Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр журналистері марапат төрінде

Сыр журналистері марапат төрінде

Сыр өңірінде Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Қанатты қалам – 2025» атты салтанатты шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, аймақтың зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен әр саланың басшылары қатысты.
Айтулы басқосу өңір журналистикасының абыройын арттырып, ақпарат айдынында қалтқысыз еңбек етіп жүрген қалам иелерінің кәсіби біліктілігін, елге сіңірген еңбегін айшықтай түсті. Шара барысында Сыр журналистикасының қалыптасу тарихы, ұлт руханиятындағы орны мен бүгінгі жетістіктері кеңінен сөз болды.
Аймақ басшысы журналистерді кәсіби мерекемен құттықтап, өңірдегі бастамалар мен жаңашылдықтарды халыққа жеткізудегі қаламгерлер рөліне тоқталды.
– Бүгінгі мереке – мерзімді басылымдар мен телеарналарда, ақпараттық агенттіктер мен сайттарда қызмет жасайтын шығармашылық өкілдерінің, журналист жасаған сюжет пен жазған мақаланың техникалық, көркемдік тұрғыдан толыққанды жарыққа шығуына еңбек сіңіретін оператор, дизайнер, режиссер, инженерлердің мерейлі күні.
Сіздер жаңа бетбұрыстар кезеңінде қоғам мен биліктің арасында алтын көпір болып, жұртшылыққа реформалардың маңыздылығын жеткізуде жауапты міндет атқарып келесіздер.
Мереке қарсаңында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Бұқаралық ақпарат құралдарының бір топ қызметкерлерін Ақорда төрінде қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады. Салтанатты қабылдауда жерлесіміз, ақпарат саласында аянбай еңбек етіп жүрген «Qyzylorda» телеарнасының директоры Әмиша Нұрбек Шынтемірұлы «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. Бұл – Сыр журналистикасының бүгінгі беталысына берілген жоғары баға.
Мемлекет басшымыз бірлік пен берекенің, өнер мен мәдениеттің құтты ұясы болған Сыр өңірін алтын бесікке теңеп, айрықша бағасын берген еді. Осыдан 100 жыл бұрын Қызылорда еліміздің тұңғыш астанасы болған тұста әлеуметтің рухани өмірінде ерекше серпіліс жасалды. Тарихи кезеңде республикалық мерзімді басылымдардың барлығы көшірілді. Ұлттық сөз өнерінің майталмандары, Алаш зиялылары Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытов, Сәбит Мұқанов журналистік шеберліктерін шыңдап, халыққа ақпарат тарату ісіне белсене қатысты.
«Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірінің ұлттық журналистика тарихында айрықша орны бар. Қазақ тарихындағы маңызды оқиғалар Қызылорда – ұлт баспасөзі мен журналистикасының рухани астанасы екенін айқын дәлелдейді. Тарихи сәттердің куәсі болған ардагерлеріміз бүгінде ортамызда. «Сыр бойымен» бірге сырласындай өмір сүріп келе жатқан Қазақстанның құрметті журналистері – Шәкірат Дәрмағанбетов, Қайырбек Мырзахметов ағаларымыз бен Рысты Бекбергенова апамыз мерейлі 90 жастың үстіне шықты. Осы газеттерден шыққан шығармашылық өкілдері елімізге танылып, қазақ әдебиетінде өзіндік ізін қалдырды. Олар Асқар Тоқмағанбетов, Жақсылық Түменбай, Тынымбай Нұрмағанбетов, Әскербек Рахымбеков, Асқар Кіребаев, Қази Данабаев, Жолтай Жұмат секілді белгілі ақын-жазушылар.
Аймағымызда Президентіміздің тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен жүзеге асырылған жұмыстарды, игі бастамаларды халық арасында кеңінен насихаттауда қалалық, аудандық басылымдармен қатар «Халық», «Әлімсақ», «Ұстаз мәртебесі», «Тіл сақшысы», «Сыр мектебі» секілді газет-журналдар мен интернет ресурстардағы бірнеше ақпараттық агенттік белсенді қызмет атқаруда.
Сыр өңірінің жылнамасын, Тәуелсіздік шежіресін жасаудағы қажырлы еңбектеріңіз үшін сіздерге зор ризашылығымды, алғысымды білдіремін.
Ақпарат айдынында заман көшінен қалмай, жаңа медианы меңгеріп, елдікті сақтау, азаттықты баянды ету жолында абыройлы қызмет атқара беріңіздер! Мерейлі мерекеде дендеріңізге саулық, шығармашылықтарыңызға шабыт, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! – деді Н.Нәлібаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мереке қарсаңында бірқатар журналистерді Ақордада қабылдап, мемлекеттік марапаттармен марапаттағанын атап өткен облыс әкімі, Сыр журналистикасының көрнекті өкілі, «Qyzylorda» телеарнасының директоры Әмиша Нұрбек Шынтемірұлының «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталуын – аймақ баспасөзінің еңбегіне берілген әділ баға ретінде бағалады.
Мерекелік жиында кәсіби шеберлігімен, ізденісімен көзге түскен журналистер марапат төрінен көрінді. Мемлекет басшысының Жарлығымен облыстық «Сыр бойы» газеті «Руханият» бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Дүйсенбек Беркінбаев «Құрмет» орденімен, республикалық «Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшісі Әлібек Байшүленов пен «Қоғам ТВ» арнасының шеф-редакторы Баян Құлтанова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұдан бөлек, бірқатар тілшілерге облыстың ең жоғарғы марапаты – Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты мен арнайы номинациялар табысталды.
Құрмет төріндегі журналистер қатарында Арал аудандық «Толқын» газетінің тілшісі Күлзипа Зденова облыс әкімінің Алғыс хатымен және «Қанатты қалам – 2025» арнайы марапатымен марапатталды. Сонымен қатар, журналистке арнайы сый-сияпат табысталып, шығармашылық ізденісіне сәттілік тіленді. Бұл марапат – аудандық баспасөзде табанды еңбек етіп жүрген тілшілердің де еңбегі ескерілгенінің айқын көрінісі.
Бүгінде Сыр өңіріндегі қаламгерлер қауымы ел руханиятының шежіресін түзуде лайықты үлес қосып келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді қызметі арқылы ел ішінде жүзеге асқан реформалар, мемлекеттік бағдарламалар, ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталуда.
Өткен жылы облыстық «Сыр бойы» газетінің жарыққа шыққанына 95 жыл толса, биыл «Кызылординские вести», Арал аудандық «Толқын» газеттері де 95 жылдық мерейтойын атап өтуде. Сонымен қатар, Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» басылымына – 90 жыл, Шиелі аудандық «Өскен өңір», Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газеттеріне – 85 жыл, Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің жарық көргеніне 30 жыл толды.
Шара соңында аймақ басшысы барша журналистерге зор денсаулық, сарқылмас шабыт, шығармашылық табыс және ел игілігі жолындағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
Гүлмарал САҚТАПОВА
28 маусым 2025 ж. 90 0