Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Техникадағы төңкеріс

Техникадағы төңкеріс

XXI ғасыр адамзат тарихындағы ең жылдам технологиялық өзгерістер кезеңі болып отыр. Бүгінде жасанды интеллект (ЖИ) ұғымы ғылыми ортада ғана емес, күнделікті өмірде, саясатта, экономикада, білім мен медицинада жиі айтылатын негізгі тақырып. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жасанды интеллект – экономиканың, мемлекеттік басқарудың және адами капиталды дамытудың басты қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Біз бұл үдерістен шет қалмауымыз керек, керісінше, оны өз пайдамызға жарата білуіміз қажет» деп атап өтті. Бұл сөздер жасанды интеллекттің Қазақстан үшін де стратегиялық маңызға ие екенін айқын көрсетеді.
Жасанды интеллект – ақылды машиналарды, әсіресе ақылды компьютерлік бағдарламаларды жасау ғылымы мен әдістерінің жиынтығы. Ол адам ойын түсіну үшін компьютерді пайдалануға ұқсас болғанымен, биологиялық шындыққа дәлме-дәл еліктеумен шектеліп қалмайды. Интеллект немесе ақыл – адамның психикасының сапасы, жаңа жағдайларға бейімделу қабілеті, тәжірибе негізінде оқыту және есте сақтау, абстрактілі ұғымдарды түсіну және оларды қолдану мүмкіндігі. Интеллект – адамның танымдық қабілеттерінің жиынтығы: сезіну, қабылдау, жаттау, елестету және ойлау. Осы қасиеттерді техника арқылы модельдеу идеясы адамзатты көптен бері қызықтырып келеді.
«Жасанды интеллект» терминін ғылымға алғаш рет 1956 жылы америкалық программист Джон Маккарти енгізді. Ол Дартмут колледжінде өткен ғылыми конференцияда осы атауды ұсынып, кейіннен компьютерлік бағдарламалау саласындағы ең алғашқы тілдердің бірі – LISP тілін жасады. Жасанды интеллекттің дамуына қосқан зор үлесі үшін Джон Маккарти өмірінің соңында әлемдегі ең беделді марапаттардың бірі – Тьюринг сыйлығын иеленді. Алайда жасанды интеллект идеясы Маккартиге дейін де болған. Тек ол кезде бұл ұғым қазіргі атаумен аталмаған еді.
Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ағылшын математигі Алан Тьюринг немістердің құпия «Энигма» шифрлау аппаратын бұзуға арналған машина ойлап тауып, соның көмегімен орасан зор әскери ақпаратты ашты. Ол Ұлыбритания үкіметінің неміс әскери-теңіз күштерінің хабарламаларын талдаумен айналысқан «Hut-8» тобын басқарды. Осы жетістіктің арқасында мыңдаған, тіпті миллиондаған адамның өмірі сақталып қалды. Соғыстан кейін Тьюринг өз зерттеулерін жалғастырып, 1950 жылы компьютердің интеллект деңгейін анықтайтын әйгілі Тьюринг тестін ұсынды. Бұл тест бүгінгі күнге дейін жасанды интеллект саласында маңызды өлшемдердің бірі ретінде қолданылады. Алан Тьюрингтің өмірі мен еңбегі «Еліктеу ойыны» атты көркем фильмде кеңінен баяндалған.
XX ғасырдың соңына қарай ғалымдар жасанды интеллекттің ойлау мүмкіндігін шектеулі алгоритмдер шеңберінен шығару мәселесін көтере бастады. Яғни машинаны тек алдын ала берілген командалармен емес, өзін-өзі үйрету арқылы жұмыс істей алатын жүйеге айналдыру мақсаты қойылды. Осы бағыттағы зерттеулердің нәтижесінде қазіргі таңда кең таралған нейрондық желілер пайда болды. Бұл жүйелердің жұмыс принципі адам миының нейрондық құрылымына ұқсас модельге негізделген.
Мысал ретінде күнделікті қолданып жүрген Google Translate қосымшасын алуға болады. Алғашқы кезеңде мұндай аударма жүйелері қатаң алгоритмдерге сүйенді, яғни бір тілдегі сөз екінші тілдегі нақты бір сөзге тең деп қабылданды. Мұндай жүйелер өзін-өзі дамытуға қабілетсіз еді. Алайда соңғы жылдары камера арқылы жазылған мәтінді танып, оны автоматты түрде аудару функциясы енгізілді. Бұл – нейрондық желіге негізделген жасанды интеллекттің нәтижесі. Себебі адамның жазуы, қарпі, сөздерді жазу стилі әртүрлі болады. Мұндай айырмашылықтарды анықтау үшін жүйе күрделі нейрондық әдістерді қолданады.
Анықталуы қиын сөздер мен сандар бірнеше кезеңнен өтеді. Алдымен мәтін камера арқылы жүйеге енгізіледі. Әрбір әріп 2D өлшемді пиксельдер жиынтығы ретінде сканерленіп, нейрондық желідегі жүздеген нейрондар арқылы өңделеді. Кейін ол жүйенің үлкен дерекқорындағы барлық сөздермен салыстырылады. Пиксельдік ұқсастығы жоғары сөз таңдалып, аударма нәтижесі ұсынылады. Бұл процесс автоматты түрде бірнеше секунд ішінде орындалады.
Жасанды интеллект бізге үлкен пайда әкеліп отырғанымен, оған толық сенуге бола ма деген сұрақ та жиі қойылады. Әлем ғалымдарының бұл мәселеге қатысты пікірі екіге бөлінеді. Бір топ жасанды интеллекттің айтарлықтай қаупі жоқ деп есептесе, екінші топ болашақта жасанды интеллектке ие жүйелер адамзат үшін үлкен қатер төндіруі мүмкін деп алаңдайды. 2018 жылдан бері Илон Маск бастаған көптеген сарапшылар жасанды интеллект дамуын қатаң бақылауда ұстау қажет екенін бірнеше рет мәлімдеді. Олардың пікірінше, бұл сала бақылаусыз дамыса, геосаяси және әскери қауіпке айналуы мүмкін.
Бұл алаңдаушылықтың себебі де бар. Себебі әрбір мемлекет әлемде теңдессіз артықшылық беретін технологияны иеленгісі келеді. Сол үшін құпия зертханаларға миллиардтаған қаржы бөлініп отыр. Қытай мен АҚШ жасанды интеллект саласындағы негізгі бәсекелестерге айналды. 2020-жылдардың ортасына қарай Қытай бұл салаға жыл сайын ондаған миллиард доллар инвестиция құя бастады, ал 2030 жылға дейінгі ұлттық жоспарында жасанды интеллектті экономиканың басты қозғаушы күші ретінде белгіледі.
Жасанды интеллекттің тағы бір маңызды әсері – еңбек нарығына ықпалы. Ақпараттық әскерлер мен ақылды дрондардан бөлек, ЖИ адам баласының кейбір жұмыстарда қажетсіз қалуына себеп болуы мүмкін. Мысалы, Amazon компаниясы қоймалық логистикада роботтарды кеңінен қолдана отырып, мыңдаған қызметкердің жұмысын автоматтандырды. Бүгінде компания қоймаларында жүз мыңдаған робот адаммен қатар жұмыс істеп жатыр. Сол сияқты Uber және басқа да көлік компаниялары жүргізушісіз көлік жүйелерін сынақтан өткізуде. Бұл технологиялар толық іске қосылса, миллиондаған адамға жаңа мамандық игеру қажеттілігі туындайды.
Дегенмен футуролог Митио Каку бұл үдерісті апат ретінде қабылдауға болмайтынын айтады. Оның пікірінше, роботтар әлі күнге дейін пайымдау, сыни ойлау және шығармашылық қабілетке толық ие емес. Сондықтан заңгерлік, журналистика, ғылыми зерттеу және күрделі бағдарламалау сияқты салаларда адам рөлі сақталады. Керісінше, жасанды интеллект адамның ауыр және бірсарынды жұмыстардан босауына мүмкіндік береді. Болашақта жұмыс уақыты қысқарып, адам шығармашылықпен айналысуға көбірек уақыт бөле алады.
Футуролог Рэй Курцвейлдің пікірінше, жасанды интеллект Тьюринг тестінен толық өткен сәтте адамзат технологиялық төңкерістің жаңа кезеңіне қадам басады. Кейбір болжамдар бойынша, бұл жағдай 2029-2030 жылдар шамасында орын алуы мүмкін. Қазіргі таңда әлемде бірнеше мыңдаған компания жасанды интеллектті дамытуға белсенді түрде атсалысып жатыр. Дегенмен адам деңгейіндегі әмбебап гуманоид жасау ісі әлі де күрделі мәселе болып отыр.
Қазақстанда да жасанды интеллект біртіндеп дамып келеді. Қазіргі таңда елімізде қолданылып жүрген жасанды интеллект жүйелері негізінен сенсорлық сипатта. Оған бет-әлпетті тану, биометрия, сөйлеуді мәтінге айналдыру, аударма және бейне аналитика сынды құрамдар жатады. Банктер, телекоммуникация компаниялары және бөлшек сауда желілері бұл технологияларды белсенді пайдалануда. Kaspi, Halyk, Jusan банктері цифрлық сервистер мен клиентке қызмет көрсету жүйелерінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен енгізіп отыр.
2024-2029 жылдарға арналған Қазақстанның жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасы аясында ұлттық ЖИ платформасын құру, Smart Data Ukimet жүйесін дамыту және мемлекеттік қызметтерде жасанды интеллекттің үлесін арттыру көзделген. Президент Жолдауында бұл бағыт елдің цифрлық егемендігін нығайтудағы маңызды қадам ретінде атап өтілді.
Аудан жастарының ЖИ жұмыстарынан тыс қалмай, замануи технологияны меңгеруіне үлес қосып келе жатқан бірден-бір мекеме – аудандық Оқушылар үйі. Бала дамуына оң әсер етіп, бойындағы талантын одан әрі дамытуға жол ашатын өнер ордасындағы «IT әлемі» үйірмесінің қосымша білім беру педагогі Шолпан Молдабаева өз ісі турасында:
– Қазіргі жаһандану дәуірінде ақпараттық технологиялар білім беру саласының ажырамас бөлігіне айналды. Осы бағытта оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру, логикалық ойлауын дамыту және заманауи технологияларды тиімді қолдануға үйрету мақсатында аудандық Оқушылар үйінде «IT әлемі» үйірмесі жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді.
Биылғы оқу жылында үйірмеде қала мектептерінен 60-қа жуық бала тұрақты түрде сабаққа қатысып, ақпараттық технологиялар саласында білімдерін жетілдіруде.
Үйірме сабақтары барысында оқушылар тек теориялық біліммен шектелмей, практикалық жұмыстар арқылы заманауи бағдарламалармен жұмыс істеуді меңгереді. Сабақтарда бағдарламалау негіздері, цифрлық дизайн, жасанды интеллект элементтері және заманауи IT-құралдар кеңінен қолданылады.
Атап айтқанда, Python бағдарламалау тілінің негіздерін, Canva платформасында графикалық дизайн жасауды, Google құралдары арқылы бірлескен жұмыс жүргізуді, жасанды интеллект бағдарламалары (AI генераторлар, мәтін, сурет және презентация жасау құралдары) мен веб және цифрлық контент әзірлеу элементтерін меңгереді, – дейді.
Сонымен қатар, үйірме сабағында балаларға жасанды интеллекттің мүмкіндіктері, оны білім беру мен күнделікті өмірде тиімді пайдалану жолдары түсіндіріледі. Оқушылар заманауи технологияларды саналы қолдануға, ақпаратты саралауға және цифрлық өнім жасауға дағдыланады.
Сонымен бірге Оқушылар үйіндегі тағы бір қосымша – «3D & мобилография».
– Бүгінде үйірме жұмысы барысында оқушылар 3D модельдеу бағдарламаларымен жұмыс істеуді үйреніп, өз қиялындағы бұйымдарды компьютерде жобалап, оны нақты затқа айналдыру мүмкіндігіне ие болуда. Сабақтарда кеңістікте ойлау, дәлдік, шығармашылық және инженерлік дағдылар қалыптасады.
Үйірмеде олар қарапайым геометриялық фигуралардан бастап, күрделі макеттер мен тұрмыстық бұйымдардың үлгілерін жасап, 3D принтер арқылы басып шығарады. Әрбір жұмыс – оқушының ізденісі мен еңбегінің нәтижесі. Мұндай тәжірибе балалардың ғылымға, техникаға деген қызығушылығын арттырып, өзіне деген сенімділігін нығайтады, IT, инженерия, дизайн салаларына бағыттап, уақытты тиімді пайдалануға үйретеді, – дейді қосымша білім беру педагогі Нұртуған Орынбасаров.
Қазіргі таңда жас өнертапқыштардың жетістіктері көпшілікке ұсынылуда.
Арал аудандық оқушылар үйіндегі «3D & мобилография», «IT әлемі» үйірмелері – болашақ инженерлер мен дизайнерлерді тәрбиелейтін, заманауи білім берудің жарқын үлгісі. Үйірме жұмысы балалардың IT саласына деген қызығушылығын арттырып, олардың бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына зор үлес қосуда. Осындай үйірмелер арқылы жас ұрпақтың шығармашылық әлеуеті артып, еліміздің техникалық дамуына үлес қосары сөзсіз.
Қорытындылай келе, жасанды интеллект – адамзат үшін тек қауіп немесе тек мүмкіндік емес, ол біздің таңдауымызға байланысты дамитын қуатты құрал. Егер біз оны жауапкершілікпен, адам мүддесін алдыңғы орынға қоя отырып қолдансақ, жасанды интеллект қоғамның дамуына, өмір сапасының артуына және жаңа мүмкіндіктердің ашылуына қызмет етеді. Ал егер бақылаусыз қалдырсақ, ол үлкен сын-қатерге айналуы мүмкін. Сондықтан бүгінгі басты міндет – жасанды интеллектті дұрыс бағытта дамытып, оны адамзаттың игілігіне жарата білу.
Г.САҚТАПОВА
23 желтоқсан 2025 ж. 46 0