Аймақтық байқау жеңімпаздары анықталды
«WorldSkills» – «Әлемдік бағыт» деген мағынаны білдіретін әлемнің 80 мемлекетіне таралған Халықаралық қозғалыс. Еліміз бұл қозғалысқа 2014 жылдан бастап енген. Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға және шеберлік дағдыларын дамытуға арналған кәсіби шеберлік конкурсы аудан шәкірттерінің де білімі мен білігін арттыруда елеулі үлес алатыны айқын дүние.
Осы уақытқа дейін де іріктеу кезеңі өткені туралы айтқан болатынбыз. Ал өткен аптада Арал индустриалды-техникалық колледжі базасында техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындары студенттері арасында WorldSkills кәсіби шеберлік байқауының облыстық кезеңі өтті. «Сән технологиясы» мен «Дәнекерлеу технологиясы» құзіреттілігі бойынша өткен бірнеше модульдік кезеңдерді қамтыған байқауда аталған екі құзіреттілік бойынша 21 қатысушы бақ сынасты.
Шараның ашылуына арнайы келген аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов кәсіби білім беруді жаңа деңгейге көтеріп, білім алушылардың бәсекелестігін арттыратын байқау жайлы сөз қозғап, баршы қатысушыға сәттілік тіледі. Сондай-ақ колледж директоры Р.Айназаров та кәсіби білім беруге бағытталған білім ордасының жетістіктеріне тоқтала өтіп, «WorldSkillsKazakhstan– 2023» байқауының аймақтық кезеңіне қатысушыларға зор сенім білдірді.
Тағы бір айта кетерлігі, қаламектептерінің бітіруші түлектері байқаудың ашылу салтанатын тамашалаумен қатар, кәсіби шеберлік додасының басталуына куә болды.
Аталған байқаудың қорытындысында «Сән технологиясы»құзыреттілігі бойынша Абылай хан атындағы жоғары колледжінің қатысушысыЖансая Абдуллаева жеңімпаз атанса, Арал индустриалды-техникалық колледжінің намысын қорғаған Райхан БайзақоваІІ орынды, Сырдария аграрлы-техникалық колледжінің қатысушысыАйымжан Хамитова ІІІ орынды иеленді.
Ал «Дәнекерлеу технологиясы» құзыреттілігі бойынша Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің шәкірті ЕржанСарыбаев қарсыластарынан оқ бойы озық шықса, Арал индустриалды-техникалық колледжінің қатысушысы Саят Мұратбаев пен Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің студенті НұрбақытҚонысбеков сәйкесінше ІІ және ІІІ орындарды қанағат тұтты.
«Толқын» ақпарат