Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҚСЫЛЫҚҚА АСЫҒАЙЫҚ

ЖАҚСЫЛЫҚҚА АСЫҒАЙЫҚ

Тіректі елді мекен атанған Сексеуіл кентінде өмірдің қиындығымен бетпе-бет келіп, бар ауыртпалықты сезіне білген отбасы балаларының бар екендігі жасырын емес. Оларды Үкіметіміз және әр түрлі қоғамдық ұйымдар мен кәсіпкерлер қамқорлықтарына алып, жыл аясында бірнеше мәрте қайырымдылық жұмыстарын жасап келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Сексеуіл кентіндегі №87 орта мектепте жүйелі қолға алынған.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген екен дана халқымыз. Қайырымдылық – адамгершілік қасиеттің ең ізгі бастауы. «Жанашырлыққа – жан риза» дегендей, аз қамтылған, қамқорлыққа мұқтаж жандардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу – әрбір адамның азаматтық парызы. Әрине, қамқорлық жасау, өзіңде барды өзгемен бөлісу, мұқтаж, көңілі жарым жандарға қол ұшын созу жомарттықтың белгісі және ондай іс тек жомарт жандардың қолынан келері анық.
Биылғы жылдың 10 қаңтар-10 ақпан аралығында мектебімізде «Қамқорлық»  республикалық дәстүрлі қайырымдылық акциясы болып өтті. Акция жоспары жасалып, сол бойынша түрлі іс-шаралар өткізілді. Ата-аналар мен оқушылардың бірлесіп ұйымдастыруымен жәрмеңке, тәлімгердің ұйымдастыруымен «КТА» ойыны және қайырымдылық концерті өтіп, қайырымдылық қорға сүбелі үлес қосты.
Акция барысында Абдулхан Сақтағанов, Жарас Келесов және Рысжан Молжігітова сынды мектебіміздің құрметті ата-аналары қаржылай көмек көрсетсе, Қайрат Искаков басшылық ететін «Сексеуіл техникалық вагон  құрастыру бекетінің» ұжымы қайырымдылық акциясына белсенділікпен қатысып, тұрмысы төмен бір отбасының төрт баласына 50 000 теңгеге  қажетті киім-кешегін алып берді. Мектеп түлегі, қазіргі таңда жеке кәсіпкер Салтанат Сағымбаева қаңтар айында туылған туған күн иегерлерінен 13 оқушыға өзінің сый-сияпатын жасап, бүлдіршіндерді қуантты.
Акция нәтижесінде, мектептен білім алып, тәрбиеленіп жатқан 32 оқушыға қысқы киім алынып беріліп, мұқтаждығы өтелді. Тұрмыстың тауқыметін тартқан отбасыларға көмек қолын созған жанашыр, ізгі ниетті, ақ тілеулі, қолы жомарт жандарға алғыс білдіреміз.
Дәмет Өтебаева,
№87 орта мектептің әлеуметтік педагогі.
23 ақпан 2018 ж. 1 725 0