Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » КӘСІПТІК БІЛІМ – ЕҢБЕК НАРЫҒЫНА ЖОЛ, ЕЛ ДАМУЫНА ҮЛЕС

КӘСІПТІК БІЛІМ – ЕҢБЕК НАРЫҒЫНА ЖОЛ, ЕЛ ДАМУЫНА ҮЛЕС

Осы аптада Еңбек күніне орай аудандағы З.Шүкіров атындағы мәдениет үйінде ерекше салтанатпен, жүрек жылуына толы «Кәсіптік білім – еңбек нарығына жол, ел дамуына үлес» атты мерекелік шара өтті.
Бұл күн – болашақтың іргесін қалап, кәсіби маман тәрбиелеу жолында аянбай тер төгіп жүрген ардақты жандардың төл мерекесі. Сонымен қатар, ел болашағын ойлаған дана қарттарымызды да ұлықтаған қос мереке қатар келген тағылымды күн болды.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев арнайы қатысып, адал еңбегімен ел даңқын асқақтатып жүрген түрлі сала мамандарын мерекемен құттықтады.
– Құрметті жерлестер, қадірлі ардагерлер мен ұстаздар! Сіздерді ең алдымен бүгінгі Қарттар күні және алда келе жатқан ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі шара 2 қазан – Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлері күніне арналғанғанмен осы саланың алдыңғы және қазіргі буын өкіліне ортақ мерекелермен ұштасып тұр. Осы мерекені он күндік марафон ретінде атап өткен Арал индустриалды-техникалық колледжі бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің біртұтас миссиясын және құндылықтары мен ортақ бірегейлігін өз деңгейінде атап өтті деп есептеймін. Тәуелсіз ел болашағы – жас ұрпаққа сапалы білім, өнегелі тәрбие берудегі жасампаз еңбектеріңіз әрқашан нәтижелі болып, абыройларыңыз асқақ болсын. Сіздерге шығармашылық толағай табыс, отбастарыңызға амандық тілеймін, – деді Нұрмұхамед Омарұлы.
Шарада кәсіптік білім беру саласында адал қызмет етіп, тынымсыз еңбегімен дараланған жандар құрметін төріне озып, аудан әкімінің арнайы алғысына ие болды. 
Сондай-ақ кәсіби мерекеде колледждің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген, қажырлы еңбегімен танылған қызметкерлер де марапат төрінен көрінді. 
Кәсіптік білім мен өндірістік тәжірибені ұштастыруда өз ықпалын тигізіп жүрген әлеуметтік серіктестер де назардан тыс қалмады. Ортақ істі өрге сүйреп, жастардың кәсіби шыңдалуына жол ашқан серіктестер арнайы алғыс хатпен марапатталды.
Көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған тағылымды шарада аудан өнерпаздары ән-жырдан шашу шашты.



Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
02 қазан 2025 ж. 267 0