Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жайылманың қарбызы» саудаға шықты

«Жайылманың қарбызы» саудаға шықты

Жаңақорған ауданында «Жайылма» атты ауыл бар. Қаратау беткейде орналасқан атақоныстың аты көршілес елдерге де жақсы таныс. Себебі тәтті қарбызымен танылған. «Жайылманың қарбызы» деген атаудың қалыптасқаны да қашан. Жаз келсе, сол қарбызды көпшілік кәдімгідей күтеді.
Әйтсе де әуелі Түркістан облысының қауын-қарбызы саудаға шығады. Алғашқы өнімді тұрғындар тұтына бермейді. Өйткені құрамында нитраттар мөлшері шамадан тыс болады деп үрейленеді. Тиісті сала өкілдері арнайы зертханадан өткізгенде зиянды заттар анықталуда. Сол себепті жергілікті тұрғындар «Жайылма қарбызы» піскенін, базарға түскенін тосады. Бұл үрдісті саудагерлер де біліп алған.
Тіпті базбіреулер «Жайылманың қарбызы» деп саудалайтын көрінеді. Бұл жөнінде Жаңақорған ауданы әкімінің баспасөз хатшысы әлеуметтік парақшасында арнайы жазба қалдырды.
«Қызылорда қаласында саудагерлер «Жайылманың қарбызы» деп сатып жатыр екен. Бұл жалған. Өнім Ташкент немесе сол маңдағы Жетісай жақтың қарбызы екені айдан анық.
Біріншіден, Жайылмада немесе көрші ауылдарда қарбыз әлі толық піскен жоқ, екіншіден, піскен күнде де ең бірінші шаруалар қарбызды тонналап сыртқа сатады. Егін алқабынан жүздеген жүк көлігі кезекке тұрып алып кетеді. Алушылар нақты ақшаға сол бақша басында-ақ есептеседі.
Таудың суын ішкен қарбыз өзгелермен салыстыруға келмейді, өте дәмді болады. Ерекшелігін айту қиын енді» деп келтірді ол.
Сонан бері арада біршама уақыт өтті. Жақында «Жайылманың қарбызы» пісті деген хабар алдық. Ақпаратты нақтылау үшін ауыл әкімі Әліби Бөкеевке хабарласып, анық-қанығына көз жеткіздік.
– Ерте көктемде еңбекке кіріскен диқандар алғашқы өнімін жинады. Бастапқы нәтиже жаман емес. Қарбыз пісіп, базарға түсті. Биыл 500 гектарға егін егілді. Былтыр 510 гектар болды. Қарбыз егумен 12 шаруа қожалығы айналысады. Биыл әр гектарынан 25-30 тонна өнім алынуда.
Бір келісі 50-55 теңгеден. Қазір егін алқаптарында қызу тіршілік. Аптап ыстыққа қарамай, шаруалар өнімдерін өткізуде. Күн сайын қаншама жүк көлігі егіндік басына келеді, – деді ол.
Нұрсұлтан Ходжаев «Мырзатай» шаруа қожалығының төрағасы. Жиырма жылдан бері егіншілікпен айналысады. Биыл шаруашылық 80 гектар жерге қауын-қарбыз еккен. Шаруашылықта 30 адам еңбек етеді.
– Сәуір айында егу жұмыстарын бастадық. Ала жаздай иықтан кетпен түспеді. Уақытылы тыңайтқыш себілді. Зиянкестердің алдын алдық.
Арамшөбін жұлып, жапырағы жайқалып өсуін қадағаладық. Су қоры да жеткілікті болып, аптасына бір рет суарып отырдық. Шүкір, еңбек еш кетпеді. Алғашқы өнім мол болды. Гектарына 25 тоннадан жоғары өнім алынуда. Қарбызды алқап басынан алып кетуде. Келісі бастапқыда 50 теңгеден жоғары болса, қазір 40 теңгеден де саудаланып жатыр. Негізінен алып-сатарлар ғой.
Оларда тиісті жеріне жеткен соң өз бағасын қояды. Бізге өткені жақсы. Себебі піскен қарбыз уақытылы жұлынғаны дұрыс. Көбіне Батыс Қазақстан мен Ресейге жөнелтілуде. Сондай-ақ облыс көлемінде де сұраныс жоғары. Сырттан келушілер салмағы 5-6 келіден жоғарысын алады. Үлкен қарбыз 15-20 келі арасында, – дейді ол.
Бейнеттің жемісін көрген абзал. Диқан үшін бұл өте маңызды. 80 күнде жұлуға жарайтын өнім үшін сол күннің бәрі бейнет. Еңбек адал. «Жер – жомарт, жерге сенген ел – жомарт, еңбек еткен ер – жомарт» деген жақсы сөз бар. Осы жолдағы еңбеккерлердің маңдай тері ақтала бергей.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»

syrboyi.kz
Фото. автордан 
12 шілде 2025 ж. 56 0