Жемқорлық – елдік пен теңдіктің жауы

«Сыбайлас жемқорлық» деген түсінік мағынасына этимологиялық қарау грек тілінде «corruptio» - «параға сатып алу», «пара» деген мағынаны береді. Рим құқығында сондай-ақ «corrumpire» деген түсінік болған, ол жалпы сөзбен айтқанда «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау, жалғандау, параға сатып алу» деген құқыққа қарсы іс - әрекетті білдірген. Орыс тілінің түсіндірме сөздігі сыбайлас жемқорлықты пара беріп сатып алу, лауазымды адамдардың, саяси қайраткеплердің сатқындығы ретінде сипаттайды
Сыбайлас жемқорлықтың салдарынан мемлекет мүддесі аяқасты болып, қарапайым халықтың құқығы бұзылады. Мұндай жағдайда халықтың билікке деген сенімі төмендеп, қоғамда әділетсіздік орнайды.
Статистикаға сүйенсек, 2024 жылы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты тіркелген қылмыстар саны 5%-ға азайғанымен, ірі көлемдегі қаржы ұрлау фактілері әлі де кездеседі. Transparency International ұйымының дерегі бойынша, Қазақстан 180 елдің ішінде 88-орында тұр. Бұл күресті одан әрі күшейту қажеттігін көрсетеді.
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары бұл бағытта ерекше маңызға ие. Өткен жылы ол «Заңсыз жолмен алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойды. Бұл заңның мақсаты – ұрланған қаражатты мемлекет қазынасына қайтару және әділеттілікті қалпына келтіру.
Президент Тоқаев өзінің бір сөзінде: – «Сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізу – біздің мемлекеттік саясатымыздың негізгі бағыты болып қала береді,»– деп атап өткен болатын.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – әрбір азаматтың міндеті. Әркім өз ісінде адал, әділ болса, қоғамда әділет орнайды. «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» деген ұран әрбір адамның жүрегінде өмір сүруі керек. Тек сонда ғана біз дамыған, гүлденген Қазақстанды көре аламыз.
Сыбайлас жемқорлық – лауазымды тұлғалардың жеке пайдасын көздеп, заң мен тәртіпті бұзу арқылы өз міндеттерін теріс пайдалануы. Ол халықтың мемлекеттік құрылымдарға деген сенімін төмендетеді, экономикалық өсімді тежейді, әділдік пен теңдіктің қағидаларын бұзады.
Бүгінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін елімізде түрлі заңдар қабылданып, арнайы мекемелер жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, ашықтық пен жариялылықты арттыру – осы бағыттағы маңызды қадамдар. Сонымен бірге, халықтың құқықтық сауаттылығын көтеру, жастар арасында адалдық пен әділеттілік құндылықтарын насихаттау да аса маңызды.
Әрбір азамат сыбайлас жемқорлықтың зиянын түсініп, оған қарсы күресуді өзінен бастауы керек. Тек қана әділ қоғам құру арқылы біз жарқын болашаққа қол жеткізе аламыз. Адалдық пен әділеттілік – кез келген мемлекеттің берік іргетасы.
Сыбайлас жемқорлықсыз ел – жарқын болашақтың кепілі!
М. КАЛЕНОВА,
Аудандық мәдениет үйі
№1 «Ақжелкен» мәдени-демалыс
кешен ұйымдастырушысы
Фото: www.gov.kz