Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қайыр жасаудан қалыс қалмайық

Қайыр жасаудан қалыс қалмайық

Күллі мұсылман қауымның асыға күтетін, мол сауапқа кенеліп, руханиятын жаңартатын, игілік пен жақсылыққа ұмтылып, сансыз қайырымдылық жасайтын Рамазан айы да келіп жетті. Бұл айда жақсы мен жаманды, ақ пен қараны айыруға, адамзатты тура жолға салуға бұйырылған Құран Кәрім жер бетіне түсірілген. Рамазан айы – сабырлықтың, мейірім мен ізгіліктің айы. Ораза тұтушының бөленетін екі қуаныш бар, бірі – ораза тұтып ауыз ашқандағы қуанышы және екіншісі – ораза тұтқаны үшін Раббысымен жолыққандағы қуанышы деп баяндайды хадисте. Халқымыз оразада қайырымдылық танытып, мұқтаж жандарға қолдау көрсетуді игі дәстүрге айналдырған.
Қазақ халқында "қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің" деген сөз бар. Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше бір қасиет. Қайырымдылық ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі.
Қазіргі таңда елімізде түрлі іс-шаралар мен акциялар, қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар көбейіп келеді. Қайырымдылық жасауға мемлекет тарапынан да көп көңіл бөлініп отыр. Жақсылық жасайтын жандар әрқашан және әр кезде табылады.
...Қазіргі қоғамда жомарттық танытып, жақсылық жасаушылар да, қайыры жоқ құлқын қамынан аспайтындар да жетерлік. Кейде айналаға қарап, бəрі жеткілікті, тек мейірім жетіспейтіндей көрінеді. Бір ауыз жылы сөзімізді қимаймыз, жылы қабақ танытпаймыз. Игі іс жасау, мұқтаждығы өтелген жанның қуанғанын көру, батасын алып, ризашылыққа бөлену ғажап қой! Кейде жақсылықты есеппен жасап не оны мақтаныш етіп жатамыз. Біреудің мұң-мұқтажын өтеу, оны басына түскен уақытша қиындықтан құтқарып, жағдайын жеңілдету. Ойлаған адамға бұдан асқан бақыт, бұдан асқан ләззат бар ма? Расында, адамның ең жақсысы ‒ басқаларға пайдалы болғаны, ал амалдардың ішіндегі Аллаға ең сүйіктісі ‒ адамдардың жүрегіне қуаныш сыйлау. Қоғам мейірімге, жан жадыратар жақсылыққа мұқтаж. Кейде жақсылығымызды міндетсіп: «Кезінде өйтіп едім, жұмысқа тұрғызғанмын, қарасып едім» деген сөздермен сауабын зая кетіріп жатамыз. Алла жолында не берсек те, қандай қайыр-жақсылық жасасақ та, ол еселеп өзімізге қайтатынын ұмытпасақ, жасаған ісіміз  қайырлы болары ақиқат.
Қасиетті Хадис шəріпте «Адам баласы дүниеден өткен соң оның амалы тоқтайды. Тек мына үш амалдың сауабы иесіне үздіксіз жетіп тұрады. Олар: садақа, пайдалы ілім, артынан дұға қылатын ізгі ұрпақ» делінген. Қайырым жасаған жан осы дүниенің өзінде елдің мейір-шапағатына, құрмет-қошеметіне бөленеді əрі ризық-несібесі арта түседі. Қасиетті Құранда «Кімде-кім тозаңның салмағындай жақсылық істесе, соның сауабын көреді. Кімде-кім тозаңның салмағындай жамандық істесе, соның зардабын татады», дейді («Зілзəлə» сүресі). Иə, жақсылық көрсең де өзіңнен, жамандық көрсең де өзіңнен.
Ата-бабамыз қай уақытта өмір сүрсе де өздерінің тұрмыс-тіршілігін ислам дінінің негіздерімен ұштастыра білген. "Кең болсаң, кем болмайсың" деген қағиданы ұстанған дана халқымыз жанындағы мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қол ұшын созып, көмек көрсетуді өсиет еткен. Біздің жасаған қандайда бір жақсы істердің қайырсыз кетпейтіндігі жайында қасиетті Құранда: "Алланың жолында не жұмсасаңдар да, Алла тағала міндетті түрде оның орнын толтырады" деп баяндалады.
Нағыз мұсылман иманының кәмілдігін аузымен ғана емес, амалымен дәлелдейді. Өзі жақсы адам қашанда жақсылыққа асық болады, ізгілікке ғашық болады. Жәннаттық адамға жәннаттық амалдар жеңілдетіледі, сонымен қатар қайырымды жандарға Раббысының берер сыйы да есепсіз болмақ. Алланың мейірімі қандай шексіз болса, мейірімділік пен қайырымдылыққа, жақсы амалдарға беретін оның қайтарымы да сондай кең болары сөзсіз. Ендеше, жалғыз Алланың разылығын табу жолында аянып қалмай, қайыр қылудан қалыс қалмайық.
Қайырымдылық әрі ізгілік айы – Рамазанда ниет етіп, ораза ұстаған жандардың дұға-тілектері қабыл болсын деймін.
Асылбек ИБРАГИМОВ,
аудандық орталық мешіттің қызметкері
18 сәуір 2021 ж. 405 0