Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ажырасу – тағдыр сынағы ма, таңдау еркі ме?

Ажырасу – тағдыр сынағы ма, таңдау еркі ме?

Әрбір отбасы үлкен арманмен, ақ тілекпен құрылады. Дегенмен уақыт өте кей ерлі-зайыптылар түсініспеушілікке, салқындыққа немесе бір-бірінің жанын жаралайтын әрекеттерге тап боп жатады. Үнсіздік көбейіп, жүректер арасындағы көпір қирай бастағанда, ажырасу – амалсыз таңдалатын шешімге айналады.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауына: "Кезінде біздегі «әлеуметтік саланың жанашырлары» толық емес отбасы деген жеңілдікке мұқтаж адамдар санатын ойлап тапқан еді. Соның салдарынан, ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, біз бір кезде бұл көрсеткіш бойынша әлемде «көш бастаған» елдердің қатарына қосылдық. Мұндай мысалдар аз емес. Осылайша, біз өзіміз жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отырмыз. Отбасы мүшелерінің барлығы дерлік нысаналы әлеуметтік көмек пен жәрдемақы алатын болса, жұмыс істеудің не қажеті бар? Турасын айтсақ, әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді." – деген болатын.
Ажырасу әркімге әрқалай әсер етері сөзсіз. Біреуге жан жарасы болса, енді біреуге еркіндік. Бірақ ортадағы бала үшін бұл оқиға қалай әсер ететінін сіз де сезіп тұрған шығарсыз. Олардың ойы мен жүрегінде "неге?" деген жауабы жоқ сауал қалады.Сол себепті ата-ана бала болашағын ойлап, қандай жағдай болса да, махаббат пен қамқорлықты аямай көрсетуі қажет.
– Халқымыз үшін шаырақтың шайқалмауы, туыстық қатынастың беріктігі – ежелден қастерлі ұғым. Жалпы қоғамдық тұрғыдан алғанда, ажырасудың көбеюі отбасы құндылықтарының әлсіреуіне әкеледі деген алаңдаушылық болары анық. Дегенмен бүгінгі заманауи қоғамда адамдардың жеке бақыты мен еркіндігі де маңызды орынға шықты. Арал аудандық АХАТ бөлімінде ортақ балалары, дау жоқ болған жағдайда бірлескен өтініш арқылы неке бұзуға өтініш қабылданады. Сонымен бірге 2019 жылдың 10 желтоқсанына дейінгі неке бұзу туралы тірекелмеген сот шешімдері тіркеледі. Егер екі ортада ортақ балалары, дау болған жағдайда сот арқылы жүргізіледі. Өткен 2024 жылы бұл мәселе бойынша 29 өтініш түскен болатын. Оның ішінде қанағаттандырылғаны, яғни бірлескен өтініш бойынша 15 неке бұзу болды. Ал биылғы жыл басынан бастап 8 өтініш келіп түсті. Оның ішінде, бірлескен өтініш бойынша 10 неке бұзу орын алды. Алдымен ерлі-зайыптылар eGov электронды үкімет порталы арқылы неке бұзуға берлесіп өтініш береді. 1 айдан соң АХАТ бөліміне неке бұзу куәлігін алуға келген уақытта ерлі-зайыптылармен араларындағы некені бұзу себебін жеке-жеке сөйлесеміз. Оларға түсіндірме жұмысын жасап, барынша татуластыруға тырысамыз. Ашуға бой алдырып асығыс шешім қабылдау дұрыс еместігін, әлі де ойлануларына уақыт барын жеткіземіз. Бұл әрекетімізден де оң нәтиже шығып, жастар берген өтінішін қайтып алып та жатады, – деді "Азаматтарға арналған үкімет" МК КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы Арал аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Жанар Шапатжанқызы.
Тағы айта кетерлігі, бүгінде қоғамда түрлі өмірлік коучтар, мотивациялық спикерлер, тренинг жүргізушілер жастардың санасына тікелей ықпал етіп жүр. Олар өз ойларын еркін айтып, өмірге жаңа көзқарас қалыптастыруға шақырады. Бірақ коучтардың кеңесі әрдайым үйлесімді бола бермейтінін естен шығармағанымыз жөн. Кей кезде олар екі жастың некесіне кеңес айту арқылы да әсер етеді. Яғни, кейбір коучтар "ең алдымен өзіңді ойла" деген қағиданы баса айтып, отбасы құндылықтарын екінші орынға ысырып қояды. Ал енді бір коучтар өз өміріндегі тәжірибесін бәріне жарайды деп ұсынады. Дегенмен әр отбасының жағдайы әртүрлі. Сол үшін өзге, яғни үшінші адамның сөзі мен әрекетін тыңдамағанымыз дұрыс. Екі жас бір-бірін тыңдап, қолдау білдірсе ғана отбасы берік болары анық.
Арал аудандық сотының мәліметінше, ажырасу бойынша 2024 жылы 154 талап қою қаралған. Оның 88-нің шешімі шыққан, 1 талап қою өз арызына сәйкес қайтарылған. 65 талап қою қараусыз қалдырылса, оның 60-ы татуласумен шешілген. Биыл 2025 жыл басынан атаулы мәселе бойынша 108 іс қаралса, оның 58-і шешімі шыққан, 1 талап қою соттылығы бойынща жолданған екен. Ал 4 талап қою өз арызына сәйкес кері қайтарылған. Сонымен бірге 48 қараусыз қалдырылып, оның 40-ы татуласумен аяқталған.
Қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналған ажырасу қазіргі уақытта да азаймай тұр. Некеге тұрған әрбір жас отбасы бақытты болуды армандайды, алайда өмірдің шындығы кейде ол арманды жүзеге асырмай жатады. Соңғы ажырасу деңгейінің көбеюі тек екі адамның ғана емес, бүкіл қоғамның ойланатын мәселесіне айналды.
А.НҰРЛАНОВА
24 қыркүйек 2025 ж. 54 0