Әдеп жөніндегі уәкілдердің жұмысы: мемлекеттік қызметтің айнасы

Қызылорда облысында бүгінде дербес Әдеп жөніндегі уәкіл лауазымында бір мемлекеттік қызметші жұмыс істесе, 34 мемлекеттік органда бұл қызметті ұжымда беделді, құрметке ие қызметшілер атқаруда. 2024 жылы дербес уәкілдің бастамасымен 34 мемлекеттік органда арнайы семинарлар ұйымдастырылып, мемлекеттік қызметте құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрақты мониторинг жүргізілді. Оның ішінде, тоқсан сайын ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінен құқық бұзушылықтар туралы ақпарат сұратылып жасалған мониторинг жұмыстары бар.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың маңызды бағыттарының бірі – мемлекеттік қызметшілер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту. Осы мақсатта «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және алдын алу» №4 үлгілік базалық бағыттар жобасы аясында ай сайын түсіндіру шаралары өткізіліп келеді. Әсіресе, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілермен арнайы кездесулер ұйымдастырылды. Бұл жұмыстар облыстың 16 басқармасы мен 3 қала және аудан әкімдіктерінде жүзеге асырылды.
Атқарылған жұмыстың ауқымдылығын көрсететін тағы бір дерек – аудандық және қалалық әкімдіктердің Әдеп жөніндегі уәкілдері 175, ал орталық мемлекеттік органдардың уәкілдері 198 құқықтық оқыту мен семинар өткізген. Жалпы саны 300-ден асатын бұл іс-шаралар мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Бұдан бөлек, 2025 жылдың 28 ақпанында жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелеріндегі Әдеп жөніндегі уәкілдердің қатысуымен жиын өтті.Жиында 2024 жыл қорытындысымен атқарылған жұмыс нәтижелеріне жүргізілген талдау қорытындысы қаралып, тиісті ұсыныстар енгізілді. Сондай-ақ, жиында Әдеп жөніндегі уәкілдерге мемлекеттік қызметшілер арасында мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларының сақталуына, оның ішінде құмар ойындарын ойнауға шектеу қойылғандығын қатаң ескертіп, профилактикалық жұмыстар жүргізу тапсырылып, өз функцияларын жоғары деңгейде атқарып жүрген Әдеп жөніндегі уәкілдер мараппатталды.
Мемлекеттік қызметте әдеп пен парасаттылықты сақтау – әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеті. Ал Әдеп жөніндегі уәкілдер институты мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруде, әдептік нормалармен жұмыс істеуде маңызды рөл атқаруда. Олардың еңбегі мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғап, адалдық пен ашықтық қағидаттарын нығайтуға бағытталған. Бұл игі шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатынына сенімдіміз.
Хожбанова Әлия Сатыбалдықызы,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша департаментінің мемлекеттік
қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы
Фото: Нұрболат Нұржаубай