Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 65 жылдық тарихы бар білім ордасы

65 жылдық тарихы бар білім ордасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі еңбек адамдарына құрметі ерекше екенін жиі айтып келеді. Оларға құрмет көрсету, еңбегін ақпараттандыру, жарыққа шығару, халық арасында насихаттау жайында талай мәрте тілге тиек етті.
Биылғы "Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Қазақстан халқына Жолдауында "Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау керек. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі" дегені де осының айқын көрінісі.
Иә, расында жұмысшы мамандықтар әзірлеп, оқытып шығатын оқу орындарына да бұл үлкен қолдау десек болады. Қашанда жастарды қоғамға қажетті, сұраныстағы мамандықтармен машықтандырып келе жатқан аудандағы кәсіптік білім беретін оқу орнының бірі – Арал көпсалалы колледжі.
Аталған мекеменің тарихы тереңде жатыр. Биыл 65 жылдығын атап өткелі жатқан білім ордасы алғаш 1959 жылы 23 желтоқсанда Арал ауданы Сульфат поселкесінде №169 селолық кәсіптік-техникалық училище болып құрылған. Кейінірек, яғни 1989 жылы экспериментальды-тірек училищесі, 1993 жылы №16 Арал жоғарғы кәсіптік-техникалық лицей, 1998 жылы №2 кәсіптік-техникалық лицейі болды. Бүгінде жарты ғасырдан астам тарихы бар оқу орнының атаулары әр мезгілдерде өзгеріп отырған. 2002 жылы №2 Арал кәсіпті лицейі болып аталды.
№2 кәсіптік лицей Қызылорда облысы әкімдігінің «Кейбір білім беру мекемелерін қайта атау туралы» 2012 жылғы 07 тамыздағы №527 қаулысына сәйкес «Арал көпсалалы колледжі» 2013 жылғы 11 қаңтарда Заңды тұлға мемлекеттік мекемесі болып қайта тіркелді.
«Арал көпсалалы колледжі» мемлекеттік мекемесі Қызылорда облысы әкімдігінің «Кейбір мемлекеттік білім беру мекемелерін қайта ұйымдастыру туралы» 2013 жылғы 30 желтоқсандағы №435 қаулысына сәйкес «Қызылорда облысының білім басқармасының «Арал көпсалалы колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны» болып қайта құрылды. Бұл колледждың қысқаша ғана тарихы.
«Арал көпсалалы колледжі» мемлекеттік мекемесінің негізгі оқу-тәрбие жұмысындағы басты міндеті және стратегиялық міндеттерінің бірі – «ҚР Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» негізге ала отырып, бәсекелестікке және нарықтық экономика жағдайларына төзе білетін білікті да білімді, жоғары сапалы жұмысшы мамандарды даярлау. Мақсатты нәтижеге айналдыра алған колледж білім беру жүйесін заман талабына сай жақсарту және жетілдіру, бір профильді мамандықтардың білім бағдарламаларын сәйкестендіру, дуалды оқыту жүйесін енгізіп, өз бағытын қалыптастырып үлгерген.
Бүгінде мұндағы студенттер автомобиль көлігіне қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану; есеп және аудит, маркетинг, ферма шаруашылығы, электр станциялары мен желілерінің электр жабдықтары, ауыл шаруашылығы техникасын техникалық қызмет көрсету және жөндеу, ауыл шаруашылығын механикаландыру, ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандықтары бойынша білім алып, біліктіліктерін жетілдіріп шығады. Осы мамандықтар бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, типтік оқу жоспарлары, оқу жұмыс жоспарлары, типтік оқу бағдарламалары, оқу жұмыс бағдарламалары бар.
Колледждің жеке ғимаратында мұнан бөлек қажетті жағдай толықтай қарастырылған. Оқу дәрісханалары тиісті компьютерлік қондырғылар және құрал-жабдықтар, акт залы, спорт зал, асхана, медициналық қызмет көрсету бөлмесі ұйымдастырылып, толықтай күрделі жөндеу жасалып, кедергісіз білім алуға мүмкіндік қарастырылған.
Жоғарыда айтқанымыздай Мемлекет басшысының қолдауы білім ошағына жаңа серпін мен табысты еңбектің нәтижесін арттыра түсеріне сенім мол. Бұл мұндағы ұстаздық етіп келе жатқан жандардың да, шәкірттердің де ұмтылысын еселей түседі.
Мереке АРАЛБЕКҚЫЗЫ,
Арал көпсалалы колледжінің арнайы пән оқытушысы,
Экономика және Бизнес магистрі

12 қазан 2024 ж. 138 0