Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаз ұлағаты ұмытылмайды

Ұстаз ұлағаты ұмытылмайды

Уақыт шіркін зымырап өткенімен, жақсы адамның артында қалған мол мұрасы мәңгі жасайды. Игі ісімен ел жадында қалған атпал азамат өмірден өтсе де ұрпақ тәрбиелеп, елеулі қызметімен танылған абзал есімдер ұмытылмайды.
Соған сәйкес жақында "Нұр-Әлем" теннис орталығында Арал аудандық білім бөлімінің, Арал ауданының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің және №220 орта мектебінің, достары мен сыныптастарының ұйымдастыруымен осы мектепте дене шынықтыру пәні мұғалімі болған Әнуар Қуатбекұлы Қуатовты еске алуға арналған үстел теннисінен білім қызметкерлері арасында турнир өтті.
Ауданда денешынықтыру мен спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткен турнир Мемлекеттік Гимннің орындалуымен басталды.
Турнирдің ашылу салтанатына аудандық білім бөлімінің әдіскері Асхат Қожамберлиев, №220 мектеп директорының орынбасарлары Биғазы Қонысбаев, Қуаныш Әбішов, аудандық "Толқын" газетінің бас редакторы Айдар Сайлауов, орынбасары Абай Елешов сөз сөйлеп, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аталмыш мектеп директорының орынбасары Биғазы Қонысбаев:
– Өмірдің өзі күшті болғанымен, қайран тірлік бір күні шарт сынары әмбеге аян. Пендеміз, шіркін, бәрі орнымен, бәрі ретімен болса дейміз ғой. Бүгін кеше ғана арамызда ойнап-күліп жүрген әріптесіміз Әнуарға арнап турнир ұйымдастырылуда. Спортқа бейім Әнуар үстел теннисінен аудандық, облыстық сайыстарға қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп, жүлделі орындарды еншілеген болатын. Әнуар байқампаздық, төзімділік, шыдамдылық, юморлық сезім, мейірімділік, ұйымшылдық, дербестілік, жауапкершілік, көпшілдік, жанашырлық қасиеттерімен ерекшеленетін. Сонысымен де ұжымның да, оқушылардың көңілінен шыға білді. Турнирдің өткізілуі Әнуардың еткен еңбегіне берілген баға деп есептеймін, – деп жылы лебізін білдірді. Осы турнирді ұйымдастыруға ұйытқы болған №14 мектеп-лицейінің мұғалімі Ерсұлтан Үмбетқазиев та әріптесі әрі досы туралы жақсы-жақсы естеліктерін айтты.
Әрі қарай білім саласы қызметкерлерінен құралған командалар арасында өткізілген сайыс жалғасын тапты.Ұйымдастырылып жатқан іс-шара жастардың рухын көтеріп, жеңіске жетуге деген құлшынысын арттырды.
Екі күнге созылған сайыстың нәтижесінде І орын №62 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрдәулет Ордабаевқа бұйырды. Ал ІІ орынды №71 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Руслан Нұрғазиев, ІІІ орынды №220 орта мектептің дене шынықтыру мұғалімі Алтынбек Измағанбетов еншіледі. Жеңімпаз ұстаздар шәкірттеріне білім беруде ғана емес, теннис өнерінің әдісін меңгергенін көрсетіп, спортта мықты екендіктерін аңғартты.
Сонымен бірге "Көрермендер көзайымы" номинациясымен №262 мектеп-гимназиясынан қатысқан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Аралхан Төлегенов, "Жас ойыншы" номинациясымен №283 орта мектебінен Әзиев Нұрғиса, "Үздік ойыншы" номинациясымен №14 мектеп-лицейдің Ерсұлтан Үмбетқазиев, "Жігерлі ойыншы" номинациясымен №82 орта мектеп ұстаздары Айдар Әмишаевтар марапатталды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерге Арал ауданының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің тиісті дәрежелі дипломдары, номинациялары және турнирге қолдау көрсеткен отбасы, бауырлары тарапынан қаржылай сый-сияпаттар табысталды.
Сонымен бірге сайыс соңында анасы Гүлзипа Зденова:
– Турнир жоғары деңгейде өтті. Әнуардың осы теннис спортына шәкірттерді баулуда сабақтың құрылымын ұйымдастыру және тәрбие беру, оқыту және міндеттерін сауатты құрастыруда еңбегі ерекше болатын. Осы еңбегін бағалап, құрмет көрсетіп отырған барша ұйымдастырушыларға, еңбекте толағай табыстарға, мақсатта биік шыңдарға жете берулеріңізді тілеймін,– деп алғаусыз ризашылығын білдірді.
Артынша марқұм Әнуардың рухына арналып Құран-хатым жасалып, ас берілді. 
Иә, еңбекқорлығымен аудан абыройын асқақтатып, биіктерден көріне білген әріптесіміз, досымыз, бауырымыз Әнуардың есімі әрбір ұжымдасының, шәкірттерінің есінде мәңгі сақтала бермек.
Дархан Аманжолұлы,
№220 орта мектебінің мұғалімі

03 мамыр 2025 ж. 114 0