Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек адамы – елдің айнасы

Еңбек адамы – елдің айнасы

Биыл жұмысшы мамандықтар жылы. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, кәсіптік білім беруді дамытуға және өз ісінің шеберлерінің жолын таңдайтын жастарды қолдауға бағытталған.  
         Өткен аптада техникалық және кәсіптік білім беру күніне байланысты Арал көпсалалы колледждінде мазмұнды әрі тағылымды мерекелік іс-шара өтті. Мақсаты –жұмысшы мамандықтар жылын дәріптеу. Шараны колледж директоры Нұралы Әбішов ашып:
– Еңбек адамын құрметтеу – оның еткен еңбегіне алғысымызды білдіру. Нағыз  білікті еңбек адамының еңбегі ескерілуі тиіс. Кез келген өндірістің, кәсіпорынның жұмысының алға басуы алдымен шебер жұмысшыларға байланысты. Дәнекерлеуші, құрылысшы, электрик, слесарь, аспаз, тігінші, механизатор сияқты мамандықтарсыз ел дамуын елестету мүмкін емес. Сондықтан еңбек адамын дәріптеу – қоғам үшін де, ұрпақ тәрбиесі үшін де аса маңызды. Заман дамыған сайын технология мен өндіріс салаларында шебер мамандардың орны артып отыр.  Қолынан іс келетін азамат – қай кезде де құрметке лайық. Бұл жыл – сол жандардың еңбегі ескеріліп, ерлігі бағаланатын ерекше кезең, – деп жүрекжарды тілегін білдіріп, барша ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтады. Сонымен бірге ұжымның жетістіктері мен тынымсыз еңбегін ерекше атап өтіп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
         Иә, жұмысшы кәсібінің беделін арттырудың маңыздылығы зор. Биылғы жылы ішінде елімізде қолға алған шаруаның бірегейі – техникалық және кәсіби білімге басымдық беру болатын. Жұмысшы мамандар жылын жариялаудың басты мақсаты – осы саланың беделін көтеру, еңбек адамына деген құрметті қалыптастыру және оларды ынталандыру екені түсінікті. Бүгінгі өткізілген шара да тұрмыстың кілті – тек қана еңбекте екенін дәлелдей түскендей.
         Шара тарихи бейнероликпен жалғасып, колледждің қалыптасу кезеңі мен бүгінгі тыныс-тіршілігі көрермен назарына ұсынылды. Мерекеге арнайы шақырылған әлеуметтік серіктестеріміз жылы лебіздерін арнап, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің қоғамдағы маңыздылығын атап өтті. Колледж әкімшілігі атынан оларға Алғыс хаттар табысталып, өзара серіктестік пен қолдау үшін ризашылық білдірілді.
         Бүгінде кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру жұмыстарына мән берілуде. Бұл орайда кәсіби білім беру мекемелері мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық жолға қойылуда. Соған сәйкес колледж ұжымының бірқатар қызметкерлері колледжішілік, аудандық және облыстық деңгейдегі білім басқармасы мен кәсіподақ ұйымдарының алғыс хаттарымен марапатталды. Марапаттарды колледж директоры мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Алтынай Баймбетова табыстап, ұстаздарға арнайы сый-сияпаттар үлестірілді. Мерекелік концерт көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.
Шараның тағы бір ерекшелігі, ардагер ұстаздар колледж ауласында естелік ретінде тал отырғызып, өнегелі дәстүрді жалғастырды. Бұл – еңбекқор болашақ ұрпаққа, еңбек адамына деген құрметін көрсететін айқын белгі.
         Ұйымдастырушылар барша әріптестерге, әлеуметтік серіктестерге және қадірлі қонақтарға шынайы алғыс білдірді.
Гүлнар НҰРЫМБЕТОВА,
Арал көпсалалы колледжінің әдіскері
14 қазан 2025 ж. 84 0