Картоп неге қымбаттады?
Азық-түлік түрлері түгел дерлік сырттан тасымалданатын Маңғыстауда бағаның аяқасты аспандап кетуі таң емес. Сондықтан әкімдік өзіміздің кәсіпкерлер арқылы сөредегі жергілікті өнім үлесін арттыруға күш салмақ. Облыс басшылығы шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Жиын барысында жергілікті өнім өндіруші, сауда желісі және әкімдік арасындағы үшжақты меморандумға қол қойылды.
Келісімге сәйкес, сауда желілері отандық өндірушілер үшін көбірек сауда орындарын бөлуге және «Қазақстанда жасалған» таңбалауын белсенді пайдалануға міндеттеледі. Ірі сауда желілері 14 күн ішінде жергілікті өндірушілердің өнімдерін жеткізу үшін ақы төлеуі керек. Үшжақты меморандумның халыққа не берері белгісіз, әйтсе де сол күні-ақ Маңғыстауда картоп бағасы екі есеге жуық шарықтап шыға келді. «Кісідегінің кілті аспанда» дегендей, Маңғыстауда картоп өспейтіндіктен еліміздің өзге өңірлерінен және шеттен, яғни сырттан келетін тауардың бағасы өндірушіге, тасымалдаушы мен сатушыға тәуелді.
250-300 теңге шамасынан әп-сәтте 520 теңгеге дейін секіріп шыққан картоп келісінің бағасы Маңғыстау облысы әкімдігіне айтарлықтай салмақ салды. Қоғамдық коммуникация орталығының хабарлауынша, өңірдің тұрақтандыру қорына өзге өңірлерден 15 тонна картоп, 5 тонна сәбіз бен 7 тонна жуа әкелініп, жергілікті органдар мен 12 ірі сауда желісі арасында әлеуметтік маңызды тауарларды белгіленген бағада сату жөнінде келісім жасалған. «Жауапты тұлғалар азық-түлік бағасының шамадан тыс шарықтауы көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлерге тікелей байланысты екенін мәлімдеді» дейді орталық. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өңірде апталық картоптың орташа бағасы – 250 теңге. Облыс тұрғындарына тұрақтандыру қорынан бөлек, 70-80 тонна картоп Павлодар, Қарағанды және басқа қалалардан жеткізілген. Алыпсатарлардың негізгі құнға 10-15% қосу құқығы тапшы тауар бағасының күрт көтерілуіне әсер етеді.
«Өңірдегі «АСАР-С» көтерме тарату базарындағы картоптың көтерме бағасы – 320-350 теңге, бөлшек саудада – 177-380 теңге. Баға өсімінің басты себебі – Өзбекстан мен Ресей тарапынан біздің картопқа экспорттық сұраныстың артуы. Себебі Өзбекстанға картоп экспорты 3 есе, Ресейге 4 есе өсіп кетті. Ресейде картоп егістігінің көлемі былтырғы деңгеймен салыстырғанда 16%-ға дейін төмендеуіне байланысты көтерме баға 2 есе өсті», дейді Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Дастан Мұраталиев.
Жабдықтардың қымбаттауына байланысты минералды тыңайтқыш пен химия өнімінің өзіндік құны да 25-30%-ға өскен. Қазір Маңғыстаудағы тұрақтандыру қорында 36 тонна картоп, 29 тонна сәбіз, 14 тонна пияз, 6 тонна қырыққабат бар. Сауда орындарында 250 тонна картоп қоры, 150 тонна сәбіз бен 130 тонна жуа, 80 тонна қырыққабат бар. Әкімдік ақпаратынша, тұрақтандыру қорынан тұтынушыға картоп – 177 теңгеден, сәбіз – 192 теңгеден, жуа 187 теңгеден ұсынылады.
Картоп бағасының қымбаттауына байланысты облыстық және қалалық мониторинг тобының мүшелері «Аман», «Дина», «Дана», «Алтын фуд» супермаркеттеріне мониторинг жүргізіп, бағаларды тексерді. Мониторинг барысында «Асар-С» сауда базарында көкөніс және 33 шағын ауданда орналасқан «Дина» гипермаркетіндегі әлеуметтік маңызды азық түрлерінің бағасына қатысты акт жасалып, облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жолданды.
Ақпарат көзі: egemen.kz
Сурет: Нұрболат Нұржаубай