Қауіпсіздік қатаң сақталу қажет

Тіпті қайырымдылық деп ұрандап жүрген жандардың қаратынан да кезігіп жатқанын құлақ естіп, көз көрді. Мәселен Сандарды сөйлетсек, сан сауалдың өзегі өкси жөнеледі. Қаржы мониторинг агенттігінің кеңейтілген отырысында 660 мыңнан астам адамның жалған көмек көрсетуге арналған краудфандингке 6 миллиард теңге аударғаны анықталғаны айтылды. Белгілі болғандай, бұл соманы ұйымдастырушылар өз қажетіне жаратқан.
Бұған дейін де қайырымдылық қорларының жұмысын реттеу, бақылауға алу бойынша бірқатар бастама көтерілген еді. Тіпті, 2022 жылы қайырымдылық мақсатында халықтан жылу жинайтын блогерлер алдын ала көмекке мұқтаж кісімен немесе ұйыммен келісімшартқа қол қоюға тиіс болатыны туралы ақпарат жарияланған екен.
– Блогерлер заңға бағынбай, келісімшарт жасамай қайырымдылық іс үшін деп халықтан ақша жинаса, ол заңсыз әрекет болып есептеледі. Яғни, ол алаяқтық. Екіжақты келісімге келу қайырымдылық жасау кезінде түсініспеушілік, дау-дамай туындаған жағдайда мәселені заңмен реттеу үшін енгізіліп отыр. Келісімге келсе қайырымдылық үшін жиналған қаржыға қатысты ешқандай артық сұрақ туындамайды. Мысалы, блогер бір кісіге қайырымдылық жасау үшін қаржы жинауды бастаған, негізі 7 млн теңге керек болған, нәтижесінде 15 млн теңге жиналған. Өз кезегінде блогер көмекке мұқтаж жанға 7 млн теңге беріп, қалған соманы басқа мақсатқа жұмсайтынын айтқан. Содан кейін екіжақты түсініспеушілік туындаған, – деп мәлімдепті сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы М.Қожахмет.
Мәселе Мәжіліс мінберінде де сан рет көтерілген. Тіпті, бұл игі істің бақылаудан, назардан тыс қалып қойғаны туралы да талай рет айтылыпты.
– Егер блогер қандай да бір қайырымдылық қордың атынан жақсылық жасамақ болса, онда сол ұйым мен блогер арасында келісім жасалуы тиіс. Ал егер блогер өздігінен қайырымдылықпен айналысса, онда көмек көрсететін адаммен келісімнің болуы міндетті. Яғни, кімге көмек көрсетейін деп жатыр сол адаммен келісім жасалады, – деген еді Парламент Мәжілісінің депутаты В.Ким.
Иә, сенгіштігімізді пайдаланып, сан соқтырып жүргендер көп. Сондықтан тапсырма сөз жүзінде қалмай, іс жүзінде қолға алынса, ел азаматтарының қауіпсіздігі де мығым болар еді.
О. ЖОЛДАСОВ