Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмысшы мамандықтары – 65 жылдық колледж тарихының алтын арқауы

Жұмысшы мамандықтары – 65 жылдық колледж тарихының алтын арқауы

Бүгін жұмысшы мамандықтарды дәріптеп, бірнеше буын ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беріп жүрген Арал көпсалалы колледжінің 65 жылдық мерейтойына арналған салтанатты семинар өтті.
Семинарға ауданы әкімінің орынбасары Н. Бохаев, аудандық мәслихат төрағасы Б. Төреахметов, Қызылорда облыстық білім басқармасының директорлар кеңесінің төрағасы, «М.Саламатов» атындағы қызмет және сервис көрсету колледжінің директоры Б. Ахметов пен түрлі әлеуметтік серіктестік ұйымдарының басшылары, ардагер ұстаздар, кәсіпкерлер, колледж түлектері мен студент жастар қатысты.
Шарада алғы сөз алған аудан әкімінің орынбасары:
«Бүгін біз аймағымыздың техникалық және кәсіптік білім беру саласында елеулі орны бар, Арал өңірінің білім мен өндіріс әлеміндегі қарашаңырақтың бірі – Арал көпсалалы колледжінің 65 жылдық мерейтойына арналған маңызды жиында бас қосып отырмыз. Бұл – тек бір білім ордасының ғана емес, бүтін бір өңірдің еңбекқорлығы мен өрлеу жолының шежіресін айғақтайтын ерекше белес. Асқарлы 65 жыл ішінде оқу ордасы мыңдаған техникалық және жұмысшы мамандарын даярлап, ауданымыздың, облысымыздың және тұтас еліміздің өндірістік әлеуетінің артуына зор үлес қосып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялап, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің қоғамдағы маңызын арттырып, жұмысшы кадрлардың беделін көтеруге ерекше басымдық беріп отыр. Бұл – жұмысшы маман иесінің абыройын арттыру, қоғамдағы орнын биіктету жолындағы үлкен қадам. Сіздерді бүгінгі мерейлі сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Білім ордасының мерейі үстем, жастары жалынды, ұстаздары еңселі болсын!», - деп, колледждің тарихи кезеңдерінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі жетістіктерін саралай отырып, қазіргі заманғы инфрақұрылым, заманауи шеберханалар мен зертханалардың мүмкіндіктеріне тоқталды.
Мұнан соң, колледж тарихынан сыр шертетін, еңбекпен өрілген «Ауыл шамшырақтарын түлеткен білім ордасы» атты жылнамалық кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. 5 бөлімнен тұратын бұл кітапта колледждің өткен жолы мен бүгінгі белесі тереңінен қамтылған.
Шара аясында өзара ынтымақтастық пен серіктестікті нығайтуға бағытталған оқу ордасы мен әлеуметтік серіктестер арасындағы ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Семинарда әлеуметтік серіктестікке белсенді атсалысып жүрген мекеме басшылары мен ардагерлер арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Шара одан әрі стундеттердің қолынан шыққан түрлі жобалардың көрмесі мен мерекелік концертке ұласты.

"Толқын" ақпарат 
29 мамыр 2025 ж. 46 0