"WORLDSKILLS KAZAKHSTAN – 2025" Ұлттық чемпионаты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды – Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Бұл жайлы мемлекет басшысы өз жолдауында: "Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз" деп нақты тоқталған болатын.
Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдардың еңбегі, өмірі насихатталып құрмет көрсетіледі. Президент еңбек адамының мәртебесін көтеру маңызды деп санайды. Бұл тұрғыда колледж бітірген жұмысшы мамандықтар орындарының беделін арттыру және мамандардың кәсіптік өсуіне жағдай жасау арқылы елдің тұрақты өсуі мен инновациялық дамуын қамтамасыз етеміз.
Ынталы жастарды жұмысшы мамандықтар мен кәсіптерге тарту бағытында ауқымды жобалар іске асып келеді. Соның бірі 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан "Worldskills Kazakhstan" Халықаралық байқауы. "Worldskills Kazakhstan" – индустриалдық және сервистік мамандықтардың мәртебесін арттыруға бағытталған қозғалыс.
Осы бастама аясында Арал индустриалды-техникалық колледжінде Ұлттық байқау дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Облыстық кезеңге іріктеу мақсатында салтанатты түрде "Жас кәсіпқойлар – 2025" колледж ішілік сайысы ашылу рәсімі өтті. Бұл байқау кәсіби шеберлікті дамытуға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға және студенттердің дағдыларын көрсетуге үлкен мүмкіндік береді.
Іс-шараның ашылуына аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғ.Тоғысова, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Н.Ембергенова, БАҚ өкілдері, жеке кәсіпкерлер, сала мамандары, колледж оқытушылары мен студенттер қатысты.
Ашылу рәсімінде Ғ.Тоғысова сөз сөйлеп: "Баршамызға белгілі, 2014 жылы "Worldskills Kazakhstan" Халықаралық қозғалысына қосылып, 2015 жылдан бастап ұлттық чемпионаттар өткізіп келеді. Бұл сайыс еліміздегі жас мамандардың біліктілігін арттыру, кәсіби дағдыларын шыңдау және ең басытысы, өз болашағына сеніммен қарайтын жастарды тәрбиелеу мақсатында маңызды рөл атқарып келеді. Еңбек пен адалдық жолында сеніммен алға қадам басқан жастарымызды қолдай отырып, осы чемпионат арқылы елімізде кәсіби мамандардың қатарын көбейту біздің ортақ мақсатымыз" деп тілге тиек етіп атап өтті.
Сонымен қатар, ұлттық чемпионаттың колледж ішілік ашылуында Арал индустриалды колледжі басшысы Рақым Айназаров WorldSkills қозғалысының әлемде жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге көмектесетін маңызды құрал екенін айтты. 2023-2024 жылғы сайыс қорытындысымен де таныстырып өтті.
Чемпионат экономиканың негізгі салаларын қамтитын 6 құзыреттілік бойынша ұйымдастырылды. Олардың қатарына «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету», «Сандық бағдарламалық басқару станоктарында фрезерлік жұмыс», «Сән технологиясы», «Графикалық дизайн», «Кірпіш қалау», «Дәнекерлеу ісі технологиясы» құзіреттіліктері арасында өзара сайысқа түсті.
Алғашқы сәттен-ақ үздіктердің үздігі болуға бел буған қатысушылар барын салды. Басты мақсат бақ сынауға емес, бас жүлдеге ұмтылған қатысушылардың жүректерінде жеңіс, көздерінде қобалжу байқалды.
Екі күнге созылған сайыста сынақ күрделеніп, қарқын арта түсті. Жарыс жауапкершілігін сезінген студенттер бар күшін салып, жеіңс биігінде көрінуге ұмтылды.
Бұл білім бәйгесінің берері көп. Теория мен қатар тәжірибе сыналатын сайысқа қатысушы Жанәлі Жұбаев техника саласында тыңнан түрен салуға ниетті.
– Бұл салада мамандар аз. Еңбек жалақысы жоғары, әрі қызығушылығымды арттыра түскен сала. Осы байқау біз сияқты жастарға тегін әрі қолжетімді жарыс алаңы және білім бәйгесі деп жарысқа қатысқанын мақтана жеткізді.
Былтыр облысқа жолдама алып, оң нәтижемен оралғандар да жетерлік. Соның бірегейлері "Дәнекерлеу технологиясы" бойынша Алмат Еділбаев ІІ орын дәрежесі және "Басқарудағы станоктармен токарлық құзыреттілік бойынша Қажымұқан Рахметов ІІІ дәрежелі жүлдесімен көзге түсті.
Сонымен тартысқа толы екі күн артта қалып, төккен тер мен еккен еңбек өз жемісін берді. Ендеше кіл жүректен кім жүйрік екенін қорытындылауда Арал индустриалды-техникалық колледж басшысы Рақым Өтемұратұлы: Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі аясында өткізілген сайыс өз мәресіне жетті. Бұл додада кіл мықтылар бақ сынасты. Осы сайыс арқылы біз биылғы жұмысшы мамандықтар даярлау арқылы, елдегі негізгі саланың тынысына дем бермекпіз" деді.
Жарыс жүлдесін әлеуметтік серіктестік мекемелер мамандары мен арнайы сарапшылар тағайындады. Қатысушылар ендігі облыстық кезеңде бой көрсетіп, білім бәйгесінде бақ сынайды.
Колледжде білім көкжиегін кеңейткен тәлімгерлердің алдағы уақытта қоғамнан өз орнын тауып, оқу ордасында алған тәлім тәрбиесімен мәртебелі мамандықтың жемісін көре беретіндеріне сенім мол.
Нұрай ӘМІРХАНОВА
Сурет: автордан