Қазақстанда арзан азық-түлікті қайдан алуға болады?
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев Қазақстанда азық-түлік тауарларын төмен бағамен сатып алудың жолдарын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Азық-түлікті арзан бағамен сатып алуға келсек, бұл – ең алдымен бақылау-кассалық аппараттарымен жабдықталған ірі сауда желілері. Себебі, бағаға қатысты күмән туындаған жағдайда, тек чек арқылы уәкілетті органдар мен сауда департаментіне жүгіне алады. Осылайша, бағаны өсіру фактісін растауға немесе жоққа шығаруға болады. Өркениетті сауда форматы бойынша тауарларды сатып алу орындары өте маңызды. Бұл әлеуметтік маңызы бар тауарларға да қатысты», деді Арман Шаққалиев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында.
Спикердің айтуынша, Қазақстанда кейбір азық-түлік бағасы біршама төмендеген.
«Соңғы аптадағы деректерді талдау нәтижелеріне қарасақ, кейбір азық-түлік бағасы төмендегенін байқауға болады. Атап айтқанда, қарақұмық, қант, картоп, күнбағыс майының бағасы төмендеді. Жалпы, ел бойынша 0,7-ден 2,2%-ға дейін арзандау байқалады», деп қосты Арман Шаққалиев.