Аудан әкімі М. Оразбаевтың Халықаралық қарттар күні мерекесімен құттықтауы

Бүгінгі еліміздің алтын қоры да біздің ардагерлеріміз. Тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы біз үшін аса құнды. Сіздерге қарап, кейінгі ұрпақ жетіліп, жаңа заманға сай сол істерді жалғастыруда. Сіздер әрдайым арамызда ақылшы, кеңесші бола жүріп, ауданымызды дамытуда іргелі істерді бірлесе атқаратынымызға сенімім мол.
Бүгінде ауданымызда 1 Ұлы Отан соғысының ардагері (Жанасов Таужан), 707 тыл ардагері және 7644 зейнет жасындағы абзал қарияларымыз бар.Қазіргі таңда зейнеткерлер мен ардагерлерге жан-жақты қолдау көрсету, үлкенді құрметтеу – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі.Құрметті ардагер ағалар, асыл аналар!Сіздердің әрқайсыларыңыздың ауданның өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер.Бүгінде еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер. Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс-несібе тілеймін! Еңселеріңіз тік, өмірлеріңіз шуақты болып, күш-қуаттарыңыз сарқылмасын!
Ізгі тілекпен аудан әкімі Мұхтар Оразбаев.