Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арзан картоп қайда бар?

Арзан картоп қайда бар?

Соңғы күндері бұқаралық ақпарат құралдары бетінен түспеген бір жаңалық бар. Бұл картоп бағасының шарықтап кетуі болып отыр. Халықты бей-жай қалдырмай, арты алаңдаушылыққа алып келген ақпарат әдеттегідей жалған ақпардың бірі емес, ақиқат дүние. Алаңдауға да себеп осы. Жылдағыдай азық-түлік қоры азаятын көктемгі уақытта емес, дәл қыстың кезінде осындай жағдайдың орын алуы қалыпты жағдай емес.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік ішінде картопты тұтынушы көп. Халық арасында "екінші нан" аталып кеткендігін осыдан-ақ анық байқауға болады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тоқсан сайын осы өнімді бір адам 11 келіден тұтынады екен. Демек, көкөністердің ішінде картопқа сұраныс жоғары.
Тікелей тақырыпқа ауыссақ. Бағасы аспандап шыға келген азықтың бағасы 300-400 теңгеден сатылып жатыр. Оның себебі неде?
"Көрші елдердің, әсіресе Өзбекстанның сұранысының артуына және экспорттық бағаның жоғары болуына байланысты биыл картоп экспорты 1,5 есеге, яғни 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға дейін өсті. Қарқынды сұраныс ішкі нарыққа өз әсерін тигізді. Өткен аптада экспортқа бағытталған тауар өндірушілердің бағасы 170 теңгеден 270 теңгеге дейін күрт өсті”, – деп хабарлады үкімет.
Алайда үкімет аталған мәселеге қол қусырып қарап отырған жоқ. Сауда және интеграция министрлігінің аумақтық органдары монополияға қарсы аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп, сауда қызметі мәселелері бойынша қолданыстағы заңнаманы бұзбаудың алдын алып отыр. Нақтырақ айтар болсақ үкімет хабарламасында:
– Ішкі нарықтағы картоп бағасын тұрақтандыру үшін 2025 жылғы 18 қаңтарда өткен Сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында картопты үшінші елдерге әкетуді 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылданды. Бұл шара ЕАЭО елдеріне қолданылмайды, алайда бұл бағыттағы экспортқа бақылау жүргізіледі. Сонымен қатар қалыптасқан жағдайды ескере отырып, биылғы 16 қаңтарда экспортқа фитосанитариялық сертификаттар беру толығымен тоқтатылды, – дейді.
Бұл шаралар жағдайды қалыпқа келтіруге ықпал жасайды. Десек те жылда қаңтардың басында келісі 200 теңгеден аспайтын Ақтөбеде биыл баға екі есеге өсті. Супермаркеттер келісін 388 теңгеден сұрап жатса, аталған өнімнің негізгі өсіруші аймақтарының бірі саналатын Жетісуда бағасы 400 теңгеден асып кеткен. Ал Павлодарда базарда үйде өсірілген картоптың келісін 400 теңге болған.
Аймақтағы ахуалды ақпараттандырған облыстық "Сыр бойы" бұл  газеті "Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше облыс өз өндірісі есебінен тұрғындардың картопқа қажеттіліктерін ішінара қамтамасыз етіп келеді, басым бөлігі республиканың солтүстік өңірлерінен жеткізілуде.
Еліміздің экономикасы нарықтық экономика жолымен дамып келеді, осы ретте бизнеске еркін дамуға мүмкіндіктер берілген. Кейінгі уақытта өндіруші өңірлерде экспорттың арту себебінен сұраныстың ұлғаюы салдарынан көтерме бағалар жоғарылап, базардағы баға 380 теңгеге жетсе, «Магнум», «Анвар» супермаркеттерінде 400 теңгеге барды. Супермаркет өкілдерінің айтуынша, жергілікті филиалдарға орталық офистерінен тасымалданатындықтан жол шығыны қоса есептеледі. Дегенмен, әкімдік тарапынан облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қоры қалыптастырылып, жеткілікті өнім қоры сақталуда.
Қазіргі кезде тұрақтандыру қорында жалпы көлемі 1000 тоннаға жуық картоп өнімі бар және бұл қаланың барлық мөлтек ауданында орналасқан 35 әлеуметтік дүкен желісінде 143 теңгеден еркін түрде ешқандай шектеусіз босатылуда.
Сондай-ақ тұрақтандыру қорымен өзара әріптестік негізінде бірге жұмыс істеуге келісімге келген 9 ірі сауда үйі мен 16 үй маңындағы дүкендер арқылы тиісті сауда үстемесімен 158 теңгеден босатылуда.
Биыл жергілікті өндірушілерден форвардтық негізде және өзге де өңірлердің өндірушілерінен 4018 тонна картоп сатып алу жөнінде келісім-шарт жасалып, қажеттілігіне қарай тұрақтандыру қорының қоймаларына жеткізілуде.
Әлеуметтік дүкендерде картоп бағасы қаншадан сатылып жатыр? Адам басына берілетін мөлшер бекітілген бе? «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тұрақтандыру қорының жұмысы жөніндегі басқарма басшысы Мейрамбек Серікбайдың айтуынша, облыста баға тұрақты әрі қорда жеткілікті көлемде сақталуда.
– Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында жалпы көлемі 1000 тонна картоп өнімі сақтаулы. Өнім әлеуметтік дүкендер желісіне 135, ірі сауда үйлеріне 143 теңгеден босатылып жатыр. Ал нарықта 380 теңгеден сатылуда. Биыл форвардтық жүйе арқылы жергілікті өндірушілер және тікелей кәсіпкерлермен картоп өнімін сатып алу жөнінде келісімшарт жасалған. Аталған өнім қоры арқылы өңірімізде 3 айдан аса уақыт баға тұрақтылығын сақтауға мүмкіндігіміз бар", – дейді.
Ал ауданда қандай шара жасалуда? Бұл жайында аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қоры арқылы Арал ауданы бойынша бірыңғай оператор болып белгіленген ЖК «С.Саянов» әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тасымалын қамтамасыз етіп, «Қуантқан» азық-түлік аралас заттар дүкені төмен бағада көкөністер (картоп, сәбіз, жуа) және күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік өнімдерін тиімді бағада сатылымдар ұйымдастырып келеді. Нақтырақ айтсақ картоптың бағасы 220 теңгеден болса, сәбіз 140 теңге, жуа 125 теңгеден сатылып жатыр" дейді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ

Сурет: Нұрболат Нұржаубай
28 қаңтар 2025 ж. 38 0