Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Индустриалды білімнің игілігі

Индустриалды білімнің игілігі

Біз өз еліміздегі жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп, олардың сұранысқа ие болуын қамтамасыз етуіміз керек. Кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру – мемлекетіміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты жолдарының бірі.
Қасым-Жомарт Тоқаев

2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бұл бастама – ел экономикасын дамытуда техникалық және кәсіптік білімнің рөлін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Ол арқылы Ел Президенті жас мамандардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге баса назар аударды. Осыған орай, білім беру ұйымдары арасында әріптестікті нығайту және тәжірибе алмасу жұмыстары да жандана түсті.
Игі бастамалардың бірі ретінде жақында Арал индустриалды-техникалық колледжі мен Түркістан индустриалды-құрылыс колледжі арасында екі жақты меморандумға қол қойылды. Бұл келісім 2025-2027 жылдарға арналған Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау жөніндегі жол картасының негізінде жүзеге асырылып отыр.
Меморандумның басты мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ғылыми зерттеулерді дамыту, педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру, білім беру қызметкерлерінің саясатын әзірлеу және жүзеге асыру, сондай-ақ студенттердің академиялық мобильділігін қамтамасыз ету. Келісім екі оқу орны арасындағы әріптестік техникалық білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Оның аясында колледж білім алушылары 2024-2025 оқу жылында өндірістік іс-тәжірибеден өтіп, оқу бағдарламалары заман талаптарына сәйкестендіріліп, білім сапасын арттыруға бағытталған бірлескен жобалар жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, келіссөздер нәтижесінде білім алушылардың кәсіби шеберліктерін жетілдіру, оларға еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды қалыптастыру бойынша нақты шаралар белгіленді.
Бүгінгі таңда ел экономикасының көптеген салаларында жоғары білікті мамандарға деген сұраныс артып келеді. Құрылыс, индустрия, инженерия, өндіріс және ауыл шаруашылығы сияқты маңызды секторларда кәсіби кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде. Бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін күшейту, оны заман талабына сай жаңғырту.
Арал индустриалды-техникалық колледжі мен Түркістан индустриалды-құрылыс колледжі арасындағы меморандум осындай игі бастамалардың нақты көрінісі. Бұл келісім – еліміздің жас буынына сапалы білім беріп, олардың кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды құжат.
Жұмысшы мамандықтарын таңдау – бұл болашаққа салынған инвестиция. Қазақстандық жастардың жоғары кәсіби деңгейге жетіп, еңбек нарығында сұранысқа ие болуы – мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі. Жыл аясында қолға алынған осындай ынтымақтастықтар еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына жаңа серпін берері сөзсіз.
Айнұр САЛАМАТОВА,
Арал индустриалды-техникалық колледжінің әдіскері
18 ақпан 2025 ж. 60 0