Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Техникалық және кәсіптік білім беру қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аясында іс-шара өткізілді

Техникалық және кәсіптік білім беру қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аясында іс-шара өткізілді

Жұмысшы мамандықтар жылын дәріптеу мақсатында колледжде мазмұнды әрі тағылымды мерекелік іс-шара өтті. Мерекені колледж директоры Нұралы Әбішов ашып, жүрекжарды тілегін білдіріп, барша ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтады. Ұжымның жетістіктері мен тынымсыз еңбегін ерекше атап өтіп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Шара тарихи бейнероликпен жалғасып, колледждің қалыптасу кезеңі мен бүгінгі тыныс-тіршілігі көрермен назарына ұсынылды.
Мерекеге арнайы шақырылған әлеуметтік серіктестеріміз жылы лебіздерін арнап, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің қоғамдағы маңыздылығын атап өтті. Колледж әкімшілігі атынан оларға алғыс хаттар табысталып, өзара серіктестік пен қолдау үшін ризашылық білдірілді.

Сондай-ақ, колледж ұжымының бірқатар қызметкерлері колледжішілік, аудандық және облыстық деңгейдегі білім басқармасы мен кәсіподақ ұйымдарының алғыс хаттарымен марапатталды. Марапаттарды колледж директоры мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Алтынай Баймбетова табыстап, ұстаздарға арнайы сый-сияпаттар үлестірілді.

Мерекелік концерт көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.
Ардагер ұстаздар колледж ауласында естелік ретінде тал отырғызып, өнегелі дәстүрді жалғастырды. Бұл – болашақ ұрпаққа жолданған үнсіз тәрбие мен үлгі. Іс-шараның әсерлі сәттері естелік фотосуреттерге арқау болды.
Барша әріптестерімізге, әлеуметтік серіктестерге және қадірлі қонақтарға шынайы алғысымызды білдіреміз!
Нұрымбетова Гүлнар Бахытханқызы
Арал көпсалалы колледжінің әдіскері 
10 қазан 2025 ж. 312 0