«ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚ: ҚАЗІРГІ ТАҢДАҒЫ ҚАУІПТІ ҚЫЛМЫС» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
Бүгін облыстық жастар ресурстық орталығында ҮЕҰ жетекшілері арасында интернет алаяқтықтың алдын алуға арналған «Интернет алаяқтық: қазіргі таңдағы қауіпті қылмыс» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – әлеуметтік желілердегі алаяқтық, жалған сайттар, фишинг, қаржылық алаяқтықтың және т.б. интернет қылмыстарының алдын алу, қоғамның цифрлық қауіпсіздік деңгейін арттыру.Жиында «Бастаманы қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тулепова Мадина Ерғалиқызы модератор болып, интернет алаяқтығының заң алдындағы жауапкершілігі мен қоғамға тигізетін зиянын атап өтті.
Дөңгелек үстелде Қызылорда облысының Полиция департаментінің Киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасының Киберқылмыстарды тергеу бөлімінің полиция капитаны Алмас Балтабайұлы, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Оралбаева Майра Тұрлыбекқызы, «Бастаманы қолдау» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Сапаржанова Жанат Айдарбекқызы, Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының жоғары санатты адвокаты және Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының «Азаматтық қоғам институттарымен жұмыс және жастар бөлімінің» басшысы Бихожаев Ернұр Бауыржанұлы спикер ретінде қатысып, «Цифрлық сауаттылықты арттыру және алаяқтық жағдайларының алдын алу шаралары», «Қаржы пирамидалары», «Лудомания», «Дропперлер» – қоғамға қауіп төндіру деңгейі, «Интернет алаяқтарынан қорғану әдістері», «Алаяқтарға алданып қалған азаматтардың қорғалуы және құқықтары» тақырыптарында баяндамалар жасады.
Шара барысында азаматтық қоғам институттарының жетекшілері өзара пікір алмасып, интернет кеңістіктегі қауіпсіздік мәселелеріне қатысты нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Сондай-ақ, цифрлық сауаттылықты арттырудың маңыздылығын, алаяқтыққа қарсы мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың бірлескен жұмысының қажет екенін атап өтті.
Дөңгелек үстел нәтижесінде интернет алаяқтықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізу, халық арасында түсіндіру шараларын күшейту және ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бойынша бірқатар ортақ бастамалар айқындалды.










