Ғылым – елді дамуға бастайды

Күнтізбедегі бұл дата кездейсоқ белгіленген жоқ. Дәл осы күні Ғылым академиясының тұңғыш Президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген сәті. Сол себепті бұл күн «ғалымдар күні» деп бекітілді. Қаныш Имантайұлы Қазақстандағы ғылыми және техникалық дамудың көшбасшысы болды. Оның есімі бүгінде ғылыми институттарда, университеттерде және көшелерде мәңгілікке қалдырылған.
Қазақтан шыққан тұңғыш академиктің ғылым саласында жолын қуған ізбасарлары аз емес. Біз ғылымның дамуына зор үлес қосып келе жатқан ғалымдарымызбен әркез мақтанамыз. Себебі олардың әрбір зерттеген жерлері мен ашқан ғылымдары қазіргі өркениетті Қазақстанның гүлденуіне көп көмегін тигізді.
Ғылым бізді қоршаған әлем туралы біліміміздің дәйекті жемісі. Ол қоғамның интеллектуалдық дамуы мен инновация және технологиялық серпілістермен қатар адамзаттың өмір сүру салтына тікелей әсер етуші тірегі.
Жалпы ғылым саласына елімізде жағдайлар мен мүмкіндіктер айтарлықтай жасалған. Яғни, Еліміздегі ғылым саласының әлеуеті зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жан-жақты қолдауының арқасында ғылым саласында оң өзгерістер орын алып жатыр. Ең алдымен, ғылымды республикалық бюджетпен қаржыландыру жыл санап артып келеді. Бұл – отандық ғылымның дамуына үлкен серпін берері сөзсіз.
Тағы бір маңызды жайт, ғылымға бөлінер гранттар саны мен түрлері артты. Сондай-ақ докторанттардың стипендиясы 80%-ға өсіп және бұдан былай олардың жыл сайын 15%-ға артып, қазірдің өзіне шәкіртақы есебі 260 мың теңгені құрайды.
Тағы бір ғылымның қуанышты жаңалығы – жыл сайын 50 үздік ғылыми қызметкерге 5 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындалуда.
Алайда ғылымға көптеп көңіл бөлгенмен, оған қызығушылар саны аз екенін жасырмаған жөн. Дәл осы тұста Әл-Фараби бабамыз «Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр» деуі өте орынды. Ақиқатын айтар болсақ, қазіргі уақытта елімізде ғылымды дамыту мен ғалымдарды қолдауға қатысты нақты, жүйелі саясаттың болмауы және оны тиімді басқаратын құзырлы құрылымның жоқтығы ғылымның әлеуетін айтарлықтай әлсіретіп жіберді ме? Әрине, бұл көкейтесті сұрақтың жауабы кім-кімге де қызық.
Дүние жүзінде әрбір 1000 адамның біреуі ғалым, ал Қазақстанда 2500-дің біреуі ғана ғалым. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Әрине ғалымның саны ғылым сапасының негізгі көрсеткіші емес. Ғалымның деңгейі мен оның ғылыми жұмыстарының нәтижесі дүниежүзілік атақты журналдарға шыққан мақалаларымен, сол мақалаларға басқа ғалымдардың сілтеме жасау санымен бағаланады. Алайда төккен тері мен ашқан жаңалықтарына қомақты қаржы берілмейтіні қазақ жас ғалымдарын артқа тартатыны тағы бар.
Маңызы мәселенің жауабы – ғылымның пайдасы. Ашқан авторға емес, халыққа тигізер көмегі мен елімізге, шаруашылығымызға әкелетін пайдалы әсері, яғни, енгізетін жағымды жаңалығы.
Ғылымнан жақсы нәтиже алу үшін зерттеушілер қатары көп болу керек. Дәл осы тұста айта кетерлігі, кезінде сол Сәтпаевтан бастау алған ғылым қазіргі таңда неге төмен қарқында. Бұл жастардың тек өзіне тиер бас пайдасын ойлауында ма? Керісінше ғылымда қалар аты дүркін «ғалым» статусы соншалықты төмен бе?
Ғылымнан жаңа әрі жақсы нәтиже алу үшін зерттеушілер қатары көп болуы керек. Сонда бәсекелестік артып, көптің біреуі зерттеуге қызыға кіріссе, алдына қойған мақсатына жету кезінде ғылымда жаңалық жасалуының ықтималдығы артады. Демек, санның сапаға айналуы үшін ғалымдар саны арта түсуі тиіс.
Әрине, ғылымды кінәлауға ешкімнің құқығы жоқ. Халыққа берер ұтымы көп ұлы жолда еңбек еткен ғалымдар аты мен жаңалығын ұлықтағанда абзал. Шоқанның шәкірттері Қаныштан қарқын алып, Мұрат Айтқожинге мұрагер атанып жүрген, Асқар Жұмаділдаевтің жолын жалғастырған жас ғалымдар тізімі мен есімдері жетерлік. Соның ішінде қазіргі қоғамда өз ғылымымен, айтар ақылымен танылып жүрген Асқар Жұмаділдаевтің берген бір сұхбатында: «Егер үлкен басшылар ғылым-білімді қолдаса, кейінгілері де соның айналасында жүреді ғой. Баяғыдан қалыптасып қалған саяси жүйе бұл, қайтесің, өзгерте алмайсың. Бірақ жеткілікті қаржы бөлінбей жатыр деп ғылымды тастап кетпейміз» деп баға берді. Бұл дегеніміз ғылыммен айналысып, не оны мүлде таңдамауың тек өзіңе ғана керек сала. Яғни бұл жоолды біреуге сеніп, немесе түсер пайдаға қызығып таңдамаған жөн.
Қазақстан атын әлемге танытып жүрген ғалымдар есімім әрбіріміз білген жөн. Қоғамдағы көп жұрттың бірі білсе, бірі білмес – Темірғали Көкетаевты физика-математика саласының әлемдік ғалымдары жақсы білетіні сөзсіз. Өйткені оған шетелдік ұйымның ұсынысымен 25 жыл бойы зерттеп ашқан «Қатты дененің абсолюттік спектроскопиясы» атты жаңалығы үшін «XX ғасырдың көрнекті адамы» атағы берілген. Бұл – бір ғасырда бір рет қана берілетін атақ.
30 жылдай мықтылардың өзі жауабын таба алмаған есептің шешімін тапқан математикті танисыз ба? Бұл сұраққа барлық оқырман бірдей «иә» деп жауап бере алмасы анық. У.Өмірбаев өзінің табандылығы мен тапқырлығы арқылы еркін алгебрадағы 30 жылдан бері шешілмей келген жапон математигі Нагата проблемасының түйінін тарқатты. Оның осы саладағы зерттеу еңбегіне арналған әлемдік деңгейдегі ғалымдардың пікірі 50 бетке дейін жетіп, математика ғылымындағы беделді халықаралық басылымдардың бірі саналатын Американың математикалық қоғамының арнайы журналына жарияланды.
Еуропалықтарды ғылымда, соның ішінде медицина ғылымында мойындату жеңіл шағылатын жаңғақ емес екені белгілі. Туған жерден бастау алған ғылымға деген қызығушылық Жанар Төребаеваны «Франция медицинасының докторы» атағына иелендірді. 100 дәрігер ішінен суырылып, жүздіктер ішіндегі ең үздігі ретінде оның еңбегі алға шығып, бірінші орынды иемденген жүлдегердің есімі Францияның заң газетінде жарияланған.
Ғалымдарды дәріптер тұста Аралдық атанған ғылым жолының парасаттыларын да ұлықтағанды жөн көрдік. Олар Рабиға Сыздық, Сәмен Құлбарақов, Бақдаулет Кенжалиев, Жайлаубай Жұбатов, Рысқұл Ойнаров, Жеңіс Сәдуақасұлы, Сағындық Жүрсімбаев, Оразғали Дүйсенәлиев.
Аралда жергілікті жерде жұмыс істеген ғалымдар Жақсыбай Майданов, Жаңаберген Жұмахметов, Толыбай Медетов. Педагогика ғылымдарының кандидаты Өксікбаева Гүлзира, Әміредин Әленов, Аманжол Сақыпұлы.
Осы тұста жерлесіміз, медицина ғылымының кандидаты, білікті маман иесі Жаңаберген Жұмахметовты сөзге тартқан болатынбыз.
– Ғылымға жүрегі жеткенмен, одан әрі тісі батпайтындар көп. Өткен ғасыр жылдарына қарағанда, қазір ғылым саласы қарқынды дамып келеді. Жастарға мүмкіндік өте көп. Білім мен ғылым қуып, шетелге шығуға да, жан-жақты білім алуға да барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, білімің жоғары болса болды. Ал жас ұрпаққа білім беруде Қазақстан еш аянып қалған жоқ. Керісінше, оқимын деген азаматқа қай есікте ашық. Әрине, ең бастысы көп ізденіс керек. Өзім білім алған уақытымда, оны көп байқадым. Қызылорда облысы, соның ішінде айдынды Арал жастары білім мен ізденіске құмар болдық. Біз тура тілмен сөйлегенмен де, майдалап болсада еш жанның көңіліне тимейтінбіз. Содан-ақ бұл біздің өңірдің тәрбиесінің таза тұнған ортасы дер едім. Тәрбие бар жерде білім игеру оңай. Біз ғылымды бизнеске айналдырмауымыз керек. Ол ойыншық емес, ойнасаң емес ойласаң ғана ғылым биіктерін шығып, жаңа беттірін аша аласың. Бұл ғылым саласы жалпы алғанда сөзді емес, іспен дәлелдегенді қажет етер құбылыс. Ойша ойлағаныңды, түйгеніңді қағазға түсіріп, тек қана іс жүзінде іске асырсаң үлкен жетістікке жетесің. Ал құрғақ сөзбен айтып, қолдан келмегенді ауызбен орақ орғызу – бұл ғылымға жат қылық.
Елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтетін «Ғылым күні» – ғылыми зерттеулердің маңыздылығын және оның жалпы ел болашағына қосқан үлесін атап өту мүмкіндігі. Олай болса, ғылым – өміріміздің барлық саласына әсер етіп, қоғамның ілгерілеуі мен әл-ауқатын қамтамасыз ететін өміріміздің ажырамас бөлігі. Ғылым күні – адамзат игілігі үшін еңбек етіп жүрген ғалымдар мен зерттеушілерге құрмет көрсетіп, олардың еңбектері мен жетістіктері үшін алғысымызды білдіретін ерекше дата. Атқарып жатқан қажырлы еңбектеріңіз, тың бастамаларыңыз бен жобаларыңыз, батыл идеяларыңыз бен бірегей зерттеулеріңіз үшін әрдайым халық ықыласы ерекше. Осынау ғылымның шамын жаққан жандарға ізденіс жолында шабыт және толағай табыстар тілейміз!
Нұрай ӘМІРХАНОВА
Фото: egemen.kz