алғашқы нүктесінде тек фаст-фуд ғана болса, жаңа кафеде тағамның 50-ге жуық түрі, арнайы таңғы ас пен түскі ас және алуан түрлі кешкі ас мәзірі тұтынушылардың талғамына сай келеді. Бұл дәмханада кофенің де арнайы аппаратпен әзірленетін 10-ға жуық түрі бар. Мұнда тағамнан бөлек салаттар мен сусындардың түр-түрін таба аласыз.
– «GURMAN» негізінен француз сөзі. Ол қазақша «тағамды сүйсініп жейтін жандар» деген мағына береді. Сол себепті дәмхана өз атауына сай тұтынушыларға сүйсініп жерлік ас дайындалатынына сенімдімін, – дейді кәсіп иесі.
Таңертеңгі 8:00-де дайын болған тағам түрлері келуші қонақтарға уақыт үнемдеуге септігін тигізеді. Іші жарық, өзгеше атмосферада ерекше көңіл-күй сыйлар кафе халық үшін тиімді бағада жұмыс істейді. Мұнда тапсырысты тәулік бойы үйге жеткізу қызметі де қарастырылған.
Қос қабатты нысанның жоғарғы бөлігі шағын мерекелік кештер өткізуге ыңғайлы етіп жасалған. Арнайы қазақы стильде тігілген қызметкерлер киім үлгісі де көз тартарлық. Мейрамханадағы ең үлкен зал бір мезгілде 50-ге дейін қонақ қабылдай алады. Кафе иесі Алматыдан арнайы алдырылған аспаздар тағамы келушілер үшін дәмі тіл үйірер ас болатынын алға тартады.
Дәмхана ашылған күні келушілер қарасы қалың болды.
Іші тыныш, жарық. Тамақтары өте дәмді. Ең бастысы, уақыт үнемдедім. Мұнда басқа кафелер сияқты күтіп отырмайсың. Дайын тағамдардан өзіңе керегін салып алып, жей беруге болады. Маған дәмхана ұнады, – деп пікір білдірді қала тұрғыны Айдана Алтынбекқызы.
Бизнесте білек сыбана кіріскен отбасында Асланбек Маратұлы алғаш болып аспаздыққа қызығып, осы саланы арнайы оқыған. Кейін қарындасы Қамарсұлу Маратқызы жалғастырып, анасы Мейрамгүл Ертілеуқызы да аспаздық жолды таңдаған. Аспазшылар отбасы мүшелеріне бұл кафемен жұмыс істеу қиындық туғызбасы анық. Қос асхана иесі Матаевтар отбасы тұтынушылардың көңілінен шығу мақсатында кафе санын арттыруды көздеп, жұмыс ауқымын кеңейтіп, көрсетілер қызмет сапасын жоғарылата түспек.
Өңір экономикасына үлес қосқан нысан әсемдік пен әдемілікті үйлестіре білген, халық иігілігіне арналған жағымды демалыс орны болатынына сеніміміз мол.
Нұрай ӘМІРХАНОВА