Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада Корей халқы «Соллаль» мерекесін атап өтті

Қызылордада Корей халқы «Соллаль» мерекесін атап өтті

Қызылорда облыстық корей этномәдени бірлестігі өзінің жарқын және мәнді дәстүрлерін жалғастырып, Соллаль – корей жаңа жылын атап өтті. Бұл мереке корей этносының мәдениетінің маңызды бөлігі және жаңа жылды тойлаудың басты күні болып есептеледі.

Іс-шараға Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен ҚХА ардагерлері және БАҚ өкілдері қатысты.

Мерекелік шараның алғы сөзінде басқарма басшысы Руслан Каюпов Корей этномәдени бірлестігінің ел бірлігі жолындағы атқарған жұмыстарына тоқталып өтті.

- Биыл айтулы даталардың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы. Бұл еліміздің бейбітшілігі мен ынтымағының, көпұлтты халқымыздың бірлігі мен достығының жарқын көрінісі. Қызылорда облыстық Корей орталығының ҚХА 30 жылдығына орай алғашқылардың бірі болып ұйымдастырған 10 күндігі Соллаль мерекесімен басталуда. 10 күндік аясында мәдени, танымдық, спорттық, интеллектуалды шаралар ұйымдастырылмақ. Бірлік пен бірегейлікті танытуға арналған іс-шаралар аймақтың мәдени және этникалық әртүрлілігін танытуға үлкен үлес қосары анық. Сондай-ақ, қазақ-корей достығын нығайтуға, мәдениетаралық байланыстарды дамытуға және ортақ мәдени мұраны қадірлеуге мүмкіндік береді, - деді. Сонымен қатар, Корей орталығына Алғыс хат табыстады.
Атап өтетін жайт, Қызылорда облыстық Корей этномәдени орталығы былтыр 35 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы уақыт ішінде орталық Қазақстандағы корей мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып, өз қызметімен корей этносының ұлттық мұрасын насихаттап келеді. Бүгінгі күні Сыр өңірінде 8 мыңға жуық корей өкілдері тату тәтті, бірлік пен ынтымақта ғұмыр кешіп келеді.

Корей халқы әлімсақтан өзінің еңбекқорлығымен, табандылығымен танылған жұрт. Кең байтақ қазақ жерінде талмай тер төгіп, тамырын тереңге бойлатқан, мәуелі бәйтерекке айналды. Корей этностары қазақ халқына, еліне, жеріне ризашылықпен еңбек етті. Әсіресе, ауылшаруашылық, медицина, кәсіпкерлік, білім, спорт салаларында айтарлықтай жетістіктерге жетті.

«Қазақстан корейлер қауымдастығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Елена Ан сөз сөйлеп, екі ел арасындағы ынтымақ пен достықтың нәтижесіндегі жетістіктерді айтып, меймандарға жылы лебізін білдірді.

Соллаль мерекесінде көне дәстүрлер жаңғырып, үлкендерге құрмет, кішілерге ізет көрсетілді. Дәстүрлі корей тағамдары, ән мен би, корей халқының ежелгі салты көрсетілді. Концерттік бағдарлама қойылып, келген қонақтар корей этносының 60-қа жуық тағам мен көне бұйымдардан дайындалған көрмелерін тамашалады. Корей мәдениеті мен жаңа жылды қарсы алуға қатысты өзіндік ерекшеліктерімен танысты.

Ақпарат көзі: kyzylorda-news.kz
29 қаңтар 2025 ж. 64 0