Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАС ТАЛАНТ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КИНОФЕСТИВАЛЬДЕ ТОП ЖАРДЫ

ЖАС ТАЛАНТ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КИНОФЕСТИВАЛЬДЕ ТОП ЖАРДЫ

Бішкек қаласында 24–26 қараша күндері өткен «Миру – Мир» халықаралық студенттік кинофестивалі биыл ерекше маңызға ие болды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған бұл ауқымды шараға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Моңғолия елдерінен келген үздік жас режиссерлер мен сценаристер қатысып, тарихи тақырыптағы еңбектерін көпшілік назарына ұсынды. Фестиваль соғыс жылдарының ауыр тағдырын еске салу, жас буынға бейбітшіліктің құнын ұғындыру, сондай-ақ елдер арасындағы мәдени байланысты нығайту мақсатын көздеді.Фестиваль барысында көрермендер мен қазылар алқасына ондаған қысқаметражды фильмдер ұсынылды. Туындыларда соғыс көріністері ғана емес, сол кезеңдегі адам тағдыры, батырлық, елге деген сүйіспеншілік, ұрпақтар сабақтастығы кеңінен қамтылды. Сонымен бірге фестиваль аясында шығармашылық пікірталас алаңдары, режиссерлермен кездесу, тәжірибе алмасу сессиялары ұйымдастырылып, жас кинематографистер үшін үлкен мүмкіндік берді.
Осы халықаралық додада Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика білім беру бағдарламаларының студенттері өз туындыларын ұсынып, абыройлы көрсеткішпен оралды. Олар түсірген «Соғыстың соңғы куәгері» атты қысқаметражды фильм көрермендердің де, қазылардың да ерекше ықыласына бөленді. Фильмде соғысты көзімен көрген қарияның соңғы естелігі арқылы соғыс тақырыбындағы ауыр эмоционалдық әсер шебер жеткізілген.
Аралдық өрен, жас сценарист Ердос Муатұлы фестиваль барысында өзінің кәсіби шеберлігі мен шығармашылық ізденісін дәлелдеп, «Ең үздік сценарий» номинациясының жеңімпазы атанды. 
Ердостың жеңісі – бүкіл аймақ жастарының рухын көтерер қуанышты жаңалық. Оның сценарийі тарихи оқиғаны заманауи көзқараспен ұштастыра отырып, көрерменге терең ой салатын туынды ретінде бағаланды. Мұндай деңгейдегі халықаралық сайыста жеңіске жету – жас автордың кинематография саласында үлкен әлеуетке ие екенін аңғартады.
Жас талантты шын жүректен құттықтап, алдағы шығармашылық жолында толағай табыс, жаңашыл идеялар және үлкен жетістіктер тілейміз.

Г.МЫҚТЫБАЙҚЫЗЫ
07 желтоқсан 2025 ж. 81 0