Қайырымдылық марафоны

Аудандық орталық мешіттің бас имамы Қайырхан Қабылғазиев:
– Қайырымдылық – адамзат бойындағы өлшеусіз асыл қасиет. Мұқтаж жандардың қажетін өтеудегі ізгіліктің нақты көрінісі болып табылады. Сондықтан да əрбір жан иесі қайырымдылық істеріне араласып, Жаратушының разылығын аңсаған халде бар ықыласымен мұқтаж жандарға қол ұшын беруі дұрыстың дұрысы. Қазіргі уақытта қайырымды жандардың тарапынан көптеген көңіл қуантарлық шаралар өтіп жатыр. Солардың бірі өздеріңіз куә болып отырған – қайырымдылық марафоны. Алдымен бүгінгі қайырымдылық марафонын өткізуге атсалысып жатқан аудан кәсіпкерлеріне, тұрғындарға және мешіт жамағатына алғысымды айтамын. Қашанда дін мен дәстүрін қатар ұстаған қазақ халқында «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген ұлағатты сөз бар. Жомарт жүрек жандарға ізгі амалдарының қайырын берсін дегім келеді, – деді.
Республика көлемінде барлық аймақта, ауданда, қалалар мен елді мекендерде бір уақытта бастау алған бұл марафон аясында қаладағы 50 тұрғынға азық-түлік таратылса, Сексеуіл кентінде 10 отбасы, Қарақұм ауылында 10 отбасы ізгілікті шараның қуанышына бөленді. Жыл басында жасалған қайырымдылық алдағы уақытта да жүйесін тауып, жыл көлемінде жалғаса бермек.
«Толқын» ақпарат