23 мамыр – оқушылар үшін соңғы сабақ күні

Орта білім беру ұйымдарында сабақ аптасының бес күндік екенін ескере отырып, 1-10 сынып оқушылары үшін соңғы сабақ күнін 23 мамырда “Білімім — Отаныма” тақырыбында бірыңғай сынып сағаты форматында өткізу туралы ұсыным берілді. 11-сынып түлектері үшін салтанатты шара мектеп әкімшілігінің шешімімен 23-ші немесе 24-ші мамырда мектеп қабырғасында өткізіледі, - деді Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев ОКҚ алаңында.
Ол салтанатты іс-шараны өткізу форматын, қатысушылар құрамын білім беру ұйымдары анықтайтынын айтты.
Сонымен қатар оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес 9 және 11 сынып оқушылары үшін қорытынды мемлекеттік емтихандардың мерзімдері айқындалды.
9-сынып оқушылары үшін қорытынды мемлекеттік емтихандар 2025 жылғы 29 мамыр мен 10 маусым аралығында өтеді деп жоспарланды. Ал 11-сынып түлектері 30 мамыр мен 16 маусым аралығында мемлекеттік бітіру емтихандарын тапсырады, - деді Жұмашев.
Мектеп бітіру аттестаттарын түлектерге тапсыру салтанатын 18-20 маусым аралығында өткізу жоспарланып отыр.