Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАЛ ЖАЙЫ ДА АЙТЫЛДЫ

АРАЛ ЖАЙЫ ДА АЙТЫЛДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін аса маңызды тақырып – су мәселесіне ерекше тоқталды. Су – тіршіліктің қайнар көзі, экономика мен халық тұрмысының басты факторы.
Соңғы жылдары Қазақстанда жаңа Су кодексі қабылданып, арнайы министрлік құрылды. Дегенмен, еліміздегі су ресурстарының нақты көлемі толық есептелмеген, ал кейбір каналдарда судың 50–60 пайызы далаға кетуде. Ескірген инфрақұрылым мен есепке алу жүйесі бұл жағдайды ушықтыра түсуде. Сонымен бірге суды рұқсатсыз бұрып алу, заңсыз сату сияқты келеңсіздіктер жиілеген. Осыған байланысты Президент бірыңғай цифрлық платформа құрып, жасанды интеллект негізінде су қорын бақылауды ұсынды.
Сонымен қатар Президент Жолдауында «Тағы бір келеңсіз жағдай, бұл – «қара нарықтағы» суды заңсыз сату я сатып алу. Құқық қорғау мекемелері бұл мәселемен айналысуы қажет.
Алайда Аралға қатысты жақсы мысал бар. Әрине, теңіздің тартылуы Қазақстан үшін үлкен қасірет болды. Бірақ одан қорытынды жасалып, теңізді қалпына келтіру үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
Бұл кешенді жұмыс 20 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз жалғасуда. Соның арқасында Солтүстік Аралды сақтап қалдық» делінген.
Арал теңізінің жағдайы – дұрыс жүргізілген саясаттың оң нәтижесін көрсететінін, соңғы жиырма жылда Солтүстік Арал айдыны 36 пайызға ұлғайып, су көлемі екі есеге артты, тұз мөлшері екі есеге азайғанын, бұл – жүйелі жұмыстың жемісі екенін, ал Каспийдің тартылуы – жаңа қауіп деп назарда ұстап, халықаралық деңгейде мәселені көтеріп, көрші елдермен бірлескен бағдарлама әзірлеуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы су саясатына қатысты айтқаны – су мәселесін шешу арқылы елдің әлеуметтік тұрақтылығын сақтау, экономиканы дамыту және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Су тапшылығын еңсеру – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, келешек ұрпақтың тағдыры үшін жасалатын стратегиялық қадам.
 
Қ.МҰХАМБЕТҚАЛИЕВА,
№62 мектеп-лицейінің инженер-технигі
09 қыркүйек 2025 ж. 236 0