Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарттарын қадірлеген ел ардақты

Қарттарын қадірлеген ел ардақты

«Қарты бар үй – қазыналы үй» деп бекер айтылмаса керек. Иә, даналықтың кілті болып табылатын қарт ата-әжелеріміздің бүгінгі болашаққа берері мол. Еліміздің алтын діңгегі аталған қарттарымызды құрметтеу – әрбір азаматтың басты міндеті. Иә, әрбір қарт адамның басында қаншама тарихи дүние жатыр десеңізші?! Ол кісілердің жүріп өткен жолы мен істеген істері үлкен ерлік. Қаншама қиындықты бастан өткеріп, бүгінгі бақытты заманға жеткізген қарттарымызды сыйлау біздің перзенттік парызымыз.
Кеше 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай аудандық мәдениет үйінде «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты мерекелік шара өтті. Атаулы шараға аудан әкімі Серік Сермағамбетов қатысып, жиналған көпшілікті мерекемен құттықтады.
– Ардақты ағайын! Сіздерді «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қария – ағып жатқан дария, телегей теңіз іспеттес. Теңіздің тұнығы, дарияның тазалығы қандай болса, бізде өздеріңізді сондай деп білеміз. Бүгінде ата-әжелеріміз әр шаңырақта немере-шөберелеріне өзінің ақылын айтып, тәлімді тәрбиесін беріп, ұлағатты ұғымдарды сіңіріп отыр.
Қарттары бар ел – бақытты ел, байыпты ел. Қай кезде де, небір сын сағатта да халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыз аман болып, ұрпағының қуанышына бөлене бергей! Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр, әулеттеріңізге амандық, ырыс-несібе тілеймін,– деп Серік Сағитжанұлы жылы лебізін білдірді.
Мұнан кейін әр салада табанды еңбек етіп, ауданның дамуына елеулі үлес қосып, қазіргі күні зейнет демалысына шыққан ардагерлер аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік шара барысында сахна саңлағына айналған әнші, актер, аға-әпкелеріміздің мерекеге орай бейнеқұттықтауы көрсетілді. Әрі қарай ауданымыздың күміс көмей әншілері мен мың бұралған бишілердің өнері тамашаланды.
«Толқын» ақпарат
01 қазан 2022 ж. 835 0