Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазалы ауданында тұрмысы төмен 5 отбасыға пәтер берілді

Қазалы ауданында тұрмысы төмен 5 отбасыға пәтер берілді

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы Қазалы ауданында тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға баспананың кілті берілді.Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев тұрғындардың қуанышына ортақтасып, Ораза айт мерекесі қарсаңында көпбалалы отбасыларға үй салып берген «Асыл Иман Ихсан» қайырымдылық қорының белсенді азаматтарына алғысын айтты. Сонымен қатар аудан басшысы жыл басынан бері аудан көлемінде де түрлі қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылып, көмек көрсетіліп жатқанын да тілге тиек етті.
«Біз ертеден-ақ көмекке мұқтаж адамға қолдау көрсетіп, қайырымдылық жасаған, жетімі мен жесірін жылатпаған халықпыз. Қазір де ата-баба дәстүрінен танбай, аудан көлеміндегі тұрмысы төмен отбасыларға, жетім-жесірлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға ел-халық тарапынан қайырымдылық көмектер көрсетіліп келеді. Мәселен, ауданда жыл басынан бері тұрмыстық жағдайы төмен 2300-ге жуық отбасыға 6 млн 873,2 мың теңгенің көмегі көрсетілді. Сондай-ақ, жанашыр жандардың қолдауымен бірқатар жанұяларға азық-түлік пен киім-кешектер алып берілді», – деді аудан басшысы.
Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкілі Болатбек Ұласқан қиналғандарға қол ұшын созып, жанашырлық танытқан қайырымды қазалылықтарға ризашылығын білдірді.
Бұдан соң жаңа салынған тұрғын үйдің кілттері тұрғындарға салтанатты түрде табыс етіліп, бірқатар қайырымды жандар «Жанқожа батыр» атындағы орталық мешіт пен «Асыл Иман Ихсан» қайырымдылық қорының «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Салтанатты шара аяқталған соң құрметті қонақтар үйлерді аралап көрді. Бұл жерде «Асыл Иман Ихсан» қайырымдылық қорының төрағасы Сәбит Аралбаев алдағы жоспарларымен бөлісті.Ал тұрғын үйге ие болған 11 баланың анасы Перизат Өтжан қайырымды азаматтарға алғысын айтты.
«Қуанышымда шек жоқ. Болашаққа деген үмітім оянып, сенімім артты. Балалар өз үйінде ойнап, күліп, сабағын оқитын болады», - дейді көпбалалы ана.
Айта кетейік, бес отбасыға арналып салынған тұрғын үйдің құрылысын ауданымыздағы «Жанқожа батыр» атындағы мешіттің жамағаттары құрған «Асыл Иман Ихсан» қайырымдылық қоры жүргізді. Қайырымдылық қорға «Жанқожа батыр» орталық мешіті жамағатымен қатар, аудандық, облыстық мәслихат депутаттары, аудан кәсіпкерлері қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған. Қорға жиналған 10 млн теңгеге жуық қаржының есебінен аудан орталығы – Әйтеке би кентінен жалпы көлемі 1000 шаршы метр жер учаскесінен 5 отбасыға арналып тұрғын үй салынды. Бірнеше айға созылған құрылысқа көптеген азаматтар көмектесті. Тұрғын үйге электр энергиясы, ауыз су, ыстық су, газ және кәріз жүйелері жүргізіліп, қажеттіліктердің барлығы жасалған.

06 маусым 2019 ж. 929 0