Ақиқат пен аңыздың айнасы
Отандық тарихымызды білу үшін ең алдымен, өзің өмір сүріп отырған туған елің мен жеріңнің тарихын жете білу аса маңызды шарт. Себебі, әр азамат өз ата бабасы мен әулетінің, ауыл аймағының ұлттық тарихымыздағы алар орнын, арғы бергі басынан кешірген шежірелі кезеңдері мен танымал тарихи тұлғалары жайлы білу арқылы ғана төл тарихымыздың рухани тамырларынан нәр ала алады. Ежелгі өркениет бесігі саналатын «Алашқа Ана» атанған Сыр елінің, осы Сырдың теңізге құяр төменгі сағасы мен теңізге жапсарлас жатқан өңірлерінде өмір сүріп келе жатқан ата бабаларымыздың тереңнен тамыр тартатын тағылымды тарихы бар. Соңғы кезде қасаң идеология қыспағынан құтылып ата бабаларымыздың шынайы деректерін іздеп зерттеуге және оны жүиелеп жариялауға ден қойып жүрген көкірек көзі ояу зерделі азаматтарымыздың қатары молыға түскеніне ризашылық білдіреміз.Осы орайда біз мақаламызда ұлттық эпикалық поэзиямыздың меруерт маржаны ретінде ұрпақтан ұрпаққа өлмес мұра ретінде қабылданған жыр жауһары «Қыз Жібек» дастанына байланысты кейбір жайларды сөз етпекпіз. Шыны керек, біз Қыз Жібек сынды ұлттық дәрежедегі тарихи тұлғаның Арал өңірінің төл тумасы екенін дәлелдейтін дәйектерге қолымыз оңайлықпен жеткен жоқ.
Өткенімізге көз жүгіртер болсақ, қазақ қоғамында «Қыз Жібек» жыры төңірегінде, ондағы қамтылған оқиғалардың қай кезде, қай өңірлерде болғандығыы мен жыр кейіпкерлерінің шыққан тегі жайлы ғалым, жазушы зерттеушілер арасында ұзақ жылдарға созылған үлкен пікірталастар болып ортақ бәтуалы пікірге келе алмаған жайлардың болғандығы байқалады.
Мәселен, кезінде С.Сейфуллин жырда Ноғайлы руларының ыдырап бөлініп кеткен заманы суреттеледі десе, М.Әуезов оны 17 ғасырға жатқызады. Тіпті, жырдың тарихи дерегі нақтыланбаған, Жібек пен Төлегенде нақты өмірбаян жоқ, ойдан шығарылған деген пікірлер де айтылған. Мәселен сауалнамаға жауап бергендердің ішінде жазушы Ә.Тарази «Олардың өмірде болған, болмағанын білмеймін» деп, ал ғалым С.Қасқабасов «Әйтеуір Қазақ хандығы тұсындағы оқиға ғой!» деп сырғыта жауап бергендері болған. Сондай ақ, Жібектің руы Қыпшақ, ал Төлегенді өлтірген Бекежанды тоқал арғын ішіндегі төменгі Шектілерден деген қате пікірлер айтылып келген. Ең өкініштісі сол, әбден екшеленбей дәйекті дәлелденбей жасалған қате тұжырымдар нәтижесінде өрескел жаңсақ шешімнің шығарылуына негіз қаланған. Сол ұсыныс бойынша Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының қаулысымен «Қыз Жібек» жыры бұдан 518 жыл бұрын, яғни 1508 жылы шыққан деген қарар қабылданып кеткен еді. Алайда кезінде әлемдік деңгейде атап өтілер жыр жауһарына түрлі себептермен өз дәрежесінде аса мән берілмеген.
Сондай ақ, дүниежүзілік классикалық шығармалар қатарына енген махаббат дастанының Е.Брусиловскийдің операсы мен қазақ киносының брендіне айналған атышулы фильмде қалай бұрмаланғаны жайлы әдеби мұраның жанашыры С.Қарамендиннің «Бекежан да бір арыс» деген мақаласынан жауап ала аламыз. Онда автор «Өз басым академик жазушы Ғ.Мүсіреповке "Сегіз сері" шығарған «Қыз Жібек» жырының бірінші нұсқасын негізге алу керектігін, Бекежанның Арғын елінің адамы емес екендігін, оның Төлегенді өлтірмегенін, өлтірген Кескентерек деген қарақшы екендігін, жырды Жүсіпбек қожаның шығармағандығын еске салып қате кеткен жерлерді өзгертуді ұсынғанмын. Ол кісі маған Бекежанның орнына Кескентеректі жазбақшы болып, Сегіз серіні көрсететін болып уәде беріп еді, бірақ уәде орындалмады» деп жазады. Осылайша қазақ қауымын сан жылдарға жаңылыстырған жыр мазмұнының өрескел бұрмалануы академик жазушы Ғабит Мүсіреповтың «Гакку» киноповесінен бастау алған сыңайлы. Оның себебін қазір ешкім дөп басып айта алмайды. Мүмкін, кино түсірушілердің кейінгі естеліктері де айтылатындай фильмнің басты роліне түсуге үміткерлер арасындағы болған аса күшті бәсекелестіктің салқыны тиді ме екен?
Ұлы адамдардың басында да пенделік қателіктерінің болуы әбден мүмкін. Ғабең де кейін сол қателігін түсініп, райынан қайтқан болар, бәлкім. Олай деуімізге белгілі әдебиет сыншысы С.Қирабаевтың естелігінде айтылатын мынадай жолдар түрткі болғанын жасырмаймыз. «Ұлттық кітапханадан «Қыз Жібек» жырының алғашқы басылым нұсқасының әр бетін сызып, қып-қызыл қылып бояп «бұл қарау, мен мұндай кітаптан бас тартамын» деп жазып өз өзіне қарсы шығып ,өз-өзін кекетіп мұқатып, астына Ғ.Мүсірепов деп қол қойғанын өз көзіммен көргенмін. Кітапханаға келген ел көрсін, қатесін мойындап жатқаны ғой деп ойласын дегені болса керек» деп пайымдайды ғұлама ғалым. («Аңыз адам» №5(113) наурыз, 2015 жыл). Өмірде бәрі де болуы мүмкін ғой, тек мақаланың «Әй, Ғабит оттапсың!» деп аталуы ғана оқырманды сан-сапалақ ойда қалдырғаны болмаса.
Иә, жер бетінің ажары да, базары да әйел. Қазақ әйелі қай заманда, қай кезеңде де ұлтымыздың рухани әлемінің байытушысы болғаны талассыз шындық. Сөз орайы келгенде айта кетейік, қазақ әдебиетіндегі әйел образын бейнелеудің хас шебері Ғабит Мүсіреповке байланысты (аруағы кешірсін!) айтылатын белгілі жерлес қаламгер ініміз Ерғали Абдуллаевтың мына бір мақаласынан үзінді келтіре кеткеніміз артық болмас. Онда Ғабеңмен көп араласқан белгілі қазақ жазушысы Әнес Сарайдың жазушының өмірден өтер алдындағы бір кездесуінде болған сұбхат айтылады. Сонда науқас меңдеп, шаршаңқы күйде отырған Ғабең «Әнес, осы сен Кіші жүз бен Орта жүздің шекарасын қайсы жер деп ойлайсың?» деп сұрапты. "Ойбай, Кіші жүз бен Орта жүздің арасында шекара бар ма? Қазақ жүздерінің арасында шекара жоқ қой" депті ол. Сонда миығын тартып «Жоқ, мен рухани шекараны айтып отырмын» деген Ғабең мына әңгімені айтты дейді.
– Аралдан өте бергенде Саксаульская(Сексеуіл) деген бекет бар. Сол бекеттен бері Ғарифолланың әні, ары Жүсіпбектің әні өткен жоқ. Сол екі орта маған Кіші жүз бен Орта жүздің рухани шекарасы сияқты көрінеді, – депті. Күлістік те қойдық дейді. Кейін ойлап қарасам осы жерде бір шындық бар сияқты. Тағы бірде Ғабең маған «Осы сен жазушы Порфильевті білесің бе?» депті. Сол орыс досым бірде маған «Осы сен әйелдер образын көп жазатын қаламгерсің. Бірақ сен осыншама кітап жазғаның мен әйелдерді танымайды екенсің. Сен танысаң мұндай әйел алмас едің. Әйелді Арал мен Қазалының екі ортасынан алуың керек еді ғой!» депті. «Неге олай дедің?» деп сұраса досы оған былай деп жауап берген екен. «Орыстың баспаған жері қалмаған ғой. Бірақ осы екі ортаға олардың аяғы жетпеген еді. Сен осы жерден әйел алғаныңда бағың жанатын еді. Соны ескермегенсің» деген екен. Мұндайды ғибраты мол ойы жүйрік, сезімі сергек шығармашылық өресі биік адам ғана айта алуы мүмкін. Десе де жаратылысы бөлек Ғабеңнің орыс досының қозғау салып айтқан осы әңгімесіне әбден ден қойғаны, соны мақұлдағаны, іштей өзі де бір ой түйгені көрініп тұрса керек. Мүмкін жұбайлық өмірден көптеген қиындықтарды бастан кешірген оның қам көңілінде Аралдың аппақ бір аруын жар етіп алмағанына өкініш те болды ма, кім білсін? Қалай дегенде де қазақ жерінің бар қиырын еркін шарлаған, тіпті Арал өңіріне де талай мәрте жайлы түскен әйгілі жазушының әйел баласының уыздай тәтті ерекшелігі мен айрықша тәлім-тәрбиелілігін осы теңіз жағалауын жайлаған жұрттың ішінен көріп көңілі толқыған шығар.
Тарих шындығы әйтеуір түбінде бір ашылмай қоймайтыны ақиқат десек, бұл күндері «Қыз Жібек» жырына байланысты орын алып келген түрлі бұрмалаушылық деректерді дәйекті түрде талдап, объективтік зерттеулері арқылы қол жеткізіп отырғанымызға шүкірлік дейміз.
Жыр жайлы мағлұматтарға қарасақ кезінде оның 16 нұсқасы болған екен, оның ішінде Мұсабай, Жүсіпбек, Шеге, Қаршыға нұсқалары әрқилы мағлұматтар береді. Десе де сол кезде-ақ жырдың ақиқат деректері жайлы табанды түрде дәлелдеп, объективтік пікірлер айтса да ақиқатқа қол жеткізе алмаған Н.Әбуталиев, С .Қарамендин, М.Есмағанбетов сынды зерттеушілер болмады емес, болды. Алайда олардың дәлелді уәждері кезінде тыңдалмады. Кейінгі жылдары да Ә.Сабырбаев, Н.Жүсіп, сондай-ақ жоғарыда аты аталған Е.Абдуллаев сынды жергілікті өлкетанушы қаламгерлердің баспасөз бетінде жарияланған мақалаларынан оқырман қауым дәйекті мағлұматтар алып келеді. Осы қатарға менің алғаш ұстаздық қызмет жолын бірге бастаған құрдас досым Сайлау Абабүкіровтың да есімін құрметпен атар едім. Ол ерінбей, жалықпай іздене жүріп Жібек апамыздың өмір деректері жайлы мол мағлұматтар жариялады. Сырлыбай бидің ұрпақтары жайлы шынайы шежірелік талдаулар жасады, олардың орыс бодандығына қарсы күрес тарихындағы алатын орнына байланыстырып көптеген материалдар жариялады. Сөйтіп республикадағы Қыз Жібек танушы зерттеушілер арасынан өзінің лайықты орнын алды. «Қыз Жібек» жыры жайлы алғаш жаңаша сипаттағы пікірталастар басталған сәттерде менің де шама-шарқымша үлес қосқан кездерім болды. Ең алғаш 2015 жылы Ақтөбе қаласынан шығатын республикалық «Қазақия» апталық басылымында жарияланған «Қыз Жібек жырының шындығы қайсы?» деген мақалам көптеген оқырмандардың қызығушылығын тудырып, хабарласқандар болды. Бұл «Қыз Жібек» жырына байланысты жұртшылық арасында ой-пікір талқысының енді ғана басталған кезі болатын.
Содан соң 2016 жылы Қызылордадан шығатын «Әлімсақ» республикалық әдеби-тарихи журналының 1 санында да өзімнің іздене жүріп тапқан соны деректерімді жинақтап, көпшілік талқысына тағы ұсындым. Сол кезде белгілі түркітанушы ғалым ініміз Серікбай Қосан «Аралдық оқырманымыз Қуатов Үргенішбайдың «Қыз Жібек» жырының тарихи шындығы қайсы?» атты өзінше жазып талдау жасаған мақаласы жарық көрді. Бұрын-соңды айтыла қоймаған деректерді ретімен, жөнімен қолданып, жинақы етіп көрсетілген мақаласы жарияланғаннан кейін көзі қарақты азаматтар арасында пікірлер туындай бастады.Шындығында, жырдың тарихи шындығы қайсы?" деп мақалама талдау жасап өз ой пікірлерін жариялаған болатын.(« Әлімсақ» 2016 жыл ақпан).
Ел болатын жұрт алдымен өзінің тарихын түгендейді. Сол тарихымыздағы көрнекті тұлғаларымызды білмесек, болашығымыз бұлыңғыр болып, өркениетті елдер қатарына ешқашан қосыла алмаймыз. Сол себепті тарихқа қиянат жүрмейді, ең алдымен жырдағы баяндалатын тарихи оқиғалардың қай кездерде болғандығын, ондағы негізгі кейіпкерлердің өмірде болған не болмағандығын анықтау үшін алдымен Кіші жүз руларының тарих қойнауларындағы шежірелі тарихына көз жүгіртеміз.
Тарихи деректерге зер салсақ, Жібектің әкесі Сырлыбай Қожасұлы Әлім Шекті елінің айтулы батыры, халқын аузына қаратқан би, ел есінде хан атанған өз заманының көрнекті тұлғасы болған адам. Сол замандарда Шекті жұртының Аралдың қазіргі Ақтөбе облысымен шектесетін Борсық құмдары мен Шалқар, Мұғалжар төңірегін, Ор, Елек суларынан бастап Ырғыз маңын жағалай Қарақұмға дейінгі өңірлерде көшіп-қонып жайлап жүргендігін тарихи мәліметтер растайды. Оған тағы бір қосымша дәлел ретінде айтарымыз, осы өңірлердегі «Сырлыбай сайы», «Мән әулиенің үйтамы», «Қособаның көлі» деп аталатын жер су атауларының әлі күнге дейін сол қалпында өзгерместен айтылып отырғандығын қосар едік. Тарихи мәліметтер Сырлыбай бидің 18 ғасырдың бас кезіндегі қазақ қоғамындағы орын алған көптеген тарихи оқиғаларға белсене араласқан қайраткер тұлға болғандығын айғақтайды. Ол жөнінде біз тарихи әдебиеттерде хатталған дәйекті деректерге сүйенеміз.
Соның біріне тоқталсақ, 1731 жылы 3 қараша күні Кіші жүз қазақтарын Ресей бодандығына кіргізу мақсатында Анна Иоановна патшайымның жіберген елшілігін басқарып келген Тевкелевке Сырлыбай би бастаған Шектілер тарапынан қатты қарсылық көрсетіледі. Алғашқы қақтығыс кезінде оның туыс інісі Жақайым Байғара батыр қапылыста оққа ұшып оның арты бір жылға созылған үлкен дау дамайға ұласады. Өлген адамның құнын талап еткен Шектілердің неден де болса тайынбайтындығынан қатты қауіптенген елші жеке басын қорғап қалу үшін түрлі айла шарғыларға барады. Елші оған құны 50 рубль тұратын сияпат табыс етпекші болады. Сол кезде бұған ашуланған Сырлыбай би өз наразылығын білдіріп «Сендер менің туған бауырымды өлтірдіңдер!» деп 100 рубль алып, оған бағалы киім-кешекпен қоса Тевкелевтің үстіндегі күміс оқалы шекпенін көптің көзінше шешіп алады деп баяндалады. Архивтік құжаттарда солай жазылған. Бұл жанжал келесі жылы да жалғасып, Әбілқайыр ханның араласуымен ғана шешіліп, орыс елшісінің 397 сом 50 тиынға бағаланған құн төлеуімен аяқталады.
Академик М.Қозыбаев бұл оқиға жайлы «Сырлыбай би бастаған Шектілердің Ресей билігінің отарлау саясатына қарсы бағытталған қарсылығын азаттық қозғалысының алғашқы көрінісі» деп баға береді. Кейбір тарихи деректерде Сырлыбай бидің 1660-1740 жылдар аралығында өмір сүргендігі айтылады. Тұран-Аралдық өлкетанушылардың соңғы зерттеулеріне қарасақ, Сырлыбай би Әбілқайыр ханның ұйымдастыруымен іргелеп келген жоңғарлар шапқыншылығына қарсы Қарақұм өңірінде 1711 және 1726 жылдары шақырылған үш жүздің басы қосылған екі халықтық құрылтай жиынына да қатысқан. Бірақ қалай дегенде де оның Қыз Жібек оқиғасы кезінде жасы келіп, мосқал тартып қалған шағы болса керек.
Менің соңғы оншақты жылдан бергі осы тақырыпқа арнаған шығармашылық ізденістерімнің арқасында көпке беймәлім болып келген бірсыпыра тың деректерге кездескен кездерім де болды. Соның бірі – Жібек апамыздың кейінгі тағдыры жайлы мәліметтер. Көпке белгілі, жырда ( фильмде де) Төлегенді Бекежан опасыздықпен өлтіргеннен кейін сүйгенінен айырылған Жібектің қайғыдан құса болып, суға кетіп өлетіні баяндалады. Шындығында бұл – өрескел бұрмалаушылық. Ақиқаты олай емес, Төлегенді өлтірген Бекежан емес, Кескентерек деген зұлым ниет көздеген адам. Қыз Жібек суға кетіп өлмейді. Төлегеннің інісі Сансызбай талай жауды жеңген жорықтардан кейін жеңгесін еліне алып қайтып, қазақтың әмеңгерлік салтымен оған үйленеді. Жібек апамыздың барған елі Жағалбайлы, оның ішінде Бескүрек, оның Ілезі. Өлкетанушылардың берген дерегі бойынша Жібек сұлудың мәңгілік тұрағы Ресейдің Челябі облысының Верхноуральск (бұрынғы Талқала ) ауданы, Ақжайықтың бас жағындағы Хантауы деген жерде жерленген. (Мәліметтер «Егемен Қазақстан» газетінің 2018 жылғы 11 қазан күнгі санында жарияланған «Қыз Жібек келін болып түскен жер» атты мақаладан алынды). Апамыз Сансызбайдан Төсбатыр, Тасбалта деген екі ұл көреді. Төсбатар айтулы батыр болып қалмақтармен соғыста ерен ерлік көрсетіп, тарихта аты қалған адам. Біздің қолымыздағы деректерге қарасақ, Төсбатыр 1723-1725 жылдар шамасында дүниеге келіп, 1769 жылы өмірден өткен.
Тарихи тұлғалардың шынайы өмір деректерін нақтылау тарих үшін керек. Әйтпесе түрлі дәйексіз әңгімелер туындап, ақиқатқа көз жеткізе алмаймыз. Сондықтан жоғарыдағы баяндалған дәйекті деректерге сүйене отырып Қыз Жібек апамыздың 18 ғасырдың бас кезінде, нақтылай айтсақ 1708-1710 жылдар шамасында дүниеге келген көрнекті тарихи тұлға екендігіне тоқталғанымыз жөн сияқты.
Иә, тарих – халықтың жады мен зердесі айшықталған киелі ұғым. Олай болса әр қазақ баласының жүрегінен орын алған Жібек апамыздың жұлдызы Ұлы Дала көгінен мәңгі жарқырай берсін демекпіз.
Үргенішбай Қуатов,
ардагер ұстаз,
Арал ауданының Құрметті Азаматы









