"Қайырымдылықтағы" қарақшылық
Мұқтажға мүлкін ұсынып, қол жайғанға жағдай жасап, қаржы сұрағанға соңғы ақшасын санап беретін адал пейілді отандастарымыз бар. Ал жаппай қайырымдылық жасауды сәнге айналдырып, оның үстінен пайда көріп жүргендерден айла артылмай тұр. Таяуда елге танымал қайырымдылық ұйымдарының бірі күдікке ілінді. Іле-шала Қаржы мониторингі агенттігі тағы бір атақты қордың су тасқыны кезінде халық жинап берген миллиардтаған қаражатты басқа мақсатта жұмсағанын анықтап, айбын аймаңдай етіп, елге жайып салды. Иә топалаңда тоқаш ұрлағандарға ендігі тоқпақты заң ғана береді.
Қазақта қайырымдылық қайырлы іс екені даусыз. Жақсылық жасап жарысып, мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүргендерге күмәнмен қараудың өзі адамдыққа сын секілді. Дегенмен кейінгі оқиғалар сене тұра сезіктенуге мәжбүр етті.
Жақсылық жасап жарыс
Шулатып, айқайлатып, жар салып жақсылық жасап жүргендерді көрсек еліміз бұл салада көш басында деп ойлап қаласың. Шынтуайтына келгенде қайырымдылық бойынша жаһандық рейтингтерде еліміздің көрсеткіші аса жақсы емес. Биыл да Қазақстан халықаралық қайырымдылық индексінде өз позициясын жақсарта алмаған. Ресми деректерге көз салсақ, CAF (Charities Aid Foundation) жаһандық ұйымы ұсынған The World Giving Index 2024 есебіне сәйкес, еліміз 142 мемлекеттің ішінде 113-орында тұр. Былтыр 107-орында тұрған еді. Максималды 100 ұпайдан Қазақстан бар болғаны 33 ұпай жинаған. Бұл ТМД елдерімен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Салыстырсақ, көрші Ресей – 45, Өзбекстан – 44, Қырғыз Республикасы – 42 орында. Индекс нәтижелері зерттелген елдердегі азаматтардың сауалнамаларына негізделіпті.
– Қайырымдылық индексінде көш бастап тұрған елдер әрдайым ең бай мемлекеттер емес. Биыл үздік бестікке Индонезия, Кения, Сингапур, Гамбия және Нигерия кірді, – дейді есеп авторлары.
Дегемен де мұндай рейтингтер қаншалықты объективті екенін дәл айта алмаймыз. Қайырымдылық жасаудан кенжелеп қалғанбыз дегенге де келісу қиын. Электронды Үкімет порталында ресми қайырымдылық қоры ретінде тіркелген 40-тан астам ұйымның тізімі тұр. Мұндай қайырымдылық ұйымдарының көбінде қамқоршылық кеңестер бар, олар қаражатты қайда, қалай, қандай мақсатқа жұмсау туралы шешімдерді ақылдасып, қабылдайды. Алайда бұдан бөлек әлеуметтік желі арқылы жұмысын жүргізетін қор көп. Олардың бірі тұрақты түрде жұмыс істеп келе жатса, енді біреуі төтенше жағдай немесе емге ақша жинау сияқты оқыстан туындаған мұқтаждыққа байланысты құрылады.
Бүгінде әлеуметтік желі мен онлайн банкинг қайырымдылық жасауды да едәуір оңайлатты. Дертіне дауа іздеген науқасқа, баспанасы жоқ мұқтажға, оқыс оқиғадан жапа шеккен жанға қолы ашық қоғам санаулы секундта қанатымен су сепкен қарлығаштай көмекке ұмтылтындар көп. Бұл екінші жағынан қоғамның қашан да болса көмекке әзір екенін де көрсетеді. Осындай халықтан жиналған жылудың арқасында қаншама адам ем алып, сауығып, қанша отбасы баспаналы болды. Мәселен, мұқтаж отбасыларға үй алып беруге жәрдемдесетін танымал қор 6 жылда 1 200 отбасының баспаналы болуына себепкер болған. Шетелден ем алуға жиналып жатқан миллиардтарды да халық бірнеше күннің ішінде тиыннан теңге құрап, ұйымдастырып беріп жатады. Бұл бірлікке іштей қуанып қаласың.
Десе де белгілі бір жағдайға байланысты жылу жинау қысқамерзімді үрдіс екені түсінікті. Ал тұрақты негізде жұмыс істейтін, көмек беретін, көмек беруге көмектесетін қор қызметін жүргізушілердің әрекетін таза альтруистік деп айта аламыз ба? Сол сұрақ күмән мен күдікті күшейтеді...
Мұң болған миллиард
Өткен айда ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу басталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдікке ілінген.
«Қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылған. Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 миллион теңгеге Mercedes-Benz S450, 80 миллион теңгеге Lexus LX-600 және 39 млн теңгеге Haval автокөліктерін сатып алған. Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 миллион теңге болатын елорданың премиум санаттағы Akbulak Riviera, Highvill Ishim Gold, «Көк Жайлау» ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сонымен қатар Vela Village коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды» делінген хабарламада.
Сонымен қатар қазақстан азаматтарының қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қайрат Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы St. Regis, Shangri-La, Palazzo Versace және Kempinski сияқты бес жұлдызды қонақүйлерде демалған.
«Бұл елдерде ол Cartier және Louis Vuitton сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Осылайша, Перизат Қайрат өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған» делінген хабарламада.
Бір адамның құмарлығы мен құныққаны тұтас ұжымның атына кір келдірді. Алданған халыққа ақша қайтарылар, бірақ дер кезінде жетпеген көмектің салдары орнына келмес. Тасқында тасада қалып, қолкөмек жетпеген жерлестеріміздің жайы алаңдатады.
Бақай есеп, бас пайда
Бірінен алып, екіншісіне беру қайырым ба? Белгісіз? Аталған мәселе төңірегінде түрлі даудың басы шықты. Сондықтан, қайырымдылық пен бизнестің аражігін ажырата білген жөн. Заңда да қайырымдылық қорлары коммерциялық емес ұйымдар екені анық жазылған. Яғни, жағдайға заң призмасынан қараса да, мораль призмасынан қараса да, қайырымдылыққа жұмсалуы керек қаражаттың қандай бөлігі болса да басқа мақсатта пайдаланылмауы қажет. Бизнес ашып, пайда тапқысы келетіндерге кәсіп түрі көп.
Одан бөлек, қорлар жыл сайын есеп беріп, оны интернет-ресурстарда немесе баспа басылымдарында жариялауға міндетті. Сонымен қатар қорлар ревизор немесе аудит ұйымы арқылы қаржылық тексерулер жүргізуге тиіс. Дегенмен заң бойынша қайырымдылық жасайтын заңды тұлғаларға бірқатар жеңілдіктер қарастырылады. Салық кодексіне сәйкес, қайырымдылыққа жұмсалған шығындарды салық салынатын табыстан шегеруге болады, бірақ белгілі бір шектеулер бар: ірі салық төлеушілер үшін – салық салынатын табыстың 3 пайызына дейін, ал қалған компанияларға 4 пайызға дейін.
Мұндай көмекті алушы коммерциялық емес ұйым немесе әлеуметтік салада жұмыс істейтін ұйым (мысалы, мектеп немесе аурухана) болуы керек. Салық жеңілдігін пайдалану үшін компания көмек алушының өтініші, көмек көрсету туралы компанияның шешімі, оны қабылдап алу-беру актісі сияқты құжаттар тапсыруы қажет. Осылайша, қайырымдылық көмек көрсете отырып, ЖШС қоғамдық немесе әлеуметтік жобаларды қолдап қана қоймай, салық жүктемесін де азайта алады.
Сайда саны, құмда ізі қалмау үшін алтын көрсе, періште жолдан таяр. Кейінгі оқиғадан кейін осы сөздерді тура мағынада да қолдануға болады. Бақай есеп, бас пайдасын ойлау адамдыққа жатпас. Ал оны ұрлап, өз қажетіңе жарату – қылмыс. Қайырымдылық қаржысын жымқырарда заң мен жазаны ұмытпаған абзал.
Қаржы, қайда барасың?
Сандарды сөйлетсек, сан сауалдың өзегі өкси жөнеледі. Қаржы мониторинг агенттігінің кеңейтілген отырысында 660 мыңнан астам адамның жалған көмек көрсетуге арналған краудфандингке 6 миллиард теңге аударғаны анықталғаны айтылды. Белгілі болғандай, бұл соманы ұйымдастырушылар өз қажетіне жаратқан.
Бұған дейін де қайырымдылық қорларының жұмысын реттеу, бақылауға алу бойынша бірқатар бастама көтерілген еді. Тіпті, 2022 жылы қайырымдылық мақсатында халықтан жылу жинайтын блогерлер алдын ала көмекке мұқтаж кісімен немесе ұйыммен келісімшартқа қол қоюға тиіс болатыны туралы ақпарат жарияланған екен.
– Блогерлер заңға бағынбай, келісімшарт жасамай қайырымдылық іс үшін деп халықтан ақша жинаса, ол заңсыз әрекет болып есептеледі. Яғни, ол алаяқтық. Екіжақты келісімге келу қайырымдылық жасау кезінде түсініспеушілік, дау-дамай туындаған жағдайда мәселені заңмен реттеу үшін енгізіліп отыр. Келісімге келсе қайырымдылық үшін жиналған қаржыға қатысты ешқандай артық сұрақ туындамайды. Мысалы, блогер бір кісіге қайырымдылық жасау үшін қаржы жинауды бастаған, негізі 7 млн теңге керек болған, нәтижесінде 15 млн теңге жиналған. Өз кезегінде блогер көмекке мұқтаж жанға 7 млн теңге беріп, қалған соманы басқа мақсатқа жұмсайтынын айтқан. Содан кейін екіжақты түсініспеушілік туындаған, – деп мәлімдепті сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы М.Қожахмет.
Мәселе Мәжіліс мінберінде де сан рет көтерілген. Тіпті, бұл игі істің бақылаудан, назардан тыс қалып қойғаны туралы да талай рет айтылыпты.
– Егер блогер қандай да бір қайырымдылық қордың атынан жақсылық жасамақ болса, онда сол ұйым мен блогер арасында келісім жасалуы тиіс. Ал егер блогер өздігінен қайырымдылықпен айналысса, онда көмек көрсететін адаммен келісімнің болуы міндетті. Яғни, кімге көмек көрсетейін деп жатыр сол адаммен келісім жасалады, – деген еді Парламент Мәжілісінің депутаты В.Ким.
Таяуда қабылданған блогерлер мен әлеуметтік желі белсенділерінің қызметін реттейтін заң жобасын талқылау кезінде де әлеуметтік желі арқылы халықтан ақша жинайтын инфлюенсерлердің қызметі тексерілетіні, тексерілуі керек екені бірнеше рет сөз болды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпаратында, бұл бағытта нақты бір қадам жасалмаған, барлығы – талқылау сатысында. Министр Аида Балаева елімізде қайырымдылық қызметін мемлекет бақылауына алу жоспарланып отырғанын айтты. «Бұл азаматтарды алаяқтық схемалардан қорғау үшін қажет. Ал қазір Қазақстандағы қайырымдылық негізінен емделуге қаражат жинаумен шектеледі, ал министрлік бірыңғай көмек көрсету механизмін құруды ұсынады. Алайда нақты шешімдер әлі қабылданған жоқ» дейді ол.
Сондай-ақ ол бұл мәселе бойынша шешімдер ашық түрде, азаматтық қоғамның қатысуымен әзірленетінін де жеткізген. «Халықтың мүддесін қозғайтын кез келген мәселе бір министрліктің аясында шешілмеуге тиіс. Егер ұсынылған шаралар халыққа зиян келтірсе, мұндай шешімдер, әрине, қабылданбайды. Мен бұл туралы толық жауапкершілікпен мәлімдей аламын. Бірақ тағы да қайталап айтамын: мәселе әзірге талқылау сатысында тұр. Талқылаулардың нәтижесін күтейік» деді А.Балаева. Министр сондай-ақ бастаманың соңғы нұсқасы қоғамдық талқылауға ұсынылатынын да айтып өтті.
Дін мен дәстүр не дейді?
Құлаққа жатталып қалған «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген сөз бар асыл дінмізде. Қазір адамдар мұны тура мағынада түсініп, қайырын бірден көргісі келетіндей. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан сауапты іс. Адам бар жерде тұрмыстық түйткілдердің тумауы мүмкін емес. Бірақ қай істің де қайыры сауаппен келетіні санаға қонбай тұр.
Бағзыдан ата-бабамыз осындай қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген. Әсіресе, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған. «Бір үй аш болса, бір ауыл аш, бір ауыл аш болса, бүкіл ел аш» деген қағиданы берік ұстанып, адам тағдыры ұлыс тағдырымен тығыз байланысты екенін қапысыз таныған. «Қыран жемін шашып жейді, құзғын жемін басып жейді» деген мақалдың мәніне терең бойлап, жалғыз өзі тойғанша жұртпен бірге қиналуды жөн көрген. Ал қазір тоңғанның көрпесін, ашқұрсақтың ашығанын іштетін адамдарды көріп, ішің ашитыны рас.
Бұрын қазақтың байлары жан-жағының жағдайын ойлап отыратын менеджер іспетті болған. Олар мал-дүниесімен ғана емес, ақыл-парасатымен, жомарттығымен, сақилығымен де сый-құрметке бөленген. «Жемесең де май жақсы, бермесе де бай жақсы» деген қазақ бір ауыз сөзбен-ақ ауқатты адамның қоғамдағы рөлін айшықтаған. Себебі халқымыз ырыс-несібені Алла Тағаланікі деп білген. Сондықтан байлар да Құдайдың сүйікті құлы атану үшін туған-туыс, малшы-жалшысына қол ұшын созып, барынша көмектесуге тырысқан. Ұрлап баюды ар, күнә, намыс санаған.
Иә көбіне-көп рулық қатынастардың негізінде орын алса да осылай үйлесімді өмір сүргендіктен, қазақ қоғамында құл болып, қол жайғанды естімедік. Байдың малын баққандар оны өз малым деп есептеген. Өйткені ертең өз басына күн туса, байдың шарапаты тиетінін кәміл түсінген. Ал сараң байдың қашан да халық арасында қадірі қашқан. Ондайларды «сасық бай» деп атаған. Тіпті, ауыл-ауылды аралап жүретін сал-серілер де шықберместердің үйіне аттап баспаған. Атақты Ақтамберді жыраудың «Қайырлы болса баяжан, айдын шалқар көлмен тең, қайырсыз болса жаман бай, тартылып қалған шөлмен тең» дейтіні ел аузында. Қарап тұрсақ дәстүрде халыққа қайыр көрсеткенің қадірі болған. Ел жинаған жылуға жылынып, садақаға берілген «сүтті» сіміргендер ар мен заң алдында жауап берер деп сенеміз!
Айдар САЙЛАУОВ