Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысына Оңтүстік Кореядан бір топ студенттер келді

Қызылорда облысына Оңтүстік Кореядан бір топ студенттер келді

Қазақ елінің, оның ішінде Қызылорда облысындағы корей этностарының тарихына қызығушылық танытқан студенттерді топ жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы Конг Сон Хунг бастап келді. Олар ең бірінші Достық үйіне келіп, онда этномәдени бірлестіктердің өкілдері және жастармен кездесті.

Қонақтарды Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Айбек Дайрабай, өңірлік корей этномәдени бірлестігінің орынбасарлары Денис Пак пен Елена Когай, өңірлік «Ассамблея жастар» ұйымының жетекшісі Елена Пак, Қорқыт ата университетінің халықаралық қатынастар тобының жетекшісі Тимур Кенішбай қарсы алды.

Кездесу модераторы Айбек Дайрабай екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тоқталды. «Корейлердің Қиыр Шығыстан жер аударылғанына биыл 85 жыл толды. Осы уақыт аралығында қазақ елін өзінің туған Отаным деп санайтын бір емес, бірнеше ұрпағы өсіп, өңді. Облыстағы III-Интернационал, Гигант, Авангард кезінде күріш шаруашылығымен шұғылданатын ауылдардың ең алдыңғылары болып көзге түсті. Олардың барлығының еңбегі зая кеткен жоқ. Шаруашылықтарда мол өнім алу үшін еңбек еткен және басшылық жасаған Цай Ден Хак, Ким Ман Сам, Ким Ик Се, Ким Чон Ден барлығы 30-ға жуық корей этносының өкілдері Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды», – деп өңірдің ауылшаруашылығын дамытуға үлес қосқан корей этностарын атап өтті.

Мұнан соң Кореядан келген студенттер Қызылорда қаласы және корей этномәдени бірлестігі туралы бейнесюжет тамашалады.

Өңірлік корей этномәдени бірлестігінің орынбасарлары Денис Пак пен Елена Когай сөз алып, өлкеміздің тарихына, мәдениетіне қызығушылық білдіріп келген жастарға ризашылықтарын білдірді.

Кездесуден соң делегация мүшелері Корей батырлары Хон Бом До мен Ге Бон У-дың мемориалдық кешеніне барып, гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Онда корей студенттеріне өз елінің нағыз патриоты, аты аңызға айналған тарихи тұлға Хон Бом До туралы толықтай ақпарат берілді
24 тамыз 2022 ж. 447 0