Алматыда микроқаржы ұйымдарының заңсыз схемасы әшкереленді

Алматы қаласы бойынша ҚМА департаменті алты микрофинанстық ұйымның заңсыз әрекеттерін әшкереледі.
“Creditum” МҚҰ, “Sofi Finance” МҚҰ, “Hava Finance” МҚҰ, “SF Offline” МҚҰ, “POS Credit” МҚҰ, “Сәлем Кредит” МҚҰ басшылығына қатысты
алаяқтық және заңсыз кәсіпкерлік қызмет бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Төлемдері кешіктірілген қарыз алушыларды «KOKE.KZ», «TENGO.KZ», «HAVA.KZ» платформалары арқылы серіктес компаниялармен кепілдік шарттарын жасауға мәжбүрлеген.
Бұл ретте кепіл берушінің жауапкершілігі тек қарыз алушы қайтыс болған жағдайда ғана күшіне енген. Аталған қызмет үшін бастапқы несие сомасынан бірнеше есе асып түсетін төлемдер алынған, бұл азаматтарды қарызға батырады.
Нәтижесінде қарыз алушылар несиенің бастапқы сомасынан 3-5 есе көп төлем жасауға мәжбүр болған. Мысалы, қарыз алушы Ш. 120 мың теңге несие алып, тек кепілдік үшін 446 мың теңге төлеген, бұл сома негізгі қарыз бен есептелген, пайыздарды қоспағандағы көрсеткіш. Осылайша, микроқаржы ұйымдарының негізгі табысы жалған кепілдік шарттары бойынша төлемдерден жасалған.
Аталған заңсыз әрекеттерден жалпы сомасы 30 миллиард теңге көлемінде шығын келген.
Тергеу жалғасуда.
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі
Фото: Нұрболат Нұржаубай